Accessibility links

Референдум мәселесі он күннің ішінде шешілуі мүмкін


Референдумға қарсылық ретінде ЕҚЫҰ кеңсесі алдында президент Назарбаевтың суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.

Референдумға қарсылық ретінде ЕҚЫҰ кеңсесі алдында президент Назарбаевтың суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.

Қаңтардың 17-сі күні президент Нұрсұлтан Назарбаев парламенттің Конституцияға енгізген өзгертулеріне қол қойған жоқ. Ол өзгертулер енді Конституциялық кеңеске жіберілді. Конституциялық кеңес өкілдері түпкілікті шешім он күннің ішінде шығуы мүмкін деп болжайды.


Конституциялық кеңестің баспасөз хатшысы Гүлнар Байгелдінің айтуынша, Конституциялық кеңес қазір президенттің осыған қатысты жолдауын қабылдап, зерттеп жатыр. Оның айтуынша, алда әлі екі жиын болады.

– Бүгін президенттің жолдауын қабылдауға қатысты алғашқы жиын өтіп жатыр. Мұнан соң Конституциялық өндірістің қатысушылары арнайы отырыс өткізбек. Конституциялық өндірістің қатысушыларына мемлекеттік орган өкілдері, құқыққорғау ұйымдары өкілдері, сарапшылар, президент атынан келген өкілдер кіреді. Неге десеңіз, талқылауға жолдаудың субъектісі де қатысуы тиіс. Ал бұл екінші отырысқа ақпарат құралдары тек бақылаушы ретінде ғана қатыса алады, – деді Гүлнар Байгелді қаңтардың 17-cі күні Азаттық радиосына.

Заң бойынша кеңес бір ай ішінде түпкілікті шешім шығаруға тиіс. Алайда бұл мерзім президенттің талабы бойынша 10 күнге дейін қысқартылуы мүмкін. Конституциялық кеңестің баспасөз хатшысы Гүлнар Байгелдінің айтуынша, әзірше президенттен ондай талап түспепті. Бірақ ол Конституциялық кеңестің қорытынды жиыны алдағы он күннің ішінде өтуі мүмкін екенін де айтып қалды.

– Менің ойымша, Конституциялық кеңес алдағы он күннің ішінде шешім шығаруы мүмкін. Бірақ бұл жеке менің болжамым ғана, – деді Гүлнар Байгелді.

Гүлнар Байгелді, сонымен қатар, бүгіннен бастап, Конституциялық кеңес мүшелерінің ешкімге ешқандай түсініктеме беруге құқығы жоқтығын да айта кетті.

Қазақстан парламентінің қос палатасы жұма күні Назарбаевтың өкілетін ұзарту бойынша референдумға қатысты ҚР Конституциясына арнайы өзгертулерді енгізуді бірауыздан мақұлдаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG