Accessibility links

Жанды сұрақтардың жансыз жауаптары


Кәрім Мәсімовтің блогын қарап отырған қолданушы. Алматы, 21 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Кәрім Мәсімовтің блогын қарап отырған қолданушы. Алматы, 21 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің блогы интернет қолданушылармен арадағы диалогқа емес, қабылдау бөлмесінің стандарт жауаптарына ұқсайды.

Интернет қолданушы "Анти-Борат" фильмін түсіру қажеттігін айтып, үкіметтен ақша сұраған.

"САЯСИ АҚПАРАТ МҰҒАЛІМІ"

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің блогына аптасына орташа есеппен 17 өтініш келіп түседі. Олардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік тақырыптарға байланысты. Мәсімов блогында "саяси мазмұндағы" өтініштер де ара-тұра кездесіп қалады.

Алматылық гимназияның 2 «Б» сыныбының ата-аналар комитетінің атынан Наргиз есімді қолданушы қыркүйектің 10-ы күні Мәсімов блогына көмек сұрай хат жазған.

Онда хат авторы екінші сыныптағы «ақылды бүлдіршіндерге» әр бейсенбі сайын «саяси ақпарат сабағы» (урок политинформации) өтіп тұратынын мақтана жеткізіп, премьерден олардың «Астанаға іс-сапарын ұйымдастыруын» сұрайды.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Санкт-Петербург, 19 қазан, 2011 жыл
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Санкт-Петербург, 19 қазан, 2011 жыл
«...Онда (саяси сабақта – ред.) бүлдіршіндер аптаның өте маңызды саяси және экономикалық жетістіктері туралы айтады. Барлық бүлдіршіндер саяси тұрғыда шыңдалған және көп нәрсені біледі...Жақында балаларды Астанаға апару туралы идея туындады. Экскурсияға апарып, Астанамыздың қандай керемет екенін көрсетсек. Бәйтерек, Ақ Орданы, сол жақ жағалауды, тарихи астананы көрсетсек деп едік. Танымдық жағынан өте пайдалы болар еді...Балаларымыз президент пен премьер-министрмен кездессе ғажап болар еді...» деп жазылған хатта.

Блог иесі бұл өтінішті Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке аударып жіберген. Ал қала әкімінің блогынан бұл өтінішті таба алмадық.

«АНТИ-БОРАТ» ФИЛЬМІ

Қыркүйектің 10-ы күні Кави ретінде тіркелген қолданушы премьер-министрден «Анти-Борат» фильмін түсіру үшін 10 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы сұрап, мұның «Қазақстан үшін жақсы пиар» болатынын жазған.

«...Фильмнің сценариі шамамен мынадай: семіз американдық жігіт Бораттың фильмі рас па екен деп, соған көз жеткізу үшін Қазақстанға келеді. Мұнда әдемі бір қызбен танысып, қаланы аралап, Астананың биік ғимараттарын көреді. Аяқ астынан бір төтенше оқиғаға (оны ойлап таба салса болады, вариант көп, мысалы, ол банкіге барып, сол кезде банкке тонаушылар кірсін. Шетелдік қалтасында адамды талдыратын шағын газ балоны болғандықтан бәрін құтқарып қалады т.с.с.) тап болады. Сосын әлгі қыз оны Алматыға шақырып, Алматыны да көреді, осылайша Қазақстан туралы көзқарасын түбегейлі өзгертеді» деп жазады қолданушы.

Премьер-министр бұл өтінішті мәдениет және ақпарат министрлігіне бұрып жіберген. Ал министрдің блогынан бұл сұрақты таба алмадық.

Премьер-министрдің блогындағы өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік тақырыпқа арналған. Көп жылдардан бері ауыз суға жете алмай отырған тұрғындар, дәрігерлердің біліксіздігінен зардап шеккен науқастар, құлайын деп тұрған мектепте оқып жатқан балалардың ата-аналарының уайым-шағымдарын да осы жерден табасыз.

ЖОЛАҚЫ

Жаз айларында Алматыда жолақы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттаған еді. Таиржан есімді студент жолақы қымбаттаса да, қоғамдық көліктердің жағдайы бәз-баяғы қалпында қалғанын жазып шағымданған.

Алматыдағы қоғамдық көліктің іші. Алматы, 16 қазан, 2011 жыл
Алматыдағы қоғамдық көліктің іші. Алматы, 16 қазан, 2011 жыл
«...Ал жарайды, бағасының қымбаттағанына келістік делік, бірақ 80 теңге алып отырған автопарк автобусты «адам отыратындай» жағдайға неге келтірмейді? Автобустар адамдарды лық толтырып алады, өздерін «құдайдай» сезінген жүргізушілер адамдармен дөрекі түрде сөйлеседі. Жолда жүрген кезде білгендерін істейді. Жолда жүру ережесін сақтамай адам өміріне қауіп төндіреді, көбірек жолаушы алу үшін бір-бірімен жарысады, аялдамаларда ұзақ тұрады. Осы мәселеге назар аударуларыңызды сұраймыз» деп жазған студент.

Ал блог авторы бұл сұрақты Алматы қаласы әкімінің блогына бағыттап жібергенін жазған.

"БОМЖДАРДЫ ҚЫСТАН АМАН ӨТКІЗУ"

Қыркүйектің 5-і күні Антуан Олегович есімді қолданушы «Самұрық-Қазына» қоры есебінен Қазақстандағы үйсіз-күйсіз жүрген жандарға арналған үйлер салу туралы ұсыныс айтқан. «30 мың теңге алатын қарапайым жұмысшы» «өзінің жоспары» туралы :

«...Заңды негізде жұмыс жасап жатқан қоғамдық ұйымдармен біріге отырып, мемлекет бөлген 1,3 - 3 млн доллар көлеміндегі транштың арқасында Петропавловск қаласының маңынан үйсіз-күйсіз жүрген жандарға арнап құрылыс жүргізуді бастар едік...» деп жазған.

Хат авторы өте арзан салынған үйлерге елдегі мыңдаған «бомждарды» жинап, осылайша қыстан аман-есен сақтап қалуға болатынын жазған.

Ал мұны блог иесі «Самұрық-Қазына» қоры басшысының блогына қарай ысырған.

Интернетте премьер-министр Кәрім Мәсімовтың блогы 2009 жылы пайда болған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG