Accessibility links

Президент «халықтың емеурінін түсінді»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл.

Қаңтардың 28-і күні Парламентте Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялаған президент Назарбаев өз билігін жалпыхалықтық референдум арқылы ұзарта ма немесе ашық сайлауға түсе ме – оны анықтап айтпады. Бірақ «халық қаласа», билік басында әлі де отыра беруге дайын екенін мәлімдеді. Саясаткерлердің кейбірі референдум, енді бірі президент сайлауы өтеді дейді.


- Өз жарлығыммен референдум өткізу туралы парламенттің ұсынысын қабылдамай тастадым. Өйткені, мен 2012 жылы өтетін президент сайлауына түсуге қамданып отырғанмын. Парламент өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады. Мен тиісінше ол құжаттың Конституция мен заң нормасына қаншалықты сай екенін анықтау үшін Конституциялық кеңеске жібердім. Халықтың бағалауы кез-келген саясаткер үшін, оның ішінде президент үшін ерекше ықылас. Мен халықтың «тақты қалдырмай, ары қарай жұмысты жалғастыра бер» деген емеурінін түсіндім, - деді Нұрсұлтан Назарбаев жұма күнгі мәлімдемесінде.

Осылайша, президент билік басында қала беруге кетәрі емес екенін жасырмады. Оның қалай жүзеге асатынын сарапшылар сан саққа жүгіртіп жатыр. Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, референдумның өтуі туралы ықтималдық 90 пайызды құрайды.

- Меніңше, Конституциялық кеңес қандай шешім шығаратынана қарамастан президент жұмысты жалғастыра беруге дайын екені туралы өз позициясын жеткізген сияқты. Ол дайын. Конституциялық кеңес «барлығы заңды, Конституцияға сай келеді» десе, менің ойымша, референдумның тағайындалуы - 90 пайыз, - дейді журналистер сауалына жауап берген президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.

ПРЕЗИДЕНТ БИЛІКТЕ «ҚАНДАЙ ЖОЛМЕН ҚАЛАТЫНЫН ӘЛІ ШЕШКЕН ЖОҚ»

Саясаткер Петр Своиктің пайымдауымша, Конституциялық кеңес «Ата заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Конституцияға сай емес» деген шешім шығаруы мүмкін. Ол әзірше таразы басы елу де елу болып тең
Саясаткер Петр Своик. Алматы, 26 тамыз 2010 жыл.
тұрғанын айтады. «Бірақ жағдайдың созылып кетуіне қарағанда, Конституциялық шешім кейінге шегеріле береді де, президент сайлауға барады» деген пікірін айтады саясаткер Петр Своик.

- Мен солай ойлаймын. Бірақ, тағы айтамын, жағдай – елу де елу. Ал нақты пайыздық көрсеткішке келер болсақ, 51 пайыз референдум өткізуден бас тартады. Ал 49 пайыз референдум тағайындайды. Ол бүгін өзінің тағында қала беруге дайын екенін айтты. Қандай жолмен қалатынын өзі әлі шешкен жоқ. Референду өткізуге қарсы болмаса, бүгін айтар еді. Ол шешімін тек Конституциялық кеңеске артып отыр. Ал Конституциялық кеңес өз бетінше шешім шығаруға қақысы жоқ. Бәрібір президентке жүгінеді, - деді саясаткер Петр Своик Азаттық тілшісіне.

«ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН» ПРЕЗИДЕНТ

«Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «ол кісі референдумға барғысы келмейтінін бүгін де айтып отыр» дейді. «Соның қажеті жоқ, оданша президенттік сайлау болсын» дегенді бұған дейін де айтып келген» дейді Мақсұт Нәрікбаев. Естеріңізде болса, қаңтардың 6-сы күні Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізу туралы парламенттің ұсынысын қабылдамай тастағанын Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

«Әділет» партиясы басшысының айтуынша, «бүгінгі күні халық, парламент және Конституциялық кеңес - бәрі президентті тығырыққа тіреп қойған».

- Құқықтық тұрғыда, бұл кісіні қазір бұрышқа тығып қойды халық, парламент, Конституциялық кеңес. Енді (заңгер ретінде ойлаймын) Конституциялық кеңес «мұны шешетін - президент» деп шешім шығаруы
«Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев қоғамдық шара кезінде. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл.
мүмкін. Ал ол былай да белгілі заң жүзінде. Қазір бұл кісіге 99 пайыз бас тартуға құқықтық тұрғыда мүмкіншілік жоқ. Ал 1 пайыз бар. Ол кісі 1 пайызды пайдаланып бас тартса, онда (меніңше) кезектен тыс президенттік сайлауды өткізіп жіберу керек. Енді, халық бірдеңе қылып өзінің айтқанын жасау керек қой қазіргі таңда, - деді «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев Азаттық тілшісіне.

Бірақ мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу заңға қайшы екенін де айтады Мақсұт Нәрікбаев. «Өйткені жеті жыл толық қызмет атқармағандықтан президенттің құқығы бұзылады» дейді.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ «ПРОБЛЕМАСЫ»

«Азат» ЖСДП тең төрағасы Болат Әбілов «референдум міндетті түрде өтеді» дейді. «Жуықта Конституциялық кеңес өз шешімін жариялап қалар» деген үмітін де айтты. «Егер Конституциялық кеңес Ата заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар заңға сай десе, президент келісуге мәжбүр болып, референдумды тағайындайды» дейді Болат Әбілов.

- Егер Конституциялық кеңес «референдум өткізу туралы шешім - заңсыз әрі Конституцияға жатпайды» десе, онда мәжіліс пен сенатты тарату керек.
«Азат» ЖСДП тең төрағасы Болат Әбілов. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
Демек онда кәсіби емес, заңды білмейтін адамдар отыр деген сөз. Бұл да - үлкен проблема. Сондықтан бұл жағдайда Конституциялық кеңес «иә» деп айтар, - дейді «Азат» ЖСДП ның тең төрағасы Болат Әбілов.

Оның болжамынша, референдум наурыз айының ортасында өтеді. Бірақ ол өз партияларының референдумды қолдамайтындарын мәлімдеді. «Егер Нұрсұлтан Назарбаев ашық әрі бәсекелестік сайлауда осындай жеңіске жететін болса, бірінші болып құттықтауға дайын екенін» айтады Болат Әбілов.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламент палаталарының бірлескен отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістерді Конституцияға енгізуді қолдап бірауыздан дауыс берді.

Назарбаев парламенттің бұл шешімі Конституцияға сай келер-келмесін анықтауды сұрап, заңды қаңтардың 17-сі күні Конституциялық кеңеске жолдады. Конституциялық кеңес бұл мәселеге байланысты өз ұйғарымын бір айдың ішінде айтады.

Президентшіл партиялар референдумды қолдап, «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясын» құрды. Бұл коалицияның алғашқы отырысы қаңтардың 27-сінде Астанадағы Тұңғыш Президент Мұражайында өтті.

Ал оппозициялық партиялар Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Назарбаевтың өкілетін ұзарту үшін референдум өткізу бастамасын сынады. Олар сенбі, қаңтардың 29-ы күні Алматыда жиын өткізіп, «Жаңа Қазақстан» республикалық демократиялық форумы» деген блок құрды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG