Accessibility links

Ресми БАҚ-тың үкіметті сынауы көпті таңырқатты


Алматы тұрғыны "Хабар" телеарнасын көріп отыр. (Көрнекі сурет)
Алматы тұрғыны "Хабар" телеарнасын көріп отыр. (Көрнекі сурет)

Бірқатар мемлекеттік БАҚ-тың үкіметтің атына дүркін-дүркін сын айтуы көрермендерді таңырқатып, әлеуметтік желілерде әрқилы әжуаға ұласты.

«Жаңалықтарды көріп отырып, түсінбей қалдым: қосқан арнам – «Хабар» сияқты, жаңалықты беру формасы – КТК!» деп жазды Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Тоқтар Жақаш қарашаның 1-і күні.

Ал актер Асқар Наймантаев үкіметке қарата айтылған әдеттен тыс сындарды «Ух, ты!» («Мәссаған!») деген сөзге сүйей келіп: «Хабар» мен «Қазақстанның» шарт оянған батылдығынан кейін мен де «Ух, ты!» деп отырмын. Тойыс, көзімді жұмып жатырмын. Ашсам ба екен, ашпасам ба екен?...» деп әзілдейді Facebook парақшасында.

«КЕШІР БІЗДІ, ҮКІМЕТ»

Мемлекеттік «Еларна» телеарнасының директоры Серік Абасов Facebook парақшасында «Үкіметті мемлекеттік БАҚ-тың жабылып «жүндей түтуіне» не себеп?» деген сауал қойып, «ГосСМИ (мемлекеттік БАҚ) көп жыл бұрын түсіп қалған тістерінің орнына алмалы-салмалы протез салдырып алды» деген сарында әзілге сүйенген пост жазды.

Мемлекеттік БАҚ-та істейтін журналистер де аяқ астынан ақпараттық саясаттың бұлайша өзгеруін неге баларын білмей дал. «Қазақ радиосының» журналисі Мұхамедәлі Болатұлы Facebook-тегі парақшасында «Кешір бізді, үкімет...! Дегенмен, өздеріңізге де кешірім болмай тұр ғой» десе, әріптесі Нұрсерік Жолбарыс «Бәріміз осылай деп дүйсенбідегі жұмысқа кірісіп кеттік» деп қостайды.

Өркен Кенжебек, журналист. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
Өркен Кенжебек, журналист. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
​Ал мемлекеттік «Хабар» агенттігінің журналисі Өркен Кенжебек Twitter парақшасында «Қазіргі қазақ журналистикасының нудистік портреті: «Үкімет қайда қарап отыр» деген – тақырып емес, енді айдар» деп жазады.

Мемлекеттік газеттердің бірінің тілшісі «әлдебір егде әйелдің сиыры жоғалып кеткенін» қалжыңға айналдыра сипаттап, оны «#Үкімет қайда қарап отыр?» деген хэштегпен берген.

Ресми БАҚ журналистерінің осындай сөздерінен кейін Facebook қолданушылардың кейбірі «бұрын үкіметті ашық сынай алмайтын мемлекеттік БАҚ-тың аяқ астынан күшеюіне жоғарыдан берілген тапсырыс түрткі болған» деп болжасты.

«Енді «Хабар» мен «24.кз» арналары стильдерін өзгертпек. Бұл – жоғарыдан түскен бұйрық. Керек десеңіз «үкімет басшысын да түрткілей беріңдер» деген бұйрық бар екен. Бұл Елбасының сынынан кейін қолға алынған iс-шара ма, әлде жаман істің басы ма?» деп жазды Таир Нугманов есімді Facebook қолданушысы қарашаның 3-інде.

«ҚАУІПТІ ТАҚЫРЫПТАРҒА БӘРІБІР БАРМАЙДЫ»

Мемлекеттік БАҚ-тың маңызды мәселелерді көтерудегі еркіндігінің шектелгені соншалық олардың үкіметтің жұмысына қатысты қатардағы сын пікірлер жариялауының өзі көпшілікке сенсация болып көрінгендей. Дәл сол себепті бұл құбылыстың өміршеңдігіне күмәнмен қарайтындар көп. Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті Динара Нұрышева Азаттыққа:

– Мемлекеттік БАҚ-тардың үкімет қызметін сынауы «уақытша тенденция немесе белгілі тапсырысты өтеу» деген скептикалық пікір қалыптастырып отыр, - дейді.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.
Ресми БАҚ-тың бұл «батыл» әрекетін қазіргі үкіметті орнынан алу алдындағы дайындық деп қабылдағандар да бар.

– Мемлекет басшысы шын мәнінде биліктің барлық тармағының басшысы болып отырғанда мемлекеттік ақпарат құралдары жоғарыдан түскен бұйрықсыз үкіметті қатаң сынай алмайтыны айдан анық. Яғни бұл – Ақорданың тапсырмасы, – дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Ал тәуелсіз журналист, қоғамдық белсенді Қасым Аманжолұлының пікірінше, «таңнан кешке дейін тек мадақпен айналысатын БАҚ-тардың «жүрісінен жаңылуы» әлеуметтік желідегі жұртқа ерсі, қызықты болып көрінуі – заңдылық».

– Алайда бұл «сындар» мәселенің түп-төркініне – яғни ең басты мәселелерге бармайтынын болжау тағы да қиын емес. Ол – әділ сайлау, Жаңаөзен қырғыны, президент отбасының байлығы сияқты қауіпті тақырыптар, – деді Қасым Аманжолұлы Азаттық тілшісіне.

Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл қазан айының 11-інде Қазақстан үкіметінің кеңейтілген жиынында премьер-министрі Серік Ахметовтің үкіметін сынаған еді.

Содан кейін «Хабар» телеарнасы «Жетi күн», «Қазақстан» телеарнасы «Аpta.kz» апталық бағдарламаларында, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері соңғы нөмірлерінде («Шенеуніктер неге икемсіз?», «Куда смотрит Правительство?» атты мақалаларында) үкіметті қоса сынап, «бірқатар келеңсіз жайттарды әшкерелеген».

Қазақстан президентінің әкімшілігі қарашаның 4-і күні таратқан ақпаратқа қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев «қазанның айында өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында айтқан сындары толық жетпей жатқанына» нұсқап, «сынын ақпарат құралдары арқылы барынша таратуды тапсырған».
XS
SM
MD
LG