Accessibility links

Өлім аузынан қалған Нұрсұлтан «тірлік үшін жандәрмен күресу керек» деген ой түйді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Арада жылдар өткенде Қазақстанда «ұлт көсеміне» айналған адам бала кезінде өліммен бетпе-бет келіпті. Аңызға қарағанда ол өзінің ерік-жігерінің арқасында ғана аман-сау қалыпты. Баланың есімі – Нұрсұлтан екен.


НҰРСҰЛТАНҒА АЙ КҮЛІМДЕДІ

Сонау балалық шағында Нұрсұлтан Назарбаев қызылшамен ауырды. Баланы жайлаудан жақын жердегі Шамалған аулының ауруханасына әкелді. Алайда бұл кезде бәрі де кеш еді – дәрігер қолдан келер қайран жоқтығын айтып, баланы Назарбаевтардың отбасы тұратын Үшқоңыр тауының етегіне жерлеуден басқа жол жоқтығын емеурінмен танытты.

Оны өгізге жегілген арбаға салып, ай жарығымен әкеле жатқанда,
"Үшқоңыр - алтын бесігім" кітабының сыртқы мұқабасы. Алматы, 19 қазан 2010 жыл.
сандырақтап, есілі кіресілі-шығасылы ол қайткенде тірі қалуым керек деген ойға келді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шақтан досы әрі сыныптасы Сәдуақас Есімбай осынау аңызды егжей-тегжейлі айтып берді:

– Шамалғанның доғдыры «мына балаларыңыз адам болмайды, Үшқоңырға, тауға апарып қойыңдар» дейді. Сонан кейін жаңағы өгіз арбамен Нұрсұлтанды алып бара жатады, сонда Нұрсұлтан, өз естелігінде, қызылшамен ауырады, температурасы қатты, сол сандырақтап жатқанда қараңғы түсіп кетеді де, содан айды көреді. Ай жарқырап күліп тұр. Сонда өзі айтады: «Неге, ай Құдайдан үлкен бе, доғдыр Құдай емес қой. Ай күліп тұр, ал доғдыр мені өледі деді. Қалай мен өлем?» деген өзінде бір әсер күш болады. Сөйтіп ол өзі айтады: «Мен қызылшадан да, басқа аурудан да арылдым» дейді.

Таяуда бұл аңызды алматылық журналистерге майын тамызып баяндаған Сәдуақас Есімбай – Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы жақында ғана тұсауы кесілген кітаптың ауторы. Президенттік «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жарық көрген «Үшқоңыр – алтын бесігім» деп аталатын бұл басылым 70 жастағы Қазақстан президентінің жеке басына табынудың соны мысалы.

Оппозицияға, сөз бостандығы мен адам құқығына қысым күн өткен сайын күшейіп бара жатқанда мұндай әрекеттер режимнің бетіне бояу жағып алдағандай сезіледі.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директорының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынушылар – бастығының бақыттан жүзі бал-бұл жанып жүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағатын советтік шенеуніктердің құлдық психологиясын сақтап қалған бүгінгі қазақстандық шенеунктер дейді.

«Бастығын қуанту, оның айтқанын мерзімінен бұрын асыра орындау, тек жақсы жағынан көрінуге тырысу – мұның барлығы да кәдімгі дерт», – дейді Роза Ақылбекова.

Оның айтуына қарағанда, адам құқығы мәселесіне келгенде Қазақстан өз рейтингін жақсарту үшін сөз жүзінде белгілі бір қадамдар жасағансыды. Бірақ іс жүзінде адам құқығы бұрын қалай бұзылса, қазір де солай бұзылып жатыр. Өйткені үкіметтің өзі ұлттық немесе интернационалдық қағидалармен емес, ішкі нұсқаумен ғана жұмыс істейді.


«ӨМІРЛІК ПРЕЗИДЕНТ»

Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тізгінінен көптен бері айрылмай келе жатқанын ескерер болсақ, оның мұндай нұсқауларға қаншалықты ықпал ете алатыны айтпаса да түсінікті. Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдардың басынан бастап мемлекет басшысы болып саналады. Әуелі Жоғары Кеңестің төрағасы болса, социализмнің күні батып, тәуелсіздіктің таңы атқанда ел президентіне айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев өз президенттік мерзімін қалай ұзартқысы келсе, солай ұзартты (1999 ж.; 2005 ж.). 2007 жылы депутаттар оған президенттік сайлауға қанша рет қатысқысы келсе, сонша рет қатыса алатындай етіп заң шығарып берді.

Биылғы маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев «елбасы» («ұлт көсемі») мәртебесіне ие болды. Оған мұндай сый жасаған парламент онымен де қоймай елбасыны ешкім, ешқашан қудалай алмайтынын заңмен бекітіп тастады. Осынау жаңа мәртебе бойынша, егер ол президенттіктен бас тартқан жағдайда да бәрібір Қазақстанның іс жүзіндегі жетекшісі болып қала бермек.

Қазақстанда 16 миллионнан астам адам тұрады. Бұл ел төңірегіндегілермен салыстырғанда әжептеуір ауқымды және мұнай мен ураны аста-төк экономикасын мақтаныш етеді. Биыл постсоветтік елдердің арасында алғаш рет Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы деген беделді рөлге ие болды.

Нью-Йоркте орналасқан халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымы 2007 жылдың қараша айында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болатыны туралы алғаш хабар естілгенде-ақ бұл шешімді сынға алған болатын.

Кейін бұл ұйым Қазақстан үкіметі бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау
«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының өкілі Рейчел Денбер. Алматы, 14 шілде 2010 жыл.
туралы заңдарын қайта қарап, саяси партияларды тіркеуді жеңілдететіні жөнінде берген уәдесін орындайтын болар деп үміттенген еді.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының Еуропа және Орталық Азия бөлімі директоры міндетін атқарушы Рейчел Денбер Қазақстан бұл уәделерінің үдесінен шығуы қажет дейді.

«Бұл төрағалық Қазақстанға өзін жақсы жағынан көрсетуге, мемлекеттің ЕҚЫҰ құқық қорғау ұстанымдары бойынша жүруге бет алғанын танытуға мол мүмкіндік берді. Алайда Қазақстан бұл мүмкіндік пайдаланбады. Қайта керісінше, адам құқығы, әсіресе сөз бостандығы саласында кері кеткені байқалды», – дейді Рейчел Денбер.


АДАМ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛЫП ОТЫР

Парижде орналасқан халықаралық «Шекарасыз репортерлер» құқық қорғау ұйымы баспасөз бостандығын сақтау мәселелері бойынша Қазақстанды 178-ші орыннан 162-ші орынға апарып қойды. 2008 жылы Қазақстан 125-ші орында болатын. Қазақстандағы оппозиция белсенділерінің, саясаткерлер мен журналистердің қалай қысымға алынып, құқығы бұзылғаны қағаз бетіне мұқият түсірілген.

Рейчел оған Қазақстанда қысым көрсетіп, қыспаққа алу секілді әрекеттер күнделікті жайттардың біріне айналуы үлкен соққы болып тиді дейді.

«Менің ойымша, Қазақстанды жалпақ жұртқа жар салмай, тып-тыныш қуғын-сүргін жасай беретін елдердің бірі деуге болады», – деп түйеді Рейчел Денбер.

Нью-Йорктегі Колумбия университетінің профессоры, Қазақстан жөніндег сарапшы Скотт Хортон оппозиция белсенділеріне жасалған қысымды заңдастыру үшін бұл ел әртүрлі жол-көлік оқиғалары мен салықтан жалтару секілді қылмыстық істерді жиі пайдалана бастағанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда Нұрсұлтан Назарбаевтың құқық қорғау мәселелерінен ретін тауып айналып өтуі және елдің экономикалық табыстары президент әкімшілігін сырт көзге жылтыратып көрсетеді.

Америкалық сарапшы Скотт Хортон Нұрсұлтан Назарбаевтың амалдарын өзбек президенті Ислам Кәрімов сияқты Орталық Азияның ызғарлы билеушілерінің тәсілдерімен салыстырады. Түркіменстанның марқұм президенті Сапармұрат Ниязов ел астанасында өзіне алтыннан алып ескерткіш тұрғызып, жылдың айлары мен күндерін өзі мен туыстарының атына өзгерткені белгілі.

«Назарбаевтың Түркіменстан мен Өзбекстандағы режимдердің әрекеттерін өте мұқият қадағалап отырғаны анық, – дейді Скотт Хортон. – Сондықтан олардан әлдеқайда сақ қимылдайды. Қазақстанда мұндай қысымға алу тәсілдері соншалық қатігез емес, биліктің авторитарлығы да олардан бәсең. Мұнда Өзбекстан мен Түркіменстанға қарағанда адам құқығы біршама сақталады деуге болады».

Алайда, Скот Хортонның сөзіне қарағанда, 1990 жылдардың бас кезінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев опозицияның күшеюіне мүмкіндік бермей, авторитарлық билігін нығайта түскен.


«ҚОЛДАРЫ ҚАНҒА МАЛЫНҒАН»

Оппозициялық «Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа адал болу үшін ант беруден бас тартқанына байланысты билік тарапынан ұрып-соғу мен өлтіру қаупі төнгендіктен 2007 жылы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын айтады.

– Елден кетсем де билік қыр соңымнан қалмады. 2007 жылы арнайы
«Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов. Прага, 13 қаңтар 2009 жыл.
шақырумен ЕҚЫҰ отырысына қатысу үшін Мадридке жүрерімнен бір апта бұрын олар 82 жастағы анамның жамбасын сындырды, – дейді Ержан Досмұхамедов.

Ержан Досмұхамедов Нұрсұлтан Назарбаев режиміндегі көптеген шенеуніктерінің қолы қанға малынған деп санайды.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен режимнің арнайы қызметі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдерін Назарбаев режиміне ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгінді бермеуге көндіруге ұмтылған қарсыластарының ауызын жабу үшін әдіс талғамайды», – дейді Ержан Досмұхамедов.

Кейбіреулердің қарсылығына қарамастан, Қазақстан ақыры ЕҚЫҰ төрағасы атанды.

Қазақстан төрағалығының бастапқы кезінде ЕҚЫҰ Парламентттік ассамблеясының бас хатшысы Оливер Спенсер бұл шешімді қолдағанымен, кісі өлімімен аяқталған жол апаты бойынша 2009 жылы төрт жылға сотталған құқық қорғаушы Евгении Жовтиске қатысты әділ шешім шықпағанын атап өтті.

«Бұл да шешімін күтіп тұрған мәселе, – деді мамыр айында Оливер Спенсер, – Жовтис мырзаға әділетсіздік жасалды, оны дұрыс соттамады».


«ПОТЕМКИНДІК» САММИТ

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық мерізімінің аяқталуына бірер апта қалса да Жовтистің ісі сол күйі шешілмеді. Құқық қорғаушылардың үміті зая кетті.

Қазақстан онымен қоймай ЕҚЫҰ саммиті деген атпен салтанатты шара өткізуге бар күшін жұмсап жатыр. Бұл басқосу мол ақы төлеп қол жеткізген сыртқы экономикалық мақсатқа ұқсайды – ЕҚЫҰ-ның бірде-бір төрағасы 1999 жылдан бері мұндай құрметке ие болмапты.

Мерекелік шара кезінде мәртебелі мырзаларға арналған бағдарламада бос орын болмайды. Егер бола қалса Нұрсұлтан есімді балалар ғана қатысатын дойбы жарысын көрген болар еді. Мұндай жарыс қазан айында бір рет болып та кетті.

Құрметті қонақтар дәл қазір президенттің балалық шағы жөнінде фильм түсіріліп жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылында да барса да болар еді. Сондай-ақ олар Нұрсұлтан Назарбаев атындағы музейді көріп, ескерткішті тамашалап, Назарбаев университетін аралап қайтар еді.

Егер билік мектеп бағдарламасына «Нұрсұлтанология» деген пәнді енгізу жөнінде Сәдуақас Есімбайдың ұсынысын қабыл ала қалса, онда шетелдік қонақтар Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемдік ауқымдағы аса ірі мемлекеттік қайраткер болуға жәрдемдескен сапалық қасиеттерге қалай ие болуға болатыны жөнінде сабақ алып қалуы да мүмкін еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG