Accessibility links

Женева заңгерлері астаналық адвокатқа араша түсті


Адвокат Нұрлан Бейсекеев. Астана, 21 маусым 2012 жыл.
Адвокат Нұрлан Бейсекеев. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

«Благодать» шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевқа үкім шыққан соң, судья оның адвокатын «кәсіби әдеп нормаларын бұзғаны» үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды талап еткен. Астана адвокаттар алқасы мен халықаралық заңгерлер адвокатты жақтайды.

Астананың №2 Алматы аудандық сотының судьясы Гүлжахан Ұбашева шіркеуге келуші әйелдердің бірінің психикасына «қасақана ауыр зардап келтірді» деп айыпталып, төрт жылға сотталған Бақытжан Қашқымбаевтың үкімімен қатар, оның адвокатына жеке қаулы шығарған.

Қаулыда сот процесі кезінде Нұрлан Бейсекеев «кәсіби әдеп нормаларын бұзды, істі негізсіз созды, сотты құрметтемеді» деп жазылған. Судья адвокатты тәртіптік жауапкершілікке тартуды сұраған.

Судья оны «сот өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан кезде айтқан сөздері үшін, сотқа төрағалық етуі тиіс судьядан бірнеше мәрте бас тартқаны үшін, қорғауындағы адамның нұсқауын орындап, сотта оның мүддесін қорғауды тоқтатқаны» үшін жазалауды сұрайды.

Сотталушы Бақытжан Қашқымбаев адвокаты Нұрлан Бейсекеевпен сөйлесіп отыр. Астана, 13 ақпан 2014 жыл.
Сотталушы Бақытжан Қашқымбаев адвокаты Нұрлан Бейсекеевпен сөйлесіп отыр. Астана, 13 ақпан 2014 жыл.

Тамыздың 22-сі күні Женевадағы халықаралық заңгерлер комиссиясы (ХЗК) «сотта Нұрлан Бейсекеев клиентінің мүддесін заңгерлердің қызметіне қатысты халықаралық стандарттарға сәйкес қорғаған» деген мәлімдеме жасады. ХЗК мәлімдемесінде «судьяның қаулысында адвокат Бейсекеев қандай дөрекі мінез жасап, қандай әдепсіз сөздер айтқаны нақты көрсетілмеген» деп жазылған.

ХЗК мәлімдемесінде «Аудандық сот қаулысында аталған әрекеттері үшін Нұрлан Бейскеевті тәртіптік жауапкершілікке тарту мемлекеттің адвокаттардың рөлін құрметтеу және қорғау жөніндегі халықаралық заң міндеттемелеріне қайшы келетіні» айтылған.

Халықаралық заңгерлер комиссиясы мемлекет адвокаттардың «кәсіби міндетін қоқан-лоқысыз, кедергісіз, қорқыту-үркітусіз орындауына жағдай жасауға немесе адвокаттарды олардың қызметіне жөнсіз араласудан қорғауға міндетті, әрі кез келген әрекеті үшін адвокаттарды сот арқылы қудалауға, сот, әкімшілік, экономикалық немесе өзге де санкциялар салуға тыйым қоюы тиіс» екенін ескертеді.

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, Астана адвокаттар алқасы да оның әрекеттерінен тәртіптік жауапкершілікке тартудың заңды негіздерін таппаған.

Аудандық сот қаулысында аталған әрекеттері үшін Нұрлан Бейскеевті тәртіптік жауапкершілікке тарту мемлекеттің адвокаттардың рөлін құрметтеу және қорғау жөніндегі халықаралық заң міндеттемелеріне қайшы келеді.

- Бірақ заң тұрғысынан алғанда, мұндай қаулы шығаруға болады. Жуырда пастор Бақытжан Қашқымбаевтың үкіміне қатысты кассациялық шағым берген кезде ХЗК уәждері негізінде әлгі қаулыға да қарсы жеке шағым түсіремін. Олар келтірген дәйектердің бір бөлігі менің апелляциялық сотқа берген жеке шағымымда көрсетілген. Әлгі қаулымен мүлде келіспеймін, ал оны апелляциялық сотта қарауды заңды өрескел бұзу деп есептеймін, - дейді Нұрлан Бейсекеев.

«Қадір-қасиет» құқық қорғау ұйымының ақпараты бойынша, Нұрлан Бейсекеев тап болған жағдай Қазақстанда бұрын да болған.

Биыл Қазақстанның жоғарғы соты Өскемен қаласында тұратын адвокаттар - Полина Жукова мен Любовь Агушевичті адвокаттық лицензиясынан айырған. Ол кезде де бәрі судьяның жеке шешімінен басталған. Адвокаттар алқасы екеуінің әрекетінен «Адвокаттық қызмет туралы» заң талаптарын бұзу фактілерін таппағанымен, әділет министрлігі адвокаттарды лицезиясынан сот арқылы айырған.

Екі адвокаттың айтуынша, клиентті ақтау туралы сот үкіміне екі рет қол жеткізген, бірақ кейін олардың күші жойылған. Ал үшінші жолы судья айыптау үкімімен бірге жеке қаулы шығарған соң екеуі жұмыссыз қалған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG