Accessibility links

Қазақ элитасы туралы кітапта ешкімнің есімі аталмайды


«Құлағанды өзі ғана сүйемелдейді» («Упавший поднимется сам») кітабының авторы Нұртай Еркеғұлов.
«Құлағанды өзі ғана сүйемелдейді» («Упавший поднимется сам») кітабының авторы Нұртай Еркеғұлов.

Банкир Нұртай Еркеғұловтың Алматыда шыққан «Құлағанды өзі ғана сүйемелдейді» кітабында ел элитасы кейіпкерлерінің есімдері аталмаған. Әуесқой жазушы «оларды оқырманның өзі тани жатар» дейді.

Нұртай Еркеғұловтың биыл күзде жарық көрген «Құлағанды өзі ғана сүйемелдейді» («Упавший поднимется сам») кітабы 1990 жылдар қоғамындағы негізгі оқиғаларды баяндайды. Қазақстанның жаңа тарихы жайлы жазылған кітаптар, әсіресе көркем шығармалар аз. Бас кейіпкерлерінің есімін атай алмау себебін роман авторының өзінен сұрадық.

Азаттық: – Еркеғұлов мырза, кітабыңызды оқып шыққан соң жұртқа қызықты тақырыпты қозғағаныңызды түсінесің. Қазір байып кеткен адамдардың көбі алғашқы капиталын жинап алған, Қазақстанның жаңа элитасы қалыптасқан, жемқорлық жайлаған 1990 жылдар жайлы роман жазуға не түрткі болды?

Нұртай Еркеғұлов: – Совет заманында аудандық және қалалық комсомол комитетінде, мемлекеттік қызметте, үкімет аппаратында жұмыс істедім. 1997 жылы Астанаға көшіп келген соң біраз табысқа жеттім. Балғымбаевтың үкіметі отставкаға кеткен кездегі қысқартулардан кейін мемлекеттік қызметтен кеттім. Шынымды айтсам, шаршаппын. Кейін банкке жұмысқа шақырды, міне 15 жылдан бері банкте жұмыс істеймін.

Өмірімде әр түрлі адамдарды – үлкен табысқа жеткендерді де, ештеңеге жетпегендерді де жолықтырдым. Жұмыс бабына қарай талай қызықты жандармен ұшырастым. Романымда әлдебір адамдарды сипаттап, әшкерелеуге тырысқан жоқпын немесе «компроматқа толы шабаданға» айналуды көздеген жоқпын. Белгілі бір тенденцияларды, бәрімізге ортақ дертті, қазақи болмысымыздың ерекшелігін көрсетуге тырыстым.

Азаттық: – Кітабыңызды әлі оқып үлгермеген оқырман элитадағы қандай құбылыстарды тани алатынын айтып беріңізші.

Нұртай Еркеғұлов: – Менің романым – барша қазақстандықтың көкейіндегі жиынтық ой екенін айтқым келеді. Ал біреу-міреу менің пікіріммен келіскісі келмесе, өз еркі.

Романда баяндалған жайттармен бәріміз таныспыз. Менің романым – бәрімізге тікелей қатысы болған тарихтың бір бөлшегі. Кім болғаның маңызды емес. Осы елде өмір сүрген мейлі министр, банкир, таксист болсын, романда сипатталған жағдайды басынан өткерді. Енді ары қарай осы келеңсіздікпен күресу керек. Романда дәрменсіз оппозицияны сынайтын тұстар бар. Оппозиция қарсылық танытуы әрі бұған дәрмені жетуі тиіс. Романымда махаббатқа да көп орын берілген.

Азаттық: – Кейіпкерлеріңіздің прототиптері роман сюжетімен танысып, өздерін таныған болар, олар тарапынан әлдебір реакция болды ма?

Нұртай Еркеғұлов: – Нақты кейіпкерлерімнің кім екені танылмасын деген мақсатпен «Романдағы оқиғалар ойдан шығарылған, кейбір ұқсастықтар кездейсоқтық, қалғаны шындық» деген эпиграф жаздым. «Қазақстан» деген сөзді қоспағаныммен, кімнің кім екенін тануға болады, кейбір кейіпкерлер елімізде жоғары қызмет істейтін адамдар. Ешкіммен тартысқа түскім келмейді. Әзірше романнан өзін танып, маған кінә артқан ешкім жоқ. Бірақ, 1990 жылдары елімізде болған жайттарды жазған маған не деп кінә тағады? «Оппозициялық роман» деген жандарға: мүлде олай емес, менің романым жарқын келешек орнайтынына сенім туралы дегім келеді.

Бәрімізге қатысы болғандықтан, еліміз туралы ашық жаздым, батырып жаздым. Нағыз кейіпкерлерімнің кім екенін оқырмандардың көбі біледі. Біреуді әшкерелейін деген ойым болған жоқ, әрі біреуді айыптайтындай қолымда дәлелім де жоқ қой.

Азаттық: – Романда қай күйеу бала, қай президент екенін нақты жазасыз, бірақ есімдерін атамайсыз. Неліктен? Жәке, Батыр, Марат деген кейіпкерлердің прототипі кімдер? Кітапты оқыған кезде олардың Қазақстандағы белгілі адамдар екені сезіліп тұрады.

Трайбализм – қоғамды тұйыққа тірейтін құбылыс. Ол жеке адамға сенбейді. Менің романымда банкті күйреткен комсомол көсемі бар, ол да Қазақстандағы белгілі тұлға. Көне жәдігерлерден коллекция жинайтын шенеунік те жұртқа белгілі адам.

Нұртай Еркеғұлов: – Романда «Қазақстан» деген сөз жоқ, сондықтан бұл әлдебір елдің бейнесі. Бірақ, көп жағынан Қазақстанға ұқсайды. Бір кейіпкердің прототипі – ел президентінің күйеу баласы Рахат Әлиев. Онымен жеке таныстығым жоқ болғанымен, баспасөзде жарияланған материалдарға, жұрт арасында тараған әңгіме-қауесеттерге сүйендім. Романымды кейіпкердің құдіреті жүріп тұрған 1990 жылдардың басында жазғанмын әрі оны Қазақстанда шығар алмайтынымды түсіндім. Қайта өңдеп жазып, әуелі Мәскеуде шығарған кітабымды Қазақстанға жуырда әкелдім. Ал Батырдың прототипі – мүлде жиынтық образ. Оны идеал кейіпкер ретінде ойымнан шығардым. Жәке деген кейіпкер де жиынтық бейне. Біздің елде «қандай мәселе болмасын шешіп беретін «аға-көке» деген термин бар. Бас пайдасын ғана ойлайтын пайдакүнем «көкелер» мен елдің қамын жейтін, туыстарына көмектесетін жайсаң «ағалар» бар. Жәке халықтың бір бөлігіне ғана сеніп, сүйенеді, онысы дұрыс емес. Трайбализм – қоғамды тұйыққа тірейтін құбылыс. Ол жеке адамға сенбейді. Менің романымда банкті күйреткен комсомол көсемі бар, ол да Қазақстандағы белгілі тұлға. Көне жәдігерлерден коллекция жинайтын шенеунік те жұртқа белгілі адам. Олардың кім екенін оқырманның өзі де сезген болар.

Азаттық: – Ел президентінің айналасындағы адамдарды жағымсыз етіп суреттейсіз, бірақ президенттің жұмысы жайлы бір сөз жоқ. Романда оны періште адам етіп көрсетесіз. Ал кітабыңызды Қазақстанда Рахат Әлиев қашып кеткен соң шығаруыңыздың себебі неде?

Нұртай Еркеғұлов: – Қиын сұрақ. Қазақстанда романымды енді ғана шығаруымның себебі, біріншіден, бұрын Рахат Әлиевтен қорықтым. Одан бері талай жыл өтті, жұрт батыл бола бастады, интернет пайда болды. Еліміз бұрынғы қатал өлшемдерінен арылды. Романда президенттің айналасындағы адамдар қатты сыналған деп айтпас едім, өйткені оның айналасын танымаймын, білмеймін. Мынау жақсы, мынау жаман деп айта алмаймын. Оның айналасындағылар – әдеби кейіпкерлер. Ал оқырмандарым осы айырмашылықты көрсе екен, бұл менің ойым екенін түсінсе екен деймін.

Ал президентті үйіңде креслода отырып та сынай беруге болды. Бұл жағынан алғанда мен көбінесе сынауды емес, келешек жайлы ой толғауды көздедім, ал келешегіміздің қандай болары президентке байланысты. Ол кісі қаласа жарқын келешек орната алатынын білемін. Мүмкін, кемшіліктерін атамай, жақсы жақтарын ғана көрсеткен шығармын. Бірақ мұны бізде бәрі жақсы болсын деген тілекпен жаздым. Мен аяқ астынан бір сағатта бай болып шыға келген адамдарға емес, сүрініп, құласа да еңсесін тіктеген жандарға тәнтімін. Әрине, елде саяси, экономикалық проблемалар бар, бірақ оларды еңсере аламыз.

Азаттық: – Роман желісі 2000 жылдармен аяқталады. Қазіргі заман туралы жазғыңыз келмей ме?

Нұртай Еркеғұлов: – Білесіз бе, ұлы жазушылардың бәрі махаббат туралы шығармасынан кейін ештеңе жазбаған. Қыз баланың тәрбиесіне қатал қарайтын қазақтың өмірі негізі үйленгеннен кейін басталады. Әйел адам тұрмыс құрғаннан кейін ғана өзін таныта алады. Шарықтап қымбаттаған бағалар, девальвация туралы жазуға болар еді, президенттің күйеу баласының былықтары да жетеді. Қоғам бұзылып, бұрын құны болған дүниенің іргесі сөгіліп барады. Тіпті менің қатарластарымның ішінде де ажырасып жатқандар бар. Қазір ойланып-толғанып, түрткі болатын дүниені күтіп жүрмін. Егер қоғам романымды қабылдаса, мен қайда кетемін, жалғасын жазамын.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG