Accessibility links

Билікшіл БАҚ Козловқа шыққан үкім туралы


«Алға! мен Ақша» фильмінің скриншоты. 9 қазан 2012 жыл.

«Алға! мен Ақша» фильмінің скриншоты. 9 қазан 2012 жыл.

Сот үкімі шыққан күні «Қазақстан» және «Хабар» телеарналары арнайы фильм көрсетіп, Козловты «шіріген жұмыртқа» деп атады. Ал ресми газеттер «сот шешімі әділ» екенін жазып жатыр.

«Хабар» агенттігі қазанның 8-і кешкілік қорытынды жаңалықтарында «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты» деген ақпарат берді.

«17 тамыз күні басталған қылмыстық сот ісіне нүкте қойылды. Владимир Козлов пен оның сыбайластары Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтерге қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша - қоғамда бүлік шығарып, билікті құлатуға оқталды, сондай-ақ қылмыстық топ құрып, әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздырды деген айыптар тағылған» деп хабарлады «Хабар» агенттігі.

Бұл бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) Ақжанат Әминовті «Козловтың тапсырмасымен мұнайшылар арасында үкіметке, билікке қарсы үгіт жұмыстарын жүргізуші» деп сипаттады.

ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ ТІРКЕСІ

Саясаткерлерге үкім шыққан қазанның 8-і күні кешкілік «Хабар» мен «Қазақстан» арналарында Козлов туралы «Алға! мен Ақша» атты фильм көрсетілді. Бұл фильм арнаның апталық бағдарламалар жоспарында жарияланбаған. Фильмнің авторы мен шығармашылық тобы туралы да ешқандай дерек жоқ.

Фильмде Козлов «басбұзар», «қоғамға іріткі салушы» ретінде суреттелген. Козловтың әлеуметтік жағдайы, отбасы туралы айтылады. Оның төрт рет үйленгені де назардан тыс қалмаған.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Алға" партиясының Twitter акаунтынан алынды.

Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Алға" партиясының Twitter акаунтынан алынды.


Фильмде Козловтың "қазіргі жұбайымен некеге отырмағаны" да, "тұратын үйі" де, "мініп жүрген көлігі" де оның кемістігі ретінде көрсетілген.

«Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрсеткен бұл фильмде аты-жөні белгісіз адамның кадр сыртындағы дауысы:

- Козловтың әйелі - қазақ қызы Әлия Тұрысбекова. Козлов қарапайым қазақ қызына неге үйленді? Козловтың ойы түсінікті болды. «Қызыңды алдым, енді мені де құрметте» деп жұртқа жабылып, елге іріткі салды, - дейді.

«Козлов – Әблязовтың Қазақстандағы оң қолы» деген пікір де фильм барысында бірнеше рет қайталанады.

Бұған қоса, мемлекеттік арналар «Козлов бастаған топ - айғай мен құрғақ ұран арқылы ақша табуды машық қылған топ. Барлығы - шіріген бай» деп те айыптайды.

Фильмде «ардагер, генерал-майор» деп таныстырылған Еркін Мұсабаев есімді азамат бірнеше рет сұхбат беріп, Козлов бастаған «Алға» партиясын айыптады. «Алға» партиясы біздер мен сіздердің жинаған ақшаларымызды шетелге аударып, соларды пайдаланып жатыр» деді Еркін Мұсабаев бірнеше рет.

Деректі фильмнің соңында белгісіз авторлар «Козлов бастаған топты «арсыз» деп айыптап, «шіріген жұмыртқаға» теңеді және сот шешімінің әділ болғанын айтып, мұны «мемлекеттік жеңіске» балады.

«Қазақстан» ұлттық арнасы да жаңалықтарда Козловты «халық жауына пара-пар қылмыстық істер жасаған» деп сипаттады.

ГАЗЕТТЕР «СОТ ПРОЦЕСІ ӘДІЛ ӨТКЕНІН» ЖАЗДЫ

«Егемен Қазақстан» мен «Қазахстанская правда» басылымдары «сот әділ өткенін» жазды.
"Егемен Қазақстан" газеті жариялаған Козловқа қатысты мақала. 9 қазан 2012 жыл. Үстінен бассаңыз, сурет үлкейеді.

"Егемен Қазақстан" газеті жариялаған Козловқа қатысты мақала. 9 қазан 2012 жыл. Үстінен бассаңыз, сурет үлкейеді.


"Сот процесінде істің барлық жағдайлары жете, мұқият, жан-жақты, әділ және риясыз зерттеліп, тараптардың бір-бірлерімен айтысу қабілеттері мен тең құқылығы толық көлемінде қамтамасыз етілді. Соттың істі қарауы ашық тәртіпте өтті, оған ынталы әрбір адамның қатысуына жол ашылды. Процесс барысын сотталушылардың туыстары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар Польша, Украина, Ресей, Ұлыбритания, Норвегия, Ирландия, АҚШ елдерінен, АҚШ пен Германияның Қазақстандағы елшіліктерінен келген бірнеше байқаушы мен құқық қорғаушы бақылады. Осылайша аталмыш сот процесіне ашық сипат беріліп, оның жариялылығы қамтамасыз етілді" деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Материалдың дәлме-дәл орысша аудармасы «Казахстанская правда» газетіне шықты.

Ал мемлекет саясатын қолдау бағытындағы «Айқын» мен «Литер» сот үкімі шыққаны және Козловтың жеті жарым жылға сотталғаны туралы шағын ақпарат берді.

ВЕБ-САЙТТАР «АРАНДАТУШЫЛАРДЫ» АЙЫПТАДЫ

Baq.kz сайты жұрт атынан «халық... сезімге берілмей, ашылған фактілердің шынайылығын мойындады» деп жазды.

«Алға» мүшелерінің кейбір ардан безген әңгімелері басылған жазбалар жұртшылықты жағасын ұстатты. Дегенмен, жалпы алғанда, халық Жаңаөзендегі бүлікшіліктің соңында кім тұрғанын онсыз да іштей білетін, сондықтан сезімге берілмей, ашылған фактілердің шынайылығын мойындады. Сот барысында қайғылы желтоқсан оқиғасының тікелей қатысушылары онсыз да жақсы білген фактілер жүйелік әрі тыңғылықты түрде дәлелденіп отырды. Куәгерлік түсініктемелер мен айыпталушылардың өз кінәларын мойындаулары Әблязовтың тапсырмасы бойынша Козлов пен «Алға» жаппай бүлікшілікке тиянақты дайындалды, еңбек дауын қасақана саясиландыра отырып, аймақтағы ғана емес, жалпы мемлекетіміздегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты деген болжамды толық дәлелдеп шықты" деп жазды.
"Baq.kz" сайтындағы мақаланың скриншоты. 9 қазан 2012 жыл.

"Baq.kz" сайтындағы мақаланың скриншоты. 9 қазан 2012 жыл.


Бұл сайт «Алға» партиясын «алаяқ ұйым» және «мемлекетті құлатуға жұмыс жасаған» деп сипаттады.

Ал Bnews.kz сайты «Ақтау соты мұнайшыларды айдап салуға Әблязовтың қатысы бар екенін дәлелдеді. Өзінің шектеусіз қаржылық жағдайы мен «Алғаны» пайдалана отырып, бұрынғы банкир ашық түрде халықты қастандық жасауға шақырған» деген ақпарат таратты.

Abai.kz және Masa.kz сайттары «Алға»: өтіріктен ақы табудың айласы» деген материал (авторы – Шәріпхан Қайсар) жариялады.

«Алға» тобының мүшелері Козлов пен Сапарғалиға және көпшілікті адастырып, арандатушы Әминовке қатысты Ақтауда аяқталған сот қазақстандықтар мен халықаралық бақылаушылардың көз алдында әбләзовтік ұйымның шынайы бетін ашты. Қорыта келгенде, әркім «Алға» дейтін топтың кері тартып кесір салу мен ел ішінде әлеуметтік жік туғызу арқылы арам бизнес жасайтын дайындығы бар ұйым екенін жақсы аңғарды. Олардың негізгі қызметі өңешті жыртып айғайлау, іріткі салып бұқараны бұзу - сөйтіп жаланы өзгеге жабу екенін де жұрт жақсы ұғынды. Әбіләзов дейтін алаяқтан қаржылай демеу тапқан «Алғаның» арандатушылары тап осы принципте жұмыс жасады" деп жазады бұл екі сайтта жарияланған мақала авторы.

ҮШЕУДІҢ СОТЫ

Қазанның 8-і күні Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бердібек Мырзабеков тіркелмеген «Алға» партиясының басшысы Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін жеті жыл алты ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Ал Ақжанат Әминов шартты түрде - бес жылға, Серік Сапарғали шартты түрде төрт жылға сотталды.

Козловқа «әлеуметтік араздықты қоздыру» (164-бап 3-бөлім), «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» (170-бап 2-бөлім) және «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» (235-бап 1-тармақ) баптары бойынша айыптар тағылған еді.
Солдан оңға қарай: айыпталушылар: Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Солдан оңға қарай: айыпталушылар: Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.


Әминовке "мұнайшылар арасынан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, негізсіз ереуіл, аштық ұйымдастырды" (235, 170 және 164-бап) деген айыптар тағылды.

Сапарғалиға екі бап (164 және 170-баптар) бойынша («әлеуметтiк араздықты қоздыру», «Қазақстан реуспубликасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру») айыптар тағылды. Бірақ жарыссөз кезінде прокурорлар 164-бапты алып тастаған.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG