Accessibility links

«Өмір үйреткен» жағымпаздық


Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент күнін атап өту шарасына қатысып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент күнін атап өту шарасына қатысып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл

Кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жағымпаздықты қайдан үйрендің осы?» деген сауалына көп алдында берген жауабын әлеуметтік желіде жаппай талқылап жатыр.

Шілденің 3-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана EXPO-2017» көрме кешенінде болып, құрылыс барысымен танысты. Осы кезде «Астана моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов көрме аумағында салынатын екі қабаттық сауда орталығын макетін көрсетті.

Таныстыру кезінде сауда орталығының «Мега плаза» деген атауына көңілі толмаған Нұрсұлтан Назарбаев басқаша атауға болмады ма деп қалды.

«Мега плаза» уақытша атауы. Егер рұқсат берсеңіз «Нұр-плаза» деп қояйық» деді Нұрлан Смағұлов. Басын шайқап күлген президент Назарбаев: «Мен ол үшін айтып отырғаным жоқ. Осы жағымпаздықты қайдан үйренгенсің?» деп сұрады.

Бір топ шенеуніктермен және бизнесмендердің алдында тұрған Нұрлан Смағұлов: «Өмірдің өзі үйретті» деп жауап берді де, «Нұрландар көп қой» деп пікірін қалжыңға бұрып жіберді.

«СҰРАҚ ТА, ЖАУАП ТА ҰЯТ»

Бір тәуліктің ішінде «өмірдің өзі үйреткен жағымпаздық» туралы Нұрсұлтан Назарбаев пен Нұрлан Смағұловтың арасындағы диалог әлеуметтік желілерде жиі талқыланған тақырыптардың біріне айналып шыға келді. Кей қолданушылар «жағымпаз бизнесменді» айыптаса, кейбірі «жағымпаздықты тудырған президент қалыптастырған жүйе» деп жатты.

Саясаткер Әміржан Қосановтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасына қарағанда «Назарбаевтың сұрағы да, Смағұловтың жауабы да ұят».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Нұрлан Смағұлов (оң жақ шетте) бастаған кәсіпкерлермен кездесіп отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Нұрлан Смағұлов (оң жақ шетте) бастаған кәсіпкерлермен кездесіп отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл

Және бір қолданушы Shabden Dyusengaliev: «Мұғалім оқушыдан өзі берген сабақты сұрады. Оқушының жауабына мұғалім риза болды» деп мысқылдайды. Асхат Оразаев есімді қолданушы: «Жағымпаздықты жүйе үйретті деп айту керек еді» десе, қоғамдық белсенді Айтқожа Фазыл: «Сіз үйреттіңіз» деген жауаптың дәлірек боларына нұсқайды.

Facebook қолданушылардың тағы бірі Asset Asset: «Нұрлан Смағұлов басқа қалай жауап бере алады? Ол (президент Назарбаев – ред.) адамдарды сайқымазаққа айналдырды емес пе» деп санайды.

«НҰРИЗМДЕР»

Қазақстанда президент есімінің бастапқы буынына ұқсас «Нұр» атауы қоғамдық-саяси ұйымдар мен әлеуметтік және бизнес нысандарға жиі қойылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен құрылған «Отан» партиясы 2006 жылы «Нұр Отан» партиясы болып өзгерген. 2008 жылы бірнеше ақпарат құралдарын біріктірген «Нұр Медиа» холдингі құрылды. 2010 жылы «Нұр Отан» партиясы БАҚ үшін «Нұр Сұңқар» сыйлығын тағайындады.

Қазақстандағы ірі банктердің бірі де «Нұрбанк» деп аталады. Астана қаласының «Нұр Астана» аталатын ресторан, тұрғын-үй кешені, мешіті бар. Алматы қаласындағы Египет ислам университеті «Нұр-Мүбәрак» деп аталған болатын. 2011 жылы Египет президенті Хосни Мүбәрак қызметінен тайдырылғаннан кейін бұл атаудан Египет президентінің аты түсіп қалды.

Астанадағы "Нұр Отан" партиясының кеңсесі

Астанадағы "Нұр Отан" партиясының кеңсесі

2008 жылы маусымда парламент мәжілісінің бірнеше депутаты Астана қаласын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынып, мәлімдеме жасаған еді. Астана қаласына Қазақстан президентінің есімін беру жөнінде тағы бір ұсынысты былтырғы шілде айында Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында ғалым Сұлтан Сартаев жасады.

«Нұр» атаулары Астана мен Алматыда ғана кездеспейді, тұтас елге жайылып барады. Мысалы, Ақтөбе қаласының жанынан салынып жатқан ықшам аудан «НұрАқтөбе» деп аталады. Тәуелсіз саясаткерлер мен сарапшылар бұл үрдісті Қазақстандағы автократиялық билік жүйесі қалыптастырған құбылысқа теңеп жатады. Әлеуметтік желілер мен бейресми ортада мұндай атаулар жиі келемежге ұшыраса да, ресми түрде президент Назарбаевтың, я үкіметтің тарабынан сыналған емес.

Ал кешеден бері әлеуметтік желі қолданушылары «нұризмдерді» түйреп өту үшін туған жаңа мүмкіндікті барынша қолданып қалуға тырысып жатыр. Болашақта Алматыда салынуы мүмкін деп хабарланған даулы крематорий құрылысын меңзеген қоғамдық белсенді Айдос Сарым былай деп жазады:

"Жуырда Алматыда болатын оқиға. Крематорий ашылып жатыр. Әкім бизнесмендермен кездесіп отыр. "Мына нысанды қалай атасақ екен?... Смағұлов, сен үндемей отыр!!!!"

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG