Accessibility links

Экологтар президенттің сөзіне күмәнданады


Семейдегі ядролық жарылыстан кейін пайда болған "Атом" көлі. 2009 жылдың тамызы.

Семейдегі ядролық жарылыстан кейін пайда болған "Атом" көлі. 2009 жылдың тамызы.

Сейсенбі күні Сеулдегі ядролық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан, АҚШ және Ресей президенттері «Совет одағынан қалған Семей ядролық полигонындағы ядролық қалдықтарды тазарту жобасы сәтті болғанын» айтты. Бірақ қазақстандық экологтар Қазақстандағы радиоактивті қалдықтар тазартылды деген пікірді теріске шығарады.


Қазақстан, Ресей және АҚШ жетекшілері Сеул саммитінің екінші күнінде бірлескен мәлімдеме жасады. Үш елдің президенттері кезінде ондаған ядролық бомба жасауға жететін материалдары болған Семей ядролық полигонын тазарту жұмыстары сәтті жоба болды деп жариялады.

«СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ АЙМАҒЫ ТАЗАРТЫЛДЫ»

Сеулдегі бұл саммит атом бомбасын жасайтын құрылғыларды террористер қолына түсірмеуді мақсат еткен еді.

«Бұл жұмыс аяқталуға жақын қалды. Біз бұны ядролық қауіпсіздік пен ядролық қару таратпау жөніндегі ортақ міндеттемелеріміз бойынша жүргізілген үшжақты ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы ретінде қарастырып отырмыз» деп жазылған үш ел президенттері - Барак Обама, Дмитрий Медведев және Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеул саммитіндегі мәлімдемесінде.
Пентогонның 2000 жылы қабылдаған жобасы бойынша 1949-1989 жылдары Совет Одағының ядролық сынақ алаңына айналған Семей полигонындағы 181 сынақ үңгірі мен 13 дуалды герметизациялау ісі жүзеге асқан.
Жиында Пентогонның 2000 жылы қабылдаған жобасы бойынша 1949-1989 жылдары Совет Одағының ядролық сынақ алаңына айналған Семей полигонындағы 181 сынақ үңгірі мен 13 дуалды герметизациялау ісі жүзеге асқаны айтылған.

Бұл іс АҚШ, Ресей және Қазақстанның радиоактивті материалдарды залалсыздандырып, оқшаулау жөніндегі бірлескен жобасы аясында жасалған.

Ақ үйдің мәліметіне қарағанда, Обама билікке келгеннен бері бұл жоба жоспарланған мерзімнен екі жыл бұрын аяқталып, оның сегіз жылғы құны 150 миллион доллар болған.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕС АЙМАҒЫНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАЛДЫҚ БАР»

Халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков Азаттыққа берген сұқбатында Қазақстан президентінің халықаралық жиында айтқан, «елдегі ядролық қалдықтардың көзін құрттық» деген сөзіне күмәнданды.

«Невада-Семей» қозғалысының белсендісі, эколог Марғұлан Хамиев те АҚШ пен Ресейдің Қазақстанға көмектесіп, Семей ядролық сынақ аймағын тазарттық дегеніне сене алмай отыр.

Марғұлан Хамиевтің айтуынша, «елдегі радиоактивті қалдықтардың радиациялық күші жойылған жоқ, олардың көбісі бірнеше жүздеген жылға дейін сақталады».
Елде ядролық қалдықтарды тіркеу және есепке алу жұмыстары, оның қаншасы қатты қалдық, қаншасы радиоактивті қалдық екенін анықтау іс-шаралары әлі қолға алынған жоқ.
«Қазақстанның экология министрлігімен тығыз жұмыс істегенін» айтқан эколог Мұсағали Дуамбеков «елде ядролық қалдықтарды тіркеу және есепке алу жұмыстары, оның қаншасы қатты қалдық, қаншасы радиоактивті қалдық екенін анықтау іс-шаралары әлі қолға алынған жоқ» дейді.

– Ядролық қалдықтардың көбісі Шығыста – Семей өңірінде, Батыста – Батыс Қазақстан облысында бар. Одан кейін Маңғыстауда, Жамбыл облысында, Шымкент облысында, жалпы, Қазақстанның бес аймағында ядролық қалдықтар бар, – дейді Мұсағали Дуамбеков.

«ҚАЗАҚСТАНДА 43 МИЛЛИАРД ТОННА ҚАЛДЫҚ БАР»

Эколог Мұсағали Дуамбековтің айтуынша, Қазақстанда 43 миллиард тонна ядролық қалдық бар, оның 9 миллиард тоннасы – адам өміріне қауіп төндіретін қалдықтар.

– Соның ішінде радиоактивті деген 300 миллион тонна қалдықты жою үшін бірнеше жылдар мен миллиардтаған доллар қаржы керек болады, – дейді Дуамбеков.
Семей полигоны аймағындағы 118 кеніш пен карьерде 237 миллион тонна қалдық жатыр. Олар жылына 16,5 миллион кюри радиоактивтілік шығарады.
Эколог-ғалым Марғұлан Хамиев «Семей территориясындағы қалдықтар ешқайда кеткен жоқ, бәрі сол жерде жатыр» деп есептейді.

Марғұлан Хамиевтің айтуынша, оның қолында 1992 жылы генерал-полковник Герасимов бекіткен ядролық қалдықтар картасы бар. Сол картада бүкіл қалдықтардың күші қанша уақытқа жететіні айтылған.

– [Семей полигоны аймағындағы] 118 кеніш пен карьерде 237 миллион тонна қалдық жатыр. Олар жылына 16,5 миллион кюри радиоактивтілік шығарады. Сондықтан мен ол аймақта біреулер жұмыс істеді дегенді білген жоқпын. Осыдан бір ай бұрын жаңа министр (қоршаған ортаны қорғау министрі - ред.) Нұрлан Қапаровпен кездесіп, елдегі шынайы экологиялық ахуалды сипаттап берген едім, – дейді ғалым Марғұлан Хамиев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG