Accessibility links

Байбекті мысқылдамаған әлеуметтік желі қалмады


Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жастармен кездесуде айтқан кейбір ұсыныстары әлеуметтік желідегі «халық шығармашылығына» шабыт берді.

Жыл басында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындалған 39 жастағы Бауыржан Байбек әлеуметтік желіде танымал адамға айналып барады. Бірақ танымалдықтың себебі оның саяси қызметінде емес, аузынан аракідік шығып қалатын оқыс айтқан сөздерінде жатқан сияқты.

Мысалы, наурыздың 6-сы күні жастармен кездесуі кезінде Байбек су мен жылуды үнемдеу, малшы ауылдың балаларына шетелге бармай-ақ білім алу жолдары жайлы пікір айтқан. Партия төрағасының бірінші орынбасары тұрмыстық-коммуналдық қызметтер үшін тарифтер өскен сайын адамның үнемшіл болатынын атап өткен.

- Мен Германияда оқыдым, ол жақта коммуналдық қызметке тіптен аз ақша шығарып жатқан үйлер бар. Коммуналдық қызмет өкілдері үй иесі өліп қалған болуы мүмкін деп келіп жатады. Дегенмен ол жақта тұратын әжей үнемдеп күн көріп жатқан болып шығады. Алдымен ол ыдысын жуады, кейін сол сумен еден жуады; алдымен балаларын жуындырады, кейін сол суға өздері жуынады. Міне, үнемдеу деп осыны айт , - деген Бауыржан Байбек.
Алдымен ол ыдысын жуады, кейін сол сумен еден жуады; алдымен балаларын жуындырады, кейін сол суға өздері жуынады. Міне, үнемдеу деп осыны айт

«Нұр Отан» жетекшісі тек суға қатысты пікір білдірген жоқ. Ол «адамның дұрыс демалуы үшін жылы емес, суық бөлмеде жатқаны жөн» екенін де атап өтті.

- Германияда әрқашан түнде батареяны өшіріп, суды қойып қояды. Су мұздай бастағанда, жылуды қосады. Үй ыстық болса, таңертең қалжырап, шаршап тұрасың, өйткені суық кезде адам жақсы демалады. Бөлме суық болса, адам денесінің температурасы да түседі. Тепмература түскенде – дене демалады, - деген еді ол.

Бауыржан Байбек бұдан бөлек «жаңа технологияларды дамыту арқылы малшы ауылдың балаларына шетелге шықпай-ақ қашықтан білім алуға болатынын» да атап өтті.

- Кез-келген шопан, мал бағып жүрып жеке-меншік спутнигін, телефоны мен жел арқылы жарығын да ала алады. Яғни жаңа технологиялар арқылы еш нәрсеге байланып қалмайды. Табиғатпен бірге өмір сүріп, күнін көре алады. Оның балаларына шетелге шығып, білім алу міндетті емес, олар қашықтан оқи алады. Бұл әрине тым алыстағы заман сияқты естіліп тұрған шығар, бірақ жаңа технологиялар арқылы біз өзіміз армандап жүрген ішкі жан-дүние тыныштығын қайтара аламыз, - деген сәрсенбі күні жастармен кездескен Бауыржан Байбек.

ЖАППАЙ ҚАҒЫТУ

Бауыржан Байбектің пікірі жарияланған сәрсенбінің кешінен бастап әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды. Көптеген қолданушылар оның сөздерін сынға алып, карикатуралар мен демотиваторлар пайда болды. Асқар Шайғұмаров есімді Facebook қолданушысы неліктен карикатура жариялағанын Азаттық тілшісіне:

- Бауыржан Байбек еш нәрсені айыра алмайтын бала секілді бізге суды үнемдеуді үйретеді. Үкімет мүддесін қорғап отырғаны анық, - деп түсіндірді.

Ол өзінің туындысын – наразылық белгісі деп біледі.


Бауыржан Байбектің, әсіресе, суды үнемдеуге қатысты айтқан сөзі көп сыналды. Бірқатар әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті «монополистердің мүддесін қорғау» деп сипаттады. Соның бірі Мұхтар Нұртаев: «Әуелі ауыз су жеткізіп алсын, барлық елді мекендерге және ішетін суды тазартып алсын. Қызылордада әлі сасық су ішіп отыр, ол да 5 қабатқа көтерілмейді» деп жазған.

Есет Жунусов есімді пайдаланушы: «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деуін-ай. Дұрыс сөз «үнемшіл бол, ысырап қылма» дегенің. Ал «бір сумен бірің бетіңді, ештеңе етпейді, екіншің к...і жу» дегенің қай сасқаның. Бұл тіпті гигиенаға жат емес пе? Жас, жігерлі, білімді, білікті азаматтар өсіп келеді деп біраз адамдар қуанып қалып еді, жарыған екенбіз» деген пікір жазады.

Демотиваторлардың көпшілігінде «Бауыржан балам, рақмет» деп келетін комментариймен Германия канцлері Ангела Меркелдің суреті қойылған.

Gulnur Akhan есімді қолданушы «Нұр Отан» жетекшісінің ұсынысына әйел адам ретінде реакция танытады: «Бауыржан секілді саясаткерді кім қойып жүр билікке? Ыдыс жуған май-май суға еден жуамыз ба? Есі дұрыс па екен өзі?» деп жазады.

«ТІПТІ ЕСІМОВТІҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫН БҰЛАЙ СЫНАМАҒАН»

Бауыржан Байбектің «ауылға жетуі тиіс жаңа технологиялар» туралы пікірі де біраз сөзге түрткі болған. Саясаткер Мұхтар Тайжан өз парақшасында: «Әй, Бауыржан Байбек, жерге түс! Сен алдымен ауылдарда ішетін су мен медицина, тас жол мен электроқуат, газ бен телефон, ұялы байланыс пен интернет қамтамасыз ет! Сосын кейін сайрай бере бер!» деп жазады.

Еркебулан Серіков есімді қолданушы «жана технологиялар туралы айту ұят қой, бiздiң ауылға таза сумен газ берiңдершi. Мекен жайым: Ақтөбе, Мұғалжар, Жұрын ауылы» депті.
Futurist KZ қолданушысының демотиваторы

Futurist KZ қолданушысының демотиваторы


Әлеуметтік желідегі белсенділікті атап өткен Александра Алехова: «Байбек бүгін қай тесікке кірерін білмей қалатын шығар. Әлеуметтік желіде бұлайша ешкімді кекетіп-мұқатқан емес, тіпті Есімовтың қысқа дайындығына қатысты бұлай болмаған» деп жазады.

Дегенмен, мұндай сынға қарсы пікірлер де пайда болып жатыр. Мәселен, Сәкен Нұрқабекұлы есімді Facebook қолданушысы:

«Жерден жеті қоян тапқандай Бауыржан Байбекті сонша желкелеп жатқандарыңды түсіне алмай тұрмын. Бізде судың бағасы тым арзан екені рас қой. Электр қымбат болғанымен су бағасы бізде арзан. Орталық Азия - әлемдегі ауыз суға ең тапшы аймақтардың бірі. Қазір мазақтап күліп отырсыздар. Енді бір жиырма жылдан кейін шынымен де бірінің суына екіншісі шомылып, ішерге су таппайтын жағдайға жетуіміз ғажап емес. Еуропа үнемшілдікті үйреніп жатқанда біз орынсыз ысырап ете беретіндей Құдайдың еркесі емеспіз. Алматыдағы үлкен үйлер бассейннің суын екі күнде бір ауыстырады. Соны бір фильтрден өткізіп қайта пайдаланса ғой, шіркіндер. Немесе автожуғыштардың барлығына өз суын қайта пайдаланатын фильтрді міндеттеу керек. Ауылдарда бір тоқтамай шапшып ағып тұратын колонкалар тағы бар…» деп жазады.

Бірақ мұндай пікірмен көпшіліктің келісе қояр түрі және байқалмайды. Дәл қазір Германияда оқып жатқанын айтқан PhD студент Нұраддин Садықов есімді Facebook қолданушысы:

«Жұлдыз шенеунігіміз келтірген деректерді аз-маз салыстырып көрейік. Рас, мұнда, Германияда суық судың текше метрі біздің теңгеге шаққанда 352 теңгенің шамасында. Ал бізде 41 теңгенің шамасы. Германиядағы орташа жалақы көлемі - біздің теңгеге шаққанда 585 000 теңге болса, біздегі "орташа жалақы" 104 000 теңгенің айналасында. Енді осы орташа жалақыларға тиісінше суық су бағаларын бөлетін болсақ, Германияда 0,06%, ал Қазақстанда 0,04% айналасында болып шығады. Құрғақ цифрларға қарағанда, расында да бізде "арзандау" болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұған қарапайым неміс пен қарапайым қазақтың (қазақстандықтың деп оқысаңыздар да болады) күнкөріс деңгейін, әлеуметтік қамсыздандырылуын, орташа жалақы деңгейінің анықталу шынайылығын, т.б. жер мен көктей айырмашылықтарын салыстыра отырып зерделейтін болсаңыз, біздегі коммуналдық қызмет ақылары қазірдің өзінде қымбат болып отырғандығын анықтау қиын емес.

Олжас Мұхамедиевтің суреті

Олжас Мұхамедиевтің суреті


Мен Баукеңнің халық жаппай тұтынатын су, электр жарығы, жылу сияқты коммуналдық ресурстарды үнемдеу туралы ұсыныстарын қос қолымды көтеріп қолдаймын. Ол кісі бұл жерде "Аюға намаз үйреткен - таяқ" принципін басшылыққа алып отырғаны анық. Бірақ, мен бұл үнемдеу халықтың қалтасына түсу арқылы емес, өзі "жақсы көретін" Германиясындағыдай коммуналдық қызмет көрсету саласына техникалық жаңалықтар енгізу арқылы жүзеге асса деймін...» деп жазады.

Бауыржан Байбек 2013 жылдың қаңтардың 17-сі күні «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол 2009 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін Қазақстан президентінің әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Оны билеуші партия ұжымына «Ол төрт жылда партияның аймақтағы филиалдарын түгел аралап шықты, әкімдердің бәрі оны біледі» деп таныстырған президент Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбек партия қатарына жастарды тартуға ықпал етеді деп сенім білдірген.

1994-1998 жылдары Германияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Бауыржан Байбек 1999-2002 жылдары дипломатиялық қызметтер атқарған. Ал 2002 жылдан бастап Қазақстан президентінің әкімшілігінде жұмыс істеген.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG