Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына «Нұр Отан» партиясынан түседі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл.

«Нұр Отан» партиясы өз көсемі Нұрсұлтан Назарбаевты кезектен тыс президент сайлауына үміткер етіп ұсыну туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Назарбаев сайлауға «Қазақстан-2030» бағдарламасы және халыққа жолдауымен түсетінін мәлімдеді.


Ақпанның 11-і күні Астанада «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезі өтті.

Билеуші партия ұйымының съезінде Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын биылғы кезектен тыс президент сайлауына саяси ұйымның атынан ұсынды.

– Біздің партиямыздың барлық мүшелерінің пікірін айтып тұрғаныма сенімім кәміл, – деді Ерлан Сыдықов өз сөзінде.

Одан кейін сөз алғандардың барлығы да Сыдықовтың ұсынысын бірауыздан қолдап сөйлеп, екі сағатқа жалғасқан жиын барысында президент Назарбаевтың атына мақтау-мадақтаулар айтты.

Жарыссөзді тыңдап болған соң партия атынан сайлауға түсуге келісімін берген Назарбаев «Қазақстан-2030» бағдарламасы және халыққа биылғы жолдауы осы сайлаудағы саяси тұғырнамасы болатынын мәлімдеді.

– Қазақстан халқы қазіргі бағытымызды қолдайтынына сенемін. Бұл ел игілігіне жұмыс істеуге мүмкіндік береді, басталған істің жалғасы. Мені президенттікке кандидат етіп ұсынуды менің бағытымды қолдау деп білемін. Жеңіске бірге жететінімізге сенімдімін, – деп мәлімдеді Назарбаев.

Ол өзіне «халық қолдау танытып, мүмкіндік беретін болса күш-қуаты тұрғанда ел игілігіне еңбек етуге дайын екенін» тағы да қайталады.

Бұған дейін, яғни 2005 жылы өткен президент сайлауында кезекті рет Қазақстан президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет өкілеті 2012 жылы аяқталуы тиіс еді.

Былтыр күзде Қазақстанда президент Назарбаевтың өкілетін 2020 жылғы дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастама көтергендер бүкіл ел көлемінде қызу науқан жүргізіп, бұл ұсынысты қолдаған 5 миллионан астам адамның қолын жинап Орталық сайлау комиссиясына тапсырды.

Алайда президент Назарбаев референдум өткізу идеясынан бас тартып, елде 2011 жылы сәуірдің 3-і күні кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл үшін санаулы күндердің ішінде ел парламенті Конституцияға өзгерістер енгізу туралы тиісті заң қабылдады.

Осы кезге дейін Орталық сайлау комиссиясына президенттікке үміткер болуға өзін өзі ұсынған төрт азаматтан өтініш түсті.

Кандидаттарды ұсыну ақпанның 20-сына дейін жалғасады. Әзірге елде ресми тіркелген тоғыз саяси партияның арасынан «Нұр Отан» партиясы алғашқы болып өз кандидатын ұсынып отыр.

Ал ақпанның 12-і, сенбі күні Алматыда «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өз съезін өткізіп, кезектен тыс сайлауға байланысты ұстанымын айқындамақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG