Accessibility links

Талдықорғандық белсенді пәтер бөлуге қатысқысы келеді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

«Әділет» кәсіподақ ұйымы төрайымы Жазира Камолданова.

«Әділет» кәсіподақ ұйымы төрайымы Жазира Камолданова.

Талдықорғандағы «Әділет» кәсіподақ ұйымы төрайымы Жазира Камолданова қала әкімдігімен соттасып жатыр. Азаматтық белсенді тұрғын үй бөлетін комиссияға мүше болғысы келеді.

Сотта Жазира Камолданова мемлекет қоры есебінен тұрғын үй бөлетін комиссия құрамына өзі басқаратын ұйым мүшелерінің не себепті кіргісі келетінін процеске қатысушыларға түсіндіріп берді.

- Мемлекеттік қордан пәтер бөлу процесін баяғыдан бақылап келеміз және шаршы метрлерді заңсыз бөлу фактілерін де талай анықтағанбыз. Пәтер кезегінде тұрған жандар біздің ұйымнан үнемі көмек сұрап келеді. Олар «кезегіміз жылжымайды» деп шағынады, - деп мәлімдеді сотта Жазира Камолданова.

СОТ БАС ТАРТТЫ

Азаматтық белсенді сотқа Алматы облысы мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қаулысын көрсетті. 2014 жылы желтоқсанның 8-і күні шыққан №219 құжатта «пәтерлерді заңсыз бөлудің тоғыз фактісі анықталғаны» көрсетілген. Қадағалау органы осы қаулысы арқылы Талдықорған әкімдігіне заң бұзушылықтарды жойып, азаматтарды заңсыз алған пәтерлерден шығаруға кеңес берген. Бірақ Жазира Камолданованың айтуынша, департамент тапсырмасы әлі орындалмаған.

Әкімдік заңгері Гүлназ Төреханова атқарушы орган тұрғын үй комиссиясы құрамына кәсіподақ ұйымы белсенділерін неліктен енгізе алмайтынын түсіндірді.

Талдықорған әкімдігі заңгері Гүлназ Төреханова. 9 қазан 2015 жыл.

Талдықорған әкімдігі заңгері Гүлназ Төреханова. 9 қазан 2015 жыл.

- Біз комиссия құрамына құрылтайшысы мемлекеттік атқару органдары, яғни әкімдік болып саналатын қоғамдық ұйымдарды ғана кіргізе аламыз. Ал «Әділет» кәсіподақ ұйымын жеке тұлғалар құрған, сондықтан оны комиссия құрамына енгізе алмаймыз, - дейді Гүлназ Төреханова.

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты судьясы Шынар Ргебек тараптардың уәж-дәйектерін тыңдаған соң Жазира Камолданованың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Судья «талапкер шешімнің уәжімен сот қаулысы қолына тигеннен кейін таныса алады» деп түсіндірді.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТІЛЕГІ

Заңгер Рашит Нысанбеков қала әкімдігінде жұмыс істейтін әріптесінің уәжі дұрыс емес деп санайды.

- Біріншіден, қоғамдық ұйымдарды заңды тұлғалер, мысалы әкімдік сияқты мемлекеттік органдар құра алмайды. Кез келген қоғамдық бірлестікті жеке тұлғалар ретінде азаматтар ғана құрады. Екіншіден, талапкер сот шешіміне қатысты жоғары деңгейдегі сотқа шағымдана алады, - дейді ол Азаттыққа берген комментарийінде.

Биыл мамырда ел президені Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 12-съезінде сөйлеген сөзінде «Әлеуметтік дау-жанжалдарды қарап, шешетін қоғамдық кеңестер құру қажет. Ұжымдарға қорықпай бырып, қоғамдағы тұрақтылыққа қатер төндіретін фактілерге қатысты әрекет етіп, тиісті шара қолданып, зиянды үндеулерге тойтарыс беруге әзір болу қажет» деп мәлімдеген.

Жазира Камолданова «біз ел басшысының кеңес- тілектеріне құлақ асып, мемлекеттік органдардағы жемқорлықпен сөзжүзінде емес, комиссия, кеңес отырыстарына қатысу арқылы нақты іспен күрескіміз келеді» дейді. Енді бұл үшін белсенді мен оның әріптестері жоғарғы сотқа дейін шағымдануға ниеттеніп отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG