Accessibility links

Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» деген мәртебе берудің астарында не бар дегенге орай үш түрлі болжам


Қазақ парламенті мақұлдаған екі заң тым қолайсыз уақытта қабылданып жатыр. Біріншіден, Ақорда ЕҚЫҰ төрағасы болып, оның саммитін Астанада өткізбек ниетте еді. Екіншіден, Қырғызстандағы оқиғаның шаңы әлі басылған жоқ.


ЕЛЕС... БЫЛТЫРДАН БЕРІ КЕЗІП ЖҮР


Назарбаевқа ұлт көшбасшысы деген мәртебені заңдастырып беру әуелі, билікке жақын «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов айтпақшы, «кезекші бұлбұлдардың» бірі Дархан Қалетаевтың аузынан шыққан. Өзі ол кезде президенттік «Нұр-Отан» партиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші орынбасары болатын. Одан кейін мұны «Нұр-Отанның» тағы бір жетекшісі Ерлан Қарин іліп әкетті.
Дархан Қалетаев ("Нұр Отан" партиясы төрағасының бұрынғы
орынбасары) "Айт парк" пікірі-сайыс клубында. Алматы,
3 қараша 2009 жыл.


Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеуі баласы Рахат Әлиевтің айтуынша 2007 жылы-ақ «Супер Хан» деген аса құпия жоспар қабылданған екен. Оны АҚШ-тағы бизнесмен Александр Миртчев (Мирчев) бастаған лоббистер дайындады дейді Рахат Әлиев «Өкіл қайын ата» кітабында.

Әйтеуір, былтырдан бері «ұлт көшбасшысының елесі» Ақорданың сәнді сарайларын кезіп жүрді. Қазақстан ОБСЕ төрағасы болуды армандаған 2010 жыл да жетті.

Ақорда биыл ОБСЕ саммитін Астанада өткізуге жанын салып жатыр. Биыл, әрі кеткенде 2011 жылы қиялды шындыққа айналдыруға осы да жетер еді.

Аяқ астынан көршілес жатқан Қырғызстанда тағы бір революция бұрқ ете қалды. Ақорда қожайының әріптесі Құрманбек Бакиев тақтан тайды.

Қазақстанда «ұлт көшбасшысы туралы заңды неге асығыс-үсігіс қабылдады» деген сауалды жұрттың бәрі қояды. Оған қатысты, аз дегенде, үш түрлі болжам бар.

1. РАСЫНДА ДА КЕТЕДІ

Бұған байланысты бірінші болжам жасауға президенттің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың сөзі себеп болды.

«Интерфакс-Казахстан» агенттігіне сұхбат бергенде Нұрсұлтан Назарбаев ұлт көшбасшысы туралы заң қабылданған соң президенттіктен мерзімінен бұрын, тіпті, биыл-ақ кетуі мүмкін деген ой айтқан.

Ертісбаевтың «бірақ мен ондайға үзілді-кесілді қарсымын» дегенін қаперден шығармау керек. Өйткені, менің ойымша, 15 жылдан бері аттан түспеген «бастығының» ендігі тағдырына байланысты айтқан батыл пікірінің сыры осы сөзде жатыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі
Ермұхамет Ертісбаев


Мәдениет және ақпарат министрінің тағынан түсіп қалған соң, ол мекеменің мемлекет қаржысын оңды-солды шашқанына байланысты қылмыстық іс қозғалып жатыр деген деген әңгімеден соң Ермұхамет Ертісбаевтың екі шоқып, бір қарайтыны әбден қисынды. Әсіресе экс-министрлер Жақсыбек Құлекеев, Нұрлан Ысқақов, Серік Бүркітбаев сияқты біраз ірі шенеуніктерге байланысты шыққан шуды ұмытқан жоқ. Олар да Ақорданың қазіргі қожайынына деген адалдықтарына ешкім күмән келтірмеген адамдар болатын.

Қазақстан билігінің бір істі бастар кезде «жұрт не айтар екен» деп, кейбір ақпаратты әдейі тарататыны бар. Бұл жолы да кеңесшінің «ерекше батылдығына» Ақорданың өзі дем беріп отырмасына кім кепіл?

Қазақ оппозициясы басшылары мен саяси сарапшылар да, бұрынғы һәм қазіргі серіктері де – Нұрсұлтан Назарбаев биліктен өз еркімен кетпейді деген пікірді қостайды. Кеңесші Ермұхамет Ертісбаев 18 наурызда ғана «Время» газеті ұйымдастырған сұхбатта былай деп мәлімдеген:

«Назарбаевтың 70-ке толғанын тойлауға не үшін тыйым салғанын білемін. Күш-қайраты да, ақылы да кемел шағында тұр. Қазақстанның таяудағы он жыл өміріне байланысты талай жоспары бар. Қуаты толған, қыруар шығармашылық жоспары бар. Неше жасқа келгенін ешкімнің еске салмағанын хош көреді».

2. НАЗАРБАЕВ СЕРІКТЕРІНЕН ҚАУІПТЕНЕДІ

Екінші болжам бойынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев жанындағы серіктеріне сенбейді, «қырғыздағы әріптесімнің аяғын құшамын ба» деп қауіптенеді. Бұл болжамды «Новая газета – Казахстан» басылымының бас редакторы Амантай Дандығұлов Азаттық радиосына сұхбат бергенде айтты.

Оның айтуынша, Қырғызстандағы қанды оқиғалардан кейін іле-шала осы заңның қабылданғаны кездейсоқ емес.

«Бұл заңды халықтан қорғану үшін қабылдатып отырған жоқ. Жанындағылардан қауіптенеді. Оларға сенбейді, өйткені бізде бюрократияның диктатурасы, элитаның диктатурасы үстем екенін көріп-біліп отыр.

Қырғызстанда Бакиевке қарсы қылмыстық іс қозғалсын деген декретті оның бұрынғы серіктері шығарды... Серіктері оның [Бакиевтің] қанша ақша ұрлағанына дейін біледі. Сол ақшаны елге қайтарған кезде талай жан жолдан таюы мүмкін. Ондай кезде біздің элита да президенттің ақшасына көз тігуі әбден мүмкін», – дейді Амантай Дандығұлов.

Билікке жақын «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов: «Күні ертең-ақ Назарбаевтың айыбын ашатын – Әбділдин де емес, Алдамжаров та емес, Козлов та емес – қазір қолын сүйіп, адалмын деп ант ішіп жүргендер. Олар, тіпті, Мұхтар Әблязевтен де асып түседі» дейді.

Әбдірахмановтың ойынша, «президенттің төңірегінде шенеуніктер осы заң арқылы президенттің абыройын түсіріп, әулетінің байлығына жұрт назарын аудартпақ болып жүр».

3. «КАЗАХГЕЙТТІҢ» КЕСІРІ

Үшінші болжам атышулы «Казахгейтке», яғни бизнесмен, АҚШ азаматы әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Джеймс Гиффенге қарсы қозғалған қылмыстық іске байланысты.

Шетел азаматтарына, оның арасында Қазақстан басшылығына қыруар сомада пара берген Джеймс Гиффеннің ісі он жылға созылған еді. Оның да аяқталатын кезі таяп қалды.

Келесі (мүмкін, шешуші) сот отырысы Нью-Йоркте маусым айында өтуі керек. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты екі конституциялық заңның асығыс-үсігіс, мамыр айында қабылданғаны АҚШ-тағы сотқа байланысты болуы әбден мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, Нью-Йорк соты қандай шешім шығарса да, Қазақстанда "ұлт көшбасшысы" деген мәртебе алуы мүмкін, осы қылмыстық істе «Ко-2» деген құпия сөзбен аталатын адамның беделіне нұқсан келеді.

Гиффеннің адвокаттары «Джеймс Гиффен Қазақстан басшылығына, әсіресе Ко-2-ге құпия мәлімет алу үшін Орталық барлау Басқармасының тапсырмасы бойынша пара берді» деген болжамды жақтайды. «Казахгейттің» соты соған байланысты ұзаққа созылған.

Джеймс Гиффен сотталса (АҚШ прокуратурасы солай боларына сенімді), Қазақстандағы Ко-2 және одан кейінгі басшылары соңында алты нолі бар америка долларын алған парақорлар болып шыға келеді.

Қазақстан президентіне ұлт көшбасшысы мәртебесін беру туралы заң Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған соңғы сапарынан кейін ылдым-жылдым қабылданғанын да ұмытпайық.

Ол Вашингтонға барғанда адвокаттарымен жолығып, бар жағдайды, АҚШ-тағы соттың қандай әсері боларын мұқият ақылдасуы әбден мұмкін. Оған қоса Ақорда басшысы Нью-Йоркке екі сот отырысының арасында барып қайтты. Бірінші сот биыл ақпанда өткен, екіншісі – маусымда.

Қазақстан президентінінің АҚШ-қа төрт жыл бойы ат ізін салмағанын де ескерте кетейік. Швейцариядағы Давосқа барғаннан да сап тыйылды. Сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл оқыс мінезінің себебін «Казахгейттен» іздейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін ұлт көшбасшысы деп жариялайтын заңға өзі қол қоярдың алдында біраз дамылдап алғанды жөн көріпті. Президенттің баспасөз-қызметі 17 мамыр күні Қазақстан басшысының шұғыл демалысқа кеткенін мәлімдеді. Ақорданың ресми сайтында мемлекет басшысының неше күн демалатыны, қайда демалатыны айтылмаған.

(Журналист Сұлтан-Хан Аққұлыұлының бұл мақаласында білдірген жеке ой-пікірі Азаттық радиосының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG