Accessibility links

«Қарттар үйінде жыртық көңілге жамау табамыз» дейді ақсақал


Көшеде демалып отырған қарт адам. (Көрнекі сурет)

Көшеде демалып отырған қарт адам. (Көрнекі сурет)

Ардагерлер үйінде тұратын қария өзін бағудан бас тартқан ұлынан он жылдан бері хабар алмағанын айтады.

87 жастағы Қуантай Оспанов бес жылдан бері Алматыдағы қарттар үйінде (ресми атауы – Ардагерлерге арналған интернат-үй) тұрып жатыр.

– Орал қаласында құқық саласында қызмет істейтін ұлым үйленіп, балалы-шағалы болғаннан кейін екі бөлмелі үйімді өз атына аударып алды. «Өзім асыраймын, бағамын» дегеннен кейін айтқанына сеніп едім. Бірақ мені бағудан бас тартты, – деп күрсінді қария.

«МҰҢЫ МЕН СЫРЫ БІР ЖАНДАР МЕКЕНІ»

Оралдағы үйінен айырылған жалғызбасты ақсақалдың басқа бір баласын – тұрмысқа шығып кеткен қызын паналап Алматы қаласына келгеніне де он жыл болған екен.

– Алматыда тұратын қызым да 60-қа келіп қалды. Күйеу балам «Өзімнің де бала-шағам бар, басы артық адам баға алмаймын» деп ашығын айтты. Қызымның жасаған жақсылығы – тіркеуге тұрғызып, бес жыл бұрын осы жерге орналастырып берді. Маған осы жер жайлы. Күніне төрт уақыт тамағын береді. Ауырсам, дәрігерлері қарайды, – дейді Қуантай Оспанов.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Оралдағы ұлы мен Алматыдағы қызынан басқа тағы бір қызы болғанын, бірақ оның қайтыс болып кеткенін еске алған ақсақал әңгіме кезінде балаларының ешбірінің атын атамады.

– Алматыға келген он жылға жуық өмірімде ұлым бірде бір рет хабарласқан жоқ. Қазір, шынымды айтсам, оның қайда екенін де білмеймін, – дейді Қуантай Оспанов.

1927 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Қарашығанақ ауылында дүниеге келген қария бұған дейінгі өмірі де оңай болмағанын айтады.

– Алты жасымда әке-шешемнен айырылып жетім қалдым. Соғыс жылдары темір жол саласында қызмет атқардым. Соғыс біткеннен кейін 40 жылға жуық сиыр бақтым, – дейді «Ардагерлер үйінің» тұрғыны.

Құлағы жақсы естімеген соң бір сұрақты бірнеше рет айтқызып барып жауап беретін ақсақал әрегідік ойға шомып, мұңайып, үнсіз отырып қалады екен. Әңгіме кезіндегі сондай сәттің бірінде ол кісінің көңілін ауламақ болып, соның алдында ғана ардагерлер үйі қызметкері айтқан сөзді есіне салдық. Ол қызметкер «Қуантай ақсақал осында бір әжеймен көңіл жарастырып жүр. Екеуі бірге тұрмаса да, бірінсіз бірі тамақ ішпейді» деген еді. Бұл әңгімені айтқанымызда көңілсіз отырған қария бірден жайдарыланып сала берді.

– А, оны да естіп қойдыңдар ма, – деп күліп алған Қуантай ақсақал: – Осы жерге ешкім шалқып, тасығанынан келмейді. Үйге немесе бала-шағаға сыймаған соң келеді. Мұңы бір, сыры бір жандар бір-бірімен көңіл жарастырып, жыртық көңіліне жамау табады. Біз де сондаймыз, – деді де үнсіз қалды.

«БАЛА-ШАҒАСЫНА КЕРЕК БОЛМАСА ДА, ҚОҒАМҒА КЕРЕК»

Ардагерлерге арналған интернат-үйге өмірінің соңғы шағында барар жері, басар тауы қалмаған қариялар келетінін айтқан мекеме директорының орынбасары Нұрзия Ағабекқызы Қуантай Оспанов сияқты жандардың өмірге құштарлығына разы.

– Қартайғанда өзінің сыңарын осы жерден тапқан жұптар – бір емес, бірнешеу, – дейді ол.

Нұрзия Ағабекқызының айтуынша, мекемеде тұрып жатқан 130 қарттың ең үлкені – 96 жаста.

"Ардагерлер үйінің" маңдайшасындағы жазу.

"Ардагерлер үйінің" маңдайшасындағы жазу.

– Ол кісілердің сегізі – соғыс ардагері, өзгесі – тылдағы еңбек ардагерлері. Бұл кісілер өздерінің күш-қуатын жас кезінде қоғамға арнады. Қартайғанда бала-шағасына, туыс-туғандарына керек болмағанымен қоғамға керек, – дейді Нұрзия Ағабекқызы.

Мекеме директоры орынбасарының айтуынша, ардагерлер үйінде тұрғысы келген қариялар өзін қабылдау туралы өтініш жазып, қамқоршысы жоқтығы туралы анықтама мен өкілетті органның жолдамасын әкеледі.

– Мұнда қарттардың зейнетақысы өз қалталарында қалады. Төрт мезгіл киіммен, күніне төрт уақыт тамақпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмектер қарастырылған, – дейді «Ардагерлер үйі» директорының орынбасары Нұрзия Ағабекқызы.

2001 жылы құрылған, қалалық бюджеттен қаржыландырылатын 350 орындық үш қабатты ардагерлер интернат-үйі жақын туысы жоқ болғандықтан қараусыз қалған я кембағал күйге ұшыраған арнайы күтімге зәру жалғызбасты зейнеткерлер қабылданады. Өздерін бағуға тиісті кәмелетке толған және еңбеккке қабілетті балалары бар зейнеткерлер ардагерлер үйінде ақысын төлеп тұра алады. Алматы қаласы әкімдігінің дерегінше, бұл мекемеде әр тұрғынға тұрмыс жағдайы жасалған бір бөлме, ерлі-зайыптыларға екі бөлме беріледі. Ғимаратта асхана, жиын залы, медицина орталығы, кино залы, демалыс бөлмелері, шаштараз, кітапхана, мұсылмандар мен христиандарға арналған құлшылық ету бөлмелері бар.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG