Accessibility links

Бизнес кейбір резервтерін әлі пайдаланбай отыр


Жекеменшік диірмен иесі. (Көрнекі сурет)
Жекеменшік диірмен иесі. (Көрнекі сурет)

Үкімет девальвациядан шығынға ұшыраған шағын және орта бизнеске бағаны реттеумен көмектеспек. Ал сарапшылар «көп дүние бизнестің өзіне байланысты, олар резервтерін пайдаланбай отыр» дейді.

Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны Екатерина Корниенко Алматы сауда техникумын бітірген. 1990 жылдардың аяғында Екатерина банктен несие алып, жеке кәсібін ашқан. Әуелі түрлі заттар сатумен айналысқан ол кеден салығы өскен соң азық-түлік сатуға көшкен. Қазір оның азық-түлік сататын бірнеше дүкені бар.

Екатерина Корниенко. Алматы, 8 наурыз 2014 жыл.
Екатерина Корниенко. Алматы, 8 наурыз 2014 жыл.
– Басында кімге болсын қиын болады. Тауармен жабдықтаушы, жеткізуші фирмалармен жұмыс істеу керек. Бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Бірақ капитан болуды армандамайтын сарбаз жоқ. Менің де арманым біртіндеп орындалып келеді. Қазіргі табысым жаман емес, кәсібімді ары қарай дамытсам деймін, - деді Екатерина Корниенко Азаттық тілшісіне.

Екатеринаның пікірінше, кәсібін енді бастаған кәсіпкердің оңалып кетуіне мүмкіндік беру керек. Ол «орынды-орынсыз тексерулермен қыспаққа алмай, салықты азайтса, бизнес те дамиды, мемлекет қазынасына да пайда түседі» дейді.

Азаттық тілшісі кәсіпкер Екатерина Корниенкодан кейін әңгімелескен сарапшылар бизнесмендерді әрі сөгеді, әрі кеңес береді.

ЖАҢА БАСТАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР ҚАТЕЛІГІ

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева кәсібін жаңа бастаған бизнесмендердің ортақ қателіктері Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуын тежеп отыр деп санайды. Ол «бизнеске салатын бастапқы капиталы жоқ адамдар тәуекелге барып, банктен несие алады да, ақыры банкротқа ұшырайды» дейді.

– Бизнестен мүлде хабары жоқ, шала сауатты, заңды білмейтін адам жеке кәсібін ашады. Несиеге қыруар ақша алады да, ақыры тақырға отырады, - дейді Гүлнәр Құрманбаева Азаттық тілшісіне.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы орынбасарының айтуынша, негізгі заңдарды білмейтін бизнесмендер қателіктерге жиі ұрынады. «Олар билік өкілдерімен жұмыс істей алмайды, шенеуніктерге өздері пара ұсынады, сөйтіп жемқорлыққа жол береді» дейді Гүлнәр Құрманбаева.

Қазақстандағы бизнеске кедергі ретінде коррупция да аталады. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы бизнеске кедергі ретінде коррупция да аталады. (Көрнекі сурет)
Экономикалық шолушы Төлеген Асқаров кәсіпкерліктің қалт-құлт етіп, дами алмай жатуының негізгі себебін бизнесмендердің тәжірибесіздігі емес, сыртқы факторлармен байланыстырады. Төлеген Асқаров кәсіпкерлерге «Бизнесіңді құтқару үшін шығындарыңды қысқарт. Мысалы, өзің де жасай алатын қызметтерге ақы төлеме - өзің істе. Банктен алған несие шарттарын қарап шығып, қайта қаржыландыру арқылы қысқа мерзімді несиені ұзақ мерзімді несиеге ауыстыр. Жұртта қарыз ақшаң болса, дереу қайтарып ал. Қолма-қол ақша айналымын үнемі бақылап отыр. Клиенттеріңді сақтап, оларды көбейту үшін маркетингтік бағдарлама құр. Тауардың белгілі бір бағасына жабыспай, біртіндеп қымбаттатуды үйрен. Сатып алушыны арзан бағамен алдай алмайсың» деген кеңестер береді.

– Қазақстан бизнесін дамытуға жемқорлық кедергі болып отыр. Бизнесті ашу оңай, бірақ билік заңсыз талаптарымен қыспаққа алған соң, кәсіпкер бизнесін бастамай жатып жауып тастайды, - дейді Төлеген Асқаров Азаттық тілшісіне.

БИЗНЕС ТЕ ФУТБОЛ СИЯҚТЫ

Оппозициялық саясаткер Петр Своик қазақстандық бизнесті футбол ойынына теңейді. Оның айтуынша, «футбол алаңындағы стадион, төреші, ойыншы ұғымдарын бизнеске қатысты қолдануға болады. Мысалы, бизнесмендер –ойыншылар, ал мемлекет пен әкімдіктер - стадион мен төрешілер».

Монополияға қарсы комитеттің бұрынғы төрағасы Своик «бизнесін құтқарғысы келетін кәсіпкер әуелі бәсекелестерінің тәжірибесін зерттеп алуы тиіс» дейді. Оның айтуынша, бизнес-жоспарды үнемі жаңартып отыру қажет.

– Қазақстанда экономикалық дағдарыс цунами сияқты қайта айналып соғып отырады. Сұраныс жоқ болса, айналымға жіберетін ақшаң болмаса, кәсібіңді қалай жүргізесің? Менің кеңесім – ешқашан жалғыз-жарым іс бастама. Қарызыңды көбейтпе, яғни жаңа несие алуға асықпа. Дүние-мүлкіңді арзанға сатпа. Кәсібіңнің жаңа қырларын меңгеріп, клиенттеріңе қосымша қызмет түрлерін ұсын. Меніңше, осы қағидаларды орындаған кәсіпкердің бизнесі тұраламайды, - дейді Петр Своик.

Саясаткер Петр Своик.
Саясаткер Петр Своик.
Ол дүкен қожайындары мен тауар, қызмет түрлерін сатумен айналысатын кәсіп иелеріне «Тауарыңды жеңілдік бағамен сату арқылы сауда көлемін ұлғайт, сатып алушыларға тегін сыйлықтар тарат, тұрақты клиенттеріңе арналған бонустық жүйе енгіз. Шығының мен капиталыңды бақылап отыр. Сұраныс жоқ тауарларды сөрелерден дер кезінде алып таста және қауіп-қатерлерді дер кезінде ескер» деген кеңес береді.

Петр Своиктің пікірінше, үкіметтің «бизнесті тауар бағасын қымбаттатпау арқылы құтқару» жоспарынан түк шықпайды.

Алматы қаласы әкімдігінің статистикалық деректеріне сәйкес, бизнес-компаниялардың 38 пайызы өткен жылды шығынмен аяқтаған. Қала бюджеті кірісінің 64 пайызы шағын және орта бизнестен түскен.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG