Accessibility links

Шағын бизнеске мораторий болса да қаржы полициясы жанар-жағар май бекеттерін тексеруді қояр емес


"Нар Ойл" компаниясының президенті Сұлтан Үшбаев. Алматы, 18 наурыз, 2009 жыл.

"Нар Ойл" компаниясының президенті Сұлтан Үшбаев. Алматы, 18 наурыз, 2009 жыл.

Қазақстанда жанар-жағар май бизнесімен айналысатын бір топ кәсіпкерлер қаржы полициясының сәт сайын тексерулер жүргізіп, болмашы себептермен үстерінен қылмыстық іс қозғап жатқанын айтып шағымдануда. Ал қаржы полициясы болса, олардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып отырғанын алға тартады.

Қаржы полициясының бұл әрекетін шағымданушы кәсіпкерлер оны «Жанар-жағар май бекеттеріне жасалып отырған шабуыл» деп атады. Себебі, олардың айтуынша, мұндай тексерулер республикадағы көптеген жанар -жағар май ошақтарында жүргізілген және кейбіреулерінің үстінен тіпті қылмыстық іс те қозғалған көрінеді. Сондай компанияның бірі Алматыдағы «Нар ойл» ЖШС-гі өкілдері қаржы полициясының жарты жыл бойы қыр соңынан қалмай, ақыр соңында үстерінен қылмыстық іс қозғағанын жеткізеді. Аталмыш компания Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы бойынша жауапкершілікке тартылып отыр.

- Қаржы полициясы өкілдері «Лицензиялау туралы» 2007 жылы қабылданған ҚР-сының Заңын дұрыс түсінбегендіктен қылмыстық істі қозғап отыр. Олар өздерінің құжаттарында «жанар май бекеттерін пайдалану» және «жанар майды сату» ұғымдарын шатыстырып алған. Аталмыш заңға сәйкес, мұнай өнімдері мен мұнай-газды сақтайтын нысандар ғана лицензиялануы керек. Ал мұнай өнімдерін сатумен айналысатын компанияларға лицензияның қажеті жоқ. Тек салық органдарына тіркелулері керек. Қаржы полиция өкілдері заңды өздерінше түсіндіруге тырысып, жанар-жағар май бекеттерінің оларды жеткізумен айналысуға құқығы жоқ екендігін дәлелдегісі келеді, - деді «Нар ойл» ЖШС-гінің президенті Сұлтан Үшбаев.

Кәсіпкерлердің шымбайына батып отырған тағы бір нәрсе – құқық қорғау органдарының баса-көктеп кіріп, заңсыз әрекеттерге баруы деп атап көрсетті олар. Компания өкілдерінің айтуынша, өткен жылы жазда да аталмыш компанияның үстінен құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. Бірақ көп кешікпей сот шешімі кері қайтарылды дейді. Бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланып отырса да, қаржы полициясы ешқандай қаулысыз тексерістер жүргізіп отыр дейді олар.

Естеріңізде болса, осыған дейін қазақ үкіметі елдегі шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторийдің мерзімі осы жылы шілденің 1-іне дейін жалғасатынын мәлімдеген еді. Дерек бойынша қаржы полициясына компанияның заңсыз әрекеттері жайлы ақпарат түскен көрінеді.


- Екі-үш облыста болып келдім, жеке кәсіпкерлердің біреуінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір жалғасуда. Оларға «заңсыз кәсіпкерлікпен» айналысқан деп кінә тағып отыр. Ал жеке кәсіпкерлер болса, бұған таң қалып отыр. Аталмыш бизнесте 7-8 жыл бойы жүргендердің өзі осы уақытқа дейін өздерінің «заңсыз» әрекеттері жайында білмеген. Мұндай жағдаймен алғаш рет кезігіп отырғандықтарын айтады,- дейді «Павлодар жанар май қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің кеңесшісі Мұхтаржан Мухияев. (суретте)


Біз осы мәселеге байланысты Алматы қалалық қаржы полициясы өкілдерінен түсініктеме сұраған едік.

- Наурыздың 6-сы күні өткен оперативтік іздестіру шарасы барысында «Нар ойл» компаниясының мұнай өнімдерін сақтау нысандарын қолдануға лицензиясы жоқ екені анықталды. Олар қолдарында лицензиялары болмаса да, мұнай өнімдерін қабылдаумен, құюмен, сақтаумен айналысқан. Олар аталмыш мораторийге үміттенді. Тек олардың ғана нысандары тексеруден өткен жоқ. Сонымен қатар Алматыдағы бірнеше нысандар тексерілді. Қалғандарының құжаттары дұрыс, - деді Алматы қалалық қаржы полициясының баспасөз хатшысы ӘлияТубина.

Кәсіпкерлер болса, қаржы полициясының мұндай қарқыны жалғаса беретін болса, жанар-жағар май бизнесінен тәуелсіз бекеттер кетіп, аталмыш нарықта бәсекелестік жоғалады дейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG