Accessibility links

«Нұр Отанның» сьезі Назарбаевты мадақтауға ұласты


"Нұр-Отан" партиясы сьезінің делегаттары Тәуелсіздік сарайына бет алып барады. Астана,15 мамыр, 2009 жыл.

"Нұр-Отан" партиясы сьезінің делегаттары Тәуелсіздік сарайына бет алып барады. Астана,15 мамыр, 2009 жыл.

Қазақстан билігін жасақтаушы «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналған он екінші съезі Тәуелсіздік сарайының бес мың орындық залында өтті. «Нұр Отанның» съезіне осы партияның делегаттарымен қатар, елдегі барлық саяси партияның жетекшілері де қатысты.


НАЗАРБАЕВҚА МАДАҚ, ӘЛИЕВКЕ ЛАҒНЕТ

Партияның он жылдығы қоса атап өтіліп отырған съезд бір жағынан үлкенді-кішілі шенеуніктерге арналған той болды десе де болады. Оған ауыл әкімдерінен бастап, Астанадағы жоғары лауазымды тұлғалардың бірі қалмай жиналды. Бәрі тойға келгендей, бір-бірлерін «мерекелеріңмен» деп құттықтап жатты. Ал съезде сөз сөйлегендер партияның ісі жөнінде емес, партияның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басын мақтап, мадақтуға жарысқа түсті десе де болады. «Менің президентімсің, президенттен де жоғарыға лайықсың» деген сөздерде шек болмады.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Конституциясының, «Нұр Отан» партиясының, елдің ұстасысың, әрі ұстазысың деген мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің істеп отырған шаруасын сынға алды.

«Шалшықтан шығарып алып, ханзада жасаған президентке күйе жағумен әлек болып жүрген, жауыз, қылмыскер Рахат Әлиев туған әкесін де аямай, үй қамақта ұстап отыр, бұдан асқан қаныпезерлік жоқ»,- дейді Кенжеғали Сағадиев.

ҒАЛАМДЫҚ ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒУ ЖОЛЫН ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҒАНА БІЛЕДІ

Сьезде Н. Назарбаевтың әрбір сөйлеген сөзі мен айтқан пікірлері қол шапалақтаумен жалғасып отырды. "Нұротандықтардың" ерекше ілтипатына бөленген партияның көшбасшысы тіптен экономикалық дағдарыстан шығар жолды әлемдік деңгейде менен басқа ешкім айтып бере алмай отыр дегенге сай пікірін айтты.

- Әлемге танымал Нобель сыйлығының лауреаттары, эксперттер ешнәрсе айта алмай отыр. Ең үздік деп танылатын Гарвард, Оксфорд университетінің түлектері де ешнәрсе айта алмайды. Олар шымкенттік университеттің түлектерімен бірдей болып қалды. Ешқайсысы ешнәрсе демейді. Тек бәрі менің "Дағдарыстың кілттері" деп жазған мақаламның төңірегінде ғана жүр, - дейді мемлекет басшысы.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАЯНДАМАСЫНДА САЯСИ РЕФОРМА АЙТЫЛМАДЫ

Жалпы президент баяндамасын тек елдегі экономикалық жағдайға арнады. Саяси реформа жөнінде бір ауыз сөз болмады. Ол елдің шикізатқа тәуелділігінің салдарынан инновация, ғылымның дамуы артта қалғандығын жасырмады. Осы олқылықтарды жою үшін алда бес жылға арналған инновациялық жобаның жүзеге асатынын жеткізді.

«Нұр Отанның» съезіне тек партия мүшелері емес, елдегі барлық саяси партияның жетекшілері, Қытайдан, Ресейден, Франциядан, көрші Қырғыз елінен қонақтар келді.

«Нұр Отанның» оппоненттерінің ішінде «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов президенттің сөздерінен ешқандай жаңалық естімегенін айтады.

- Бір-екі кәсіпкер шығып, бәрі керемет, жақсы деп жатыр. Дегенмен, бұған салмақпен қарау керек. Шын мәнісінде, үлкен проблемалар тұр. Келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеміз. Олар бізден шағын мекемелердің жағдайын сұрамайды. Адамзаттық тұрғыда даму мәселесін сұрайды. Ал бұл жағынан әлі ешқандай дамуды көріп тұрғаным жоқ. Бұл әдеттегі пиар шара болып отыр. Экономикалық жағынан естідік, он миллиард доллар қаржы бөлінді. Бірақ ол ақшаның қайда кеткені белгісіз. Дағдарыстың 70 пайызының басы саяси жағынан. Билік Америка, доллар кінәлі дейді. Жоқ, олай емес. Барлығы ішімізде жатыр, - дейді Болат Әбілов.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай болса осыдан он бес жыл бұрын істеліну керек шаруаны енді көтеріп отыр дейді.

- Қазіргі кезде реттеуші механизмдерді қоспаса іс насырға шабуы мүмкін. Сондықтан да бес жылдық жоспар құруы дұрыс мәселе деп ойлаймын. Алайда бұлардың барлығы тек саяси жүйе өзгерсе ғана іске асады. Ал саяси рефома жөнінде ләм деп ешнәрсе айтылған жоқ, - дейді Жармахан Тұяқбай.

НАЗАРБАЕВ "НҰР-ОТАН" БИЛІГІНІҢ МӘҢГІЛІК БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Президенттің сөзінен әдетте қоғам күткен мәселелер айтылса, енді кейде көкейіңде жүрген ойлар айтылмай қалады деген «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов Азаттық радиосына төмендегідей пікірін жеткізді:

- Президент баяндамасында экономикалық дағдарыстың ішкі себептерін, қателіктердің болғанын ашып айтты. Және де экономиканы жан-жақты дамыту ісінде үкіметтің ешқандай жетістіктерге жете алмағандығын да атап көрсетті. Сонымен бірге соңғы кезде ТМД елдерінде алдыңғы қатарлымыз деп жүрген қаржы жүйесінің алғашқы сынаққа шыдай алмағанын, оның шамадан тыс несие көздеріне тәуелді болып қалғанын жасырмай айтты. Бұл оң құбылыс, себебі, кез келген аурудың алдын алу үшін, оны емдеу үшін жасырмау керек,- деген Бәйменов көкейіндегі мынадай мәселелердің айтылмай қалғанына да назар аударды:

- Байланыс жағынан әлемдегі ең қымбат интернет, ұялы байланыс жүйелерін пайдаланып келе жатырмыз. Бұл ақпарат заманында бәсекелестікке қабілеттілікті шектейтін фактор. Екінші жағынан білім саласында атқарылмай жатқан шаралар жөнінде басымдылық ретінде айтылады деп мен күткен едім. Бұл жолы бес жылдық алғашқы индустриялық-инновациялық деп айтылды. Ал инновациялық деген ғылым мен білімсіз жүзеге асырылмайтын дүние. Ал әкімшілік реформа мен саяси реформалардың айтылмағаны әрине қынжылтады, - дейді Әлихан Байменов.

Елдегі биліктің оппоненттері осылай пікірін айтып жатқанда Нұрсұлтан Назарбаев өзі төрағалық ететін «Нұр Отанның» мәңгілік билеу мүмкіндігін алға тартып, қырық жылдан бері билікті бір ғана партия билеп келе жатыр деп Малайзия елін мысалға алды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG