Accessibility links

Алматыда балабақша кезегінде 22 мың бала тұр


Балабақшадағы балалар. Қазақстан, 11 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Балабақшадағы балалар. Қазақстан, 11 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда баланы балабақшаға орналастыру жыл сайын қиындап барады. Қалада, статистика бойынша, мектеп жасына дейінгі балалардың 70 пайызға жуығы – 120 мыңнан астам бала үйде отыр. Бірақ ресми есеп «кезекте 22 мың бала ғана тұрғанын» айтады.


Жаңбырлы күні Мәдина үйіне жүгіріп бара жатты. Ол жаңа ғана Айманов көшесіндегі өзі тұратын №38-үйде газ жарылғанын естіген. Мәдина үйіне жете бергенде жедел жәрдем мен күзет қызметінің көліктерін көрді. Олар апатқа ұшыраған екі жас жігіттің мәйітін сыртқа шығарып жатты. Мәдинаның үйге тастап кетен төрт жасар қызы Әмина аман екен.

КЕЗЕК ПЕН КЕДЕРГІ

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітірген Мәдина Сәдуақасова Алматы қаласындағы мектептерінің біріне мұғалім болып жұмысқа тұрды.

Көп ұзамай тұрмысқа шығып, Қуаныш деген перзентін дүниеге әкелді. Қуанышты балабақшаға кіргізуі оңай болмасын естіген Мәдина баласын бірден кезекке тіркеп қойды. Бірақ өзі жұмысқа шықпақ болып, баласын балабақшаға апарар кез келгенде Мәдина да көп кедергіге жолықты. Үш жыл ішінде кезек бар болғаны тоғыз балаға ғана жылжыпты. Дауласқаннан да, жауапты мекемелерге барғаннан да түк шықпады. Бәрі шарасыз екендерін айтты. Ақыры меңгерушімен қол алысып, конвертке салынған 300 долларды берген соң ғана Қуаныш балабақшаға барып, Мәдина жұмысқа шыққан.
Алматы қаласының Алатау ауданында тұратын балалар үйлерінің алдында ойнап жүр. 28 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласының Алатау ауданында тұратын балалар үйлерінің алдында ойнап жүр. 28 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


Екі жылдан кейін Сәдуақасовтар отбасында Әмина деген қыз өмірге келді. Бірақ бұл жолы балабақшаға орналастыру мәселесін өтініш те, дау-дамай да, 300 доллар да шеше алмады. Оның үстіне жұрт та «параның мөлшері екі-үш есе өскен» дейді. Бірақ Мәдина бәрібір жұмысқа шығуға бел буды. Баланың жанында бір күні әжесі, келесі күні көршісі отырып, үшінші күні Әминаны өзімен бірге жұмысқа апарып жүрген. Осылайша үш ай өтті. Бірақ сол газ жарылған күні Әминаны тапсырып кететін ешкімі болмаған еді.

БҰРЫНҒЫ БАЛАБАҚШАНЫ ДАУЛАУ

«1990 жылдардағы жекешелендіру науқаны кезінде балабақшалар азайып қалған. Алматыда бұрынғы 126 балабақшаны басқа мақсатқа пайдаланып жатыр» дейді билік өкілдері.

Қазір Алматыда 163 балабақша бар. Көптеген балабақшалар лық толы, тәрбиешілер де жетіспейді.

Алматы қаласы білім беру департаментінің мектепке дейінгі білім беру жөніндегі бас маманы Людмила Сейілованың айтуынша, Алматыда балабақшаға 60 мың бала барады, ал қала бойынша мектепке бармаған бала – 184 мың.

Людмила Сейілованың айтуынша, «мемлекет балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелер тапшылығын шешіп, әртүрлі ұйымдарға жалға берілген балабақшаларды қайтарып алып жатыр. Осылайша соңғы бес жылда төрт балабақшаны қайтарып алдық, бірақ жекеменшікке өтіп кеткен балабақшаларды қайтарып алу аса қиын».

– Жаңа иелері бізге қайтарып беруге дайын, бірақ олар көп ақша талап етеді. Қала бюджетінде ондай қаржы жоқ. Мәселен, 10-ықшам аудандағы бұрынғы балабақша ғимаратына бір адам алты миллион доллар сұрап отыр. Осы қиындықтарға қарамастан құрылыс бастап, Құлагер, Шаңырақ, Мамыр, Жетісу-2 ықшам аудандарынан 480 орынға шамаланған төрт балабақшаны жалға берді. Қазір тағы да үш бала бақша салып жатыр, оларды жыл соңына қарай тапсырмақ, – дейді Людмила Сейілова.

Мемлекеттік органдар, жекеменшік ұйымдар мен әртүрлі қоғамдық қорлар жайғасқан балабақша ғимараттарын қайтарып алу қиынға соғады. Оларды құжат бойынша көбінесе қоғамдық қорлар жалдаған болады, ал іс жүзінде онда коммерциялық ұйымдар отырады. Балабақша ғимаратында қоғамдық ұйым да, тіпті мемлекеттік мекеме де орналасуы мүмкін. Кейбір балабақша ғимараттарын спорттық секциялар, колледждер де иеленген.
Бұрынғы балабақша ғимараты жатақханаға айналған. Жатақхана тұрғындары сотқа келіп тұр. Алматы, 7 сәуір 2011 жыл.

Бұрынғы балабақша ғимараты жатақханаға айналған. Жатақхана тұрғындары сотқа келіп тұр. Алматы, 7 сәуір 2011 жыл.


Людмила Сейілованың айтуынша, соңғы екі жылда 58 жекеменшік балабақша ашылған. Биыл қала әкімшілігі жекеменшікке өтіп кеткен тағы да екі балабақшаны қайтарып алуды жоспарлап отыр. Дорожник ықшам ауданындағы наркодиспансерге айналған балабақшаны былтыр қайтарып алды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың айтуынша, 20 жыл бұрын салынған 369 балабақшаның 164-і қалған. 200–300 балаға арналып, советтік жобамен салынған, қазір басқа ұйымдар орналасқан немесе қараусыз қалған балабақшалар мемлекетке қайтарылса, оларға ең кемі отыз мың баланы орналастыруға болады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барлық балабақшалар мемлекет меншігіне өтуі керек» деген нұсқауы мен үкімет шешімінен соң премьер-министр Кәрім Мәсімов мектепке дейінгі мекемелерді салуға жекеменшік инвестициялар тартуды ұсынған еді. Алайда мемлекет пен жеке меншік иелерінің серіктестігі әлі байқалмайды. Бизнесмендер мемлекеттік орындарда кездесетін проблемаларын айтып шағынады.

«ТӘРБИЕШІНІҢ АЙЛЫҒЫ АЗ»

Таяуда Алматыда Көкжиек ықшам ауданынан 280 орындық балабақша ашылды. Бұл балабақшаның құрылысына 282 миллион теңге жұмсалған, ал Қалқаманда салынған балабақшаға 700 миллионнан астам теңге кеткен.

Алайда қаладағы балабақшалар әлі жетпей жатыр. Көптен күткен кезек жылжымайтын не кері кететін кездер де болады. Ешкім мұның себебін түсіндіріп жатпайды. Тағы да күтуге тура келеді. «Ата-аналар мұндайда ерте ме, кеш пе «қаржылай ризалықтарын» білдіріп, кезектерін жақындатуға ұсыныс жасайды» дейді білетіндер.

Алматыда осы саладағы жемқорлықпен күресу үшін биылдан бастап электронды кезекке тұру тәртібі енгізілгені хабарланды. Енді ата-аналар аудандық білім беру бөліміне емес, халыққа қызмет көрсету орталығына барады.
Қазақстан азаматтары балабақшаға кезекте тұр. 10 қыркүйек 2008 жыл.

Қазақстан азаматтары балабақшаға кезекте тұр. 10 қыркүйек 2008 жыл.


Ата-аналардан алынатын «алым-салық» туралы сұрағымызға білім беру департаментінің өкілі Людмила Сейілова «бұл мүлдем тыйым салынған нәрсе» екенін, «жыл сайын парақорлық үшін жетекшілерді әкімшілік жазаға тарту туралы бұйрық шығып отыратынын» айтты.

Алматылық Жанна Мұқанова «балабақшада бір бала үшін 22 мың теңге алғанымен, тәрбиешілердің жалақысы жартымсыз» екенін айтады.

– Осынша айлық алған тәрбиеші 30 бөбекке қажетті тәрбие бере ала ма, әлде өзінің күнкөрісін ойлай ма? Үкімет ештеңені шешіп отырған жоқ. Олар балабақшаны ойлайтындай халде емес, өздеріне жақсы болса – болды, – дейді Жанна Мұқанова.

№ 55 балабақшаның меңгерушісі Ғалия Жүнісова «кадрлардың кетіп қалуы кесірінен және дұрыс көңіл бөлінбегендіктен тәжірибелі педагогтар да, балабақша да тапшы» екенін айтады..

– Араға екі жыл салып енді мемлекет пен жекеменшік иелері серіктестігінің жаңа бағдарламасын сөз қылып жатыр. Мектепке дейінгі мекемелер мәселесі туралы тәуелсіздік алған 20 жылдан бері айтып келеді. Бұл тақырыпты ең жоғарғы деңгейде қаншама рет айтқанмен, мәселе шешілмеді. Мемлекет басшысының нұсқауын да дәл осылай орындамады. Президент тікелей эфирде «Жол картасы» шеңберінде білім беру нысандарында жөндеу жасалған кезде мектепке дейінгі мекемелерге басымдық беріледі» деді. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас», – дейді Ғалия Жүнісова.

«ҮШ ЖЫЛДА 400 МЫҢ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ»

Ресми статистикаға қарағанда, Алматы балабақшаларында 22 мың балаға орын жетпейді. Тұтас алғанда бүкіл Қазақстандағы жағдай осыған ұқсас.

Балабақшалардың тапшылық мәселесін шешу үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерін жаппай салу керек. Бірақ бұл – мемлекеттік бюджетке әжептәуір салмақ.

Кейбір мамандардың болжауынша, Қазақстанда таяу жылдары бала туу қарқыны артады. Демографтардың шамалауынша, 2012-2015 жылдары 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.

Алматы әкімшілігінің мәліметінше, қалада соңғы үш жылда 4 мың 960 орынға шамаланған 38 балабақша ашылған: олардың тоғызы – мемлекеттік, жиырма тоғызы – жеке меншік.

Алматының әкімі Ахметжан Есімовтің айтуынша, қалада 2012 жылдың соңына дейін 35 балабақша, ал 2013 жылы тоғыз балабақша салынады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG