Accessibility links

Nur.kz-тің 537 миллион теңге төлеуін де талап еткен


Nur.kz сайтының скриншоты. 1 сәуір 2016 жыл.

Nur.kz сайтының скриншоты. 1 сәуір 2016 жыл.

Nur.kz сайты «авторлық құқықты бұзды» деген айыппен сотқа тартылып жатыр. Ал сайт иелері шағымданушы тарапты «өмірі болмаған қоғам» деп сипаттайды.

Сәуірдің 1-і күні Петропавлдағы (Солтүстік Қазақстан облысы) 2-қалалық сотта Nur.kz сайтына байланысты өтуі тиіс сот отырысы «қосымша құжаттардың қажеттігіне» байланысты кейінге қалды.

Nur.kz-тің иесі Internet Portal Nur жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) Петропавлдағы 2-қалалық сот 2016 жылдың 15 ақпанында шығарған, "ЖШС-ның мүлкі қамауға алынсын" деген сот анықтамасына қарсы арыз түсірген еді. Ол соттың бір жарым ай бұрынғы бұл шешіміне Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамының «авторларымыздың Defacto.kz сайтындағы жариялаған материалдарын Nur.kz заңсыз пайдаланды» деген арызы себеп болған.

«542 МАТЕРИАЛЫМЫЗДЫ ЗАҢСЫЗ КӨШІРІП БАСТЫ»

Шағымданушы тарап –Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамы «Nur.kz порталы Defacto.kz сайтына тиесілі заңгерлік энциклопедияны заңсыз пайдаланып, оларды коммерциялық мақсатта қолданған» дейді. Шағым иелерінің сөзінше, «Defacto.kz сайтына тиесілі 542 мақала Nur.kz-тің «Заңгерлік энциклопедия» бөлімінде жарияланған».

Nur.kz порталында жарияланған барлық контрафакт материалдар алғашқы түпнұсқасында нотариуста скриншот түрінде сақталған

«Nur.kz порталында жарияланған барлық контрафакт материалдар алғашқы түпнұсқасында нотариуста скриншот түрінде сақталған... Өзгертілген материалдар Google мен Yandex іздеу жүйелерінің кэшінде де сақталған. Оларды WayBackMachine сияқты интернет парақшаларының өзгеру хроникасын көрсететін сервистен де көруге болады» дейді шағым иелері.

Солтүстік Қазақстандық авторлық құқықты қорғау қауымы «авторлық құқықтары бұзылғанының» өтеуіне Nur.kz сайты иесінен 537 миллион теңге өтемақы өндіртуді, ол сайттың жұмысын үш айға тоқтатуды, сайт иесінің ол материалдарды жасаған құралдарын тәркілеп жоюды, оған қоса порталдың жұмысын Қазақстан аумағында заңсыз деп тануды да талап еткен.

– [537 миллион теңге талап еткенде] заңға сүйендік. Заңға сәйкес, бір авторлық құқық объектісі, яғни бір мақала үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (1 АЕК – 2121теңге) дейін өтемақы талап ете аламыз. Бірақ біз орташа есеппен есептедік, – дейді Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамының президенті Георгий Сорокин.

«БҰЛАР – БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРҒА АШЫҚ АҚПАРАТТАР»

Nur.kz порталының көбіне иелік етеді деп сипатталатын Internet Portal Nur ЖШС директоры Қуат Бахридинов Азаттық тілшісінің бұл оқиға жайлы сауалына «сот процесін күтейік» деп жауап берді.

– Бізге не [айып] тағып отырғанын көрейік. Сосын өзіміздің дәлел-дәйектерімізді айтамыз. Өмірі болмаған Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамының кім екенін анықтап алайық. Олар өздерінің мүддесін қорғап жүрген қандай да бір заңгерлік фирмаға сілтеме жасайды, – дейді Қуат Бахридинов.

Internet Portal Nur ЖШС директорының «Nur.kz өзге сайттың материалдарын заңсыз пайдаланды» деген айыпқа байланысты уәжі де бар.

«Заңгерлік энциклопедия» бөлімі – мақалалар, кодекстер мен заңдар жинағы.

– «Заңгерлік энциклопедия» бөлімі – мақалалар, кодекстер мен заңдар жинағы. Бұлар – елдің барлық азаматтары мен шетел азаматтарына ашық ақпараттар. Мұның барлығы – сотта талқыланатын мәселелер. Егер олар біздің үстімізден шағым түсірсе, біздің міндетіміз – ешқандай заң бұзбағанымызды немесе ненің интеллектуалды меншік нысанын бұзу-бұзбау болатынын көрсету, – дейді Қуат Бахридинов.

Петропавлдағы 2-қалалық соты өкілдерінің айтуынша, бұған дейін жауапкер тарап – Internet Portal Nur ЖШС істі Алматыға жіберу туралы өтініш айтып, ол өтініш қанағаттандырылған. Жауапкердің мүлкін қамауға алу туралы сот анықтамасына шағымы сәуірдің 5-і күні Солтүстік Қазақстан облыстық сотында қаралады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG