Accessibility links

Мерзімінен бұрын президент сайлауы бірауыздан қолдау тапты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстанда «жақын арада» мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтылды. Бастама Қазақстан халқы ассамблеясынан шықты.

Астанада ақпанның 14-і күні өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесінде ұйым төрағасының орынбасары Анатолий Башмаковтың елде 2015 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын кеңес мүшелері бірауыздан қолдап дауыс берген. Бұл туралы Азаттыққа Ассамблея кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы күрд диаспорасының «Барбанг» бірлестігінің жетекшісі Князь Мирзоев телефон арқылы хабарлады.

– Кеңесте мен де сөз сөйлеп, Башмаковтың ұсынысына қолдау білдірдім. Мен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенемін, – деді Князь Мирзоев.

Оның айтуынша, сенбі күнгі Ассамблея кеңесіне Назарбаевтың өзі қатыспаған. Кеңесті Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен. Кеңеске Ассамблеядан парламентке сайланған депутаттар да қатысқан.

– Ассамблеядан сайланған тоғыз депутаттың барлығы болды. Біз барлығымыз Башмаковтың ұсынысын бірауыздан қолдап дауыс бердік, - деді Қазақстандағы күрд диаспорасының лидері.

Бұған дейін қазақстандық Vласть интернет-басылымы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаковтың биыл елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынғаны туралы хабарлаған.

Басылымға сұхбатында Анатолий Башмаков 2016 жылы ел президенті сайлауы мен парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауын қатар өткізу «заң жүзінде, белгілі бір жағдайда, қисынсыздау» болатынын айтқан. Сонымен бірге ол 2016 жылы әлемдік қаржы экономикалық дағдарыс шырқау шегіне жетеді деген сарапшылар болжамын келтіріп, «ел басшылығы барлық назарын Қазақстан қоғамында, экономикада дағдарысқа жол бермеуге бұруы тиіс» екендігін алға тартқан.

Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болып табылады. Елде кезекті президент сайлауы 2016 жылы өтуі тиіс.

Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырған баннердің жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 31 наурыз 2011 жыл.

Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырған баннердің жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 31 наурыз 2011 жыл.

Бұның алдындағы президент сайлауы 2011 жылы сәуірдің 3-і күні (ол да мерзімінен бұрын өткізілген) өткен. Қазақстан Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға түсуіне шектеу қойылмаған.

1990 жылы сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі жаңадан тағайындалған ең жоғарғы билік лауазымы – Қазақ ССР президенті қызметіне сол кездегі Қазақ ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған. 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні ол бүкілхалықтық сайлауда осы қызметке қайта сайланған. Президенттің бес жылдық қызмет өкілеті 1996 жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс еді. Алайда 1995 жылы елде сайлаудың орнына референдум өткізіліп, Назарбаевтың президенттік қызмет өкілеті тағы бес жылға – 2000 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылған. Бірақ президент сайлауы одан бір жыл бұрын, яғни 1999 жылы қаңтарда мерзімінен бұрын өткізіліп, Назарбаев және бір мерзімге сайланған. Қазақстанда президент сайлауы заңмен белгіленген өз мерзімінде тек бір-ақ рет – 2005 жылы өткізілген.

74 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті қызметінде отырғанына 24 жыл өтті. Қазақстан оппозициясы елде авторитарлық билік режимін орнатып алған президент Назарбаев әкімшілік ресурстың көмегімен әр сайлау сайын «жоғары көрсеткішке» қол жеткізеді дейді. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанда бұған дейінгі президент сайлауларын еркін емес және әділетсіз өткен деп сынға алған. Ресми Астана ондай сынмен келіспейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG