Accessibility links

«Референдумды мақұлдаса, Қазақстан құқықтық мемлекет деген атынан айрылады»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурациясы кезінде қолын Қазақстан Республикасының Конституциясына қойып, ант қабылдап тұр. Астана, 20 қаңтар 1999 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурациясы кезінде қолын Қазақстан Республикасының Конституциясына қойып, ант қабылдап тұр. Астана, 20 қаңтар 1999 жыл.

«Конституциялық кеңес президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту жөніндегі кезекті референдумды мақұлдаса, Қазақстан құқықтық мемлекет деген атынан айрылады» дейді сарапшылар. Назарбаевтың жақтастары ол пікірмен келіспейді.


Конституциялық кеңестің баспасөз қызметі 17 қаңтар күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын алғанын хабарлады. Президент Назарбаев «Конституцияға қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» заңның Конституцияға сай келер-келмесін сұраған екен. Ол жолдау сол күні «қаралып, өндіріске кетті».

Бұл заң президент Назарбаевтың өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзартуды қолдайды.

Президент Назарбаевтың өкілетін тағы бір референдум арқылы кезекті ұзарту Конституцияға сай келе ме? Президент сайлауын референдуммен ауыстыру Қазақстан мақұлдаған халықаралық міндеттемелер мен келісімдерге қайшы емес пе?

Азаттық радиосы осы сауалды бірнеше заңгер, құқық қорғаушы, саясаткерге (араларында тәуелсіз саясаткерлер мен билікке жақын партияның жетекшісі, қазіргі шенеунік те бар) қойған еді.

САЙЛАУ ЖӘНЕ САЙЛАНУ ҚҰҚЫ

Тәуелсіз сарапшылар өз пікірлерін дәлелдеу үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жазылған Конституция бабын дәлел етеді. Ал билікке бүйрегі бұратын саясаткерлер мен шенеуніктер да сол заңға жүгініп, президент пен парламенттің Конституцияға өзгеріс енгізуге байланысты өкілеттері жазылған бабын көрсетеді.

Құқық қорғаушы әрі тәуелсіз заңгер Амангелді Шорманбаев «Конституция бойынша адамның құқы мен бостандығы әркімде туғаннан бар және азаматты ол құқынан айыруға болмайды» дейді.

– Сайлау және сайлану құқы – азаматтың Конституцияда бекітілген құқы. Адамды ол құқынан айыруға болмайды. Қанша адам референдум өткізуді қолдаса да, заңға өзгеріс енгізу арқылы әр адамды сайлау және сайлану құқынан айыруға болмайды. Бір адам шығып: «Менің сайлаушы ретіндегі құқым бұзылмасын. Бұл керек емес» десе, мұның бәрі заңсыз болып шығады.

Конституцияның 39-бабы бойынша, адамның құқын ешбір саяси негіз бойынша шектеуге болмайды. Саяси негіз дегенді референдум өткізуді
Олардың ойынша, қазіргі президент, өз көсемдері билікте отыра беруі керек
қолдаушыларға қарата қолдануға болады.

Олардың ойынша, қазіргі президент, өз көсемдері билікте отыра беруі керек. Яғни бұл бастаманың анық саяси реңкі бар. Сондықтан бұл (биліктегі президенттен өзге) басқа азаматтардың сайлау және сайлану құқы шектелмеуі керек деген 39-бапқа сәйкес келіп тұр.

Конституция бойынша, азаматтардың бәрі заң алдында бірдей деген құқы шектелмеуі керек. Президентке ерекше жағдай жасап, оны жұрттан артық қоюға болмайды. Өйткені заң алдында бәрі тең, – дейді Амангелді Шорманбаев.

«САЙЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ РЕФЕРЕНДУМ ӨТУІ МҮМКІН ЕМЕС»

Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, «Референдум туралы» заңның 3-бабында референдум арқылы дауысқа салынбайтын, азаматтардың құқы мен бостандығын бұзатын мәселелер бар.

– Сайлау және сайлану құқы – конституциялық құқық. Сондықтан сайлауға байланысты референдум өтуі мүмкін емес. Сайлау құқы мәселесі рефренумға мүлдем өзек бола алмайды, – дейді құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.

Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы мүшесі Өтеген Ықсанов «Конституциялық кеңестің қарауынан соң Конституцияға енетін түзетулер басты заңға сай емес» дейді.

Қазақстан парламенті 14 қаңтар күні қабылдаған заң қазіргі президенттің «Елбасы» деген мәртебесін, «Ұлт көшбасшысы туралы» заңға сілтеме жасай отырып, конституциялық тұрғыдан бекітуге тырысқан.

Бірақ Өтеген Ықсановтың ойынша, заң президент қол қойған сәттен бастап күшіне енуі керек. Ұлт көшбасшысы туралы заңға Назарбаевтың қол
Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы мүшесі Өтеген Ықсанов. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл.
қоймағаны белгілі. Өтеген Ықсановтың айтуынша, әлі күшіне енбеген заңға сілтеме жасау – заңдық тұрғыдан сауаттылық емес. Ол 14 қаңтардағы заңды «новелла» деп атады.

– Бұл заң күшіне енсе, ол Конституциияның 33-бабының 2-бөлігіне қайшы келеді. Онда «Республиканың азаматтары сайлау және сайлану құқына ие» деп жазылған. Парламент қабылдаған «новелла» азаматтарды ол құқынан айырады.

Бізде 16 миллионнан астам адам бар. Соның ішінде сайлау құқы 10 миллионында бар шығар. Парламент осы 10 миллионды сайлау және сайлану құқынан айырмақ, – дейді Өтеген Ықсанов.

ТЫЙЫМ САЛЫНБАҒАН РЕФЕРЕНДУМ

Ал президент Назарбаевтың жақтастары Қазақстан Конституциясы мен заңдарын басқаша түсіндіреді. Бұрын Конституциялық кеңес мүшесі болған, қазір бас прокуратураның жауапты қызметкері Қабылсаят Әбішев президенттің референдум өткізуге келіспеген шешімін еңсерген, «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдаған парламент Конституцияның 91-бабына сәйкес өз өкілеті аясында әрекет етті дейді.

Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы, қазір Заң академиясының ректоры және президентшіл «Әділет» партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев «референдум төңірегіндегі әрекеттердің ешбірі Қазақстан қол
Мақсұт Нәрікбаев өзі жетекшілік ететін жоғарғы оқу орыны ұйымдастырған шара кезінде. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл.
қойған халықаралық келісімдер мен пактілерге де, елдің Конституциясы мен заңдарына да қайшы емес» деді.
«Бірақ елдің негізгі заңына өзгеріс енгізбей-ақ референдум өткізуге болар еді» деген ойын да айтты.

– Өйткені Конституцияда да, референдум туралы заңда да, басқа заңдарда да да президенттің өкілетін ұзарту мәселесін референдум арқылы қабылдауға тыйым салмаған, – дейді Мақсұт Нәрікбаев.

«КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ТЕК БІР АДАМҒА БАЙЛАНЫСТЫ»

Құқық қорғаушы және заңгер Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, президент Назарбаевтың өкілетін референдум арқылы ұзарту туралы заң Қазақстан мақұлдаған халықаралық міндеттемелер мен келісімдерге, әсіресе Азаматтардың азаматтық және саяси құқы туралы халықаралық заңға қайшы.

Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы мүшесі Өтеген Ықсанов бұрынғы әріптесі Мақсұт Нәрікбаевтың жоғарыдағы пікірімен келіспейді.

Конституция мен халықаралық пакт, құжаттарды бұзған Қазақстанды
Конституцияда «заң мен сот алдында бәрі бірдей» делінген. Республика президенті де – жұрт қатарлы ел азаматы
«демократиялық» және «құқықтық мемлекет» деуге болмайды дегенді айтады Өтеген Ықсанов.

– Конституцияның 1-бабында «басты құндылық... адам, оның өмірі, құқы мен бостандығы» делінген. Сол адам 10 миллион азаматпен бірге сайлау және сайлану құқынан айрылды. Жалғыз адам жұрттан ерекше мәртебелі болды. Конституцияда «заң мен сот алдында бәрі бірдей» делінген. Республика президенті де – жұрт қатарлы ел азаматы, – дейді Өтеген Ықсанов.

Өтеген Ықсанов Конституцияға жиі-жиі өзгеріс енетінін, ол өзгерістер тек бір адамға – Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана байланысты екенін айтты.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН ӘРЕКЕТ»

Заңгер әрі Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның құқық қорғау орталығының жетекшісі Виктория Тюленева «президент өкілеті мен Конституцияға байланысты оқиғалар - парламенттің президент беделін арттыруға арналған әрекеті» дегенді айтады:

– Ол (президент Назарбаев – ред.) халықаралық қауымдастықтың алдында сүттен ақ, судан таза болады. «Жоқ, маған референдум керек емес. Бірақ елде мүлдем басқа шешім қабылдайтын парламент бар ғой» дейді. Менің ойымша, бұл - президенттің өзімен келісілген, оның «демократ» ретіндегі беделін сақтауға арналған саяси іс. Сондықтан біраз елшілік, әсіресе АҚШ елшілігі «референдум өткізу – демократиядан бас тарту» деп мәлімдеме жасады. Оның бәрі тек Назарбаев мырзаға бағышталды. Ол өз атына кір келтірмеу үшін осындай саяси қулық жасап жатыр, – дейді Виктория Тюленева.

«Таяу арада (Кедендік одаққа енуге байланысты) коммуналдық қызмет ақыларының қымбаттауына қарсы әлеуметтік толқу болады» деген әлеуметтанушылар мен саясаткер болжамын айтады Виктория Тюленева.

– Сол кезде Назарбаев мырзаның ел алдындағы беделі түсіп қалуы мүмкін. Менің ойымша, осыдан қорқып, сайлау өткізгісі келмейді. Сондықтан референдум оның ендігі он жылға өтуіне кепіл болмақ, – дейді Виктория Тюленева.

ПРЕЗИДЕНТТІ АРАНДАТУ МА?

Заңгер әрі құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев «президент Назарбаев референдум өткізу деген амалға алданбағаны жөн» дейді.

– Референдумды қазір өткізгенмен, кейін өзіне сор болуы мүмкін. Референдум арқылы президентті де заңсыз етуге болады. Өйткені қол жинау науқанынан бастап бәрінің заңсыздығы көрініп тұр. Референдумның заңсыздығын дәлелдеу қиын емес.

Президент сайлауда жеңсе, заңсыздықты дәледеу қиынға соғады. Сайлауға байланысты құжаттар үш айдың ішінде жойылады. Бірақ бұл жолы кейін дәлелдеудің еш қиындығы жоқ заңсыздықтар көрініп тұр. Оны төңірегіндегі біреулер әдейі осыған жетелеп келе жатқан сияқты, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Өтеген Ықсанов 20 шақты жыл ел билеп, ақыры айналасындағылардың түртпегінен елінен қашқан Тунис президентін мысалға келтеді.

– Парламент пен президенттің төңірегіндегілер мұндай сорақы заңды қабылдатуға мәжбүрлейді. Ақыры елдің де, президенттің де беделі түседі. Кеше ғана Конституцияны 5-6 рет өзгертіп, 23 жылдан бері билік құрған Тунис президентінің маңындағылар елде тәртіпсіздік ұйымдастырды. Ақыры президент елінен қашып шықты, – дейді Өтеген Ықсанов.

«Конституцияға қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» заң әлі қабылданған жоқ. Конституцияға сай келер-келмесін, қазіргі президенттің «Елбасы» деген жаңа мәртебесін негізгі заң бойынша бекіту мәселесін анықтау үшін Конституциялық кеңеске жіберілді. Бірақ Конституциялық кеңестің 17 қаңтар күні таратқан баспасөз баянында Қазақстан басшысының ресми лауазымы әлден-ақ «Тұңғыш Президент – Елбасы» деп жазылыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG