Accessibility links

Мердігерлер қауымдастығы мұнай-газ саласы жұмыстарына араласып, қаржыға бақылау жасағысы келеді.


Мердігерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қайрат Әлмұқаметов.Алматы, 11 наурыз, 2009 жыл.
Мердігерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қайрат Әлмұқаметов.Алматы, 11 наурыз, 2009 жыл.

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Мердігерлер қауымдастығы өздеріне шикізат орындарын игеру ісінде операторлармен келіссөздер жүргізу құзыры берілуін сұрап, үкіметке хат жолдады. Олардың айтуынша, шетелдік инвестиция ағымын бақылауда мемлекеттің мүмкіндігі аз болғандықтан, қаражаттың көбі желге ұшып жатыр.

Бұл пікірлерін Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Мердігерлер қауымдастығы өкілдері былайша дәлелдеуге тырысады: мемлекетке келетін негізгі инвестициялық ағымдар Ұлттық банкке емес, шетелдік банктердің есепшотына түседі. Сол себепті олар мемлекет бақылауынан тыс қалып жатыр дейді олар.

- Мәселен, бюджеті 136 млрд долларды құрайтын Қашаған жобасының қаражаты Ұлттық банктің капиталдық есепшотынан тысқары жерге барып түседі. Нидерландыда тіркелген оффшорлық компаниялар бар, қаражаттың барлығы сол жаққа түседі де, сол жерден шетелдік мердігерлерге жол тартады. Бұл қаражаттардың барлығы өзіміз арқылы өткенде ұлттық валютамыз - теңгеге қолдау болар еді. Жақында ғана теңгенің құнсыздануы болды. Біз алтын валюталық қордың құнының төмендегені туралы айтудамыз. Мұнай-газ саласындағы ресурстарды жөндеп пайдалансақ, бұл мәселелердің барлығын шешіп алуға болады, - дейді Қауымдастық кеңесінің төрағасы Қайрат Әлмұқаметов.

Сонымен қатар Қауымдастық өкілдері өздеріне кеніш операторларымен жеке келіссөз жүргізу мүмкіндігінің берілгенін қалайды. Бұл туралы олар үкіметке жолдаған ұсыныстарында да айтады. Ол төмендегідей ұсыныстар:

1) Барлық инвестиция көлемі әсіресе, өнімді бөлісу туралы келісімде жазылған шарттарға сәйкес, толтырылуы тиіс қаражат көлемі шетелдік банктердің есепшотына емес, ҚР-да тіркелген заңды тұлғалардың есепшотына түсуі тиіс;

2) Шетелдік инвестицияларды игеруге отандық компанияларды қатыстыру;

3) Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Мердігерлер қауымдастығына кенішті игеруші операторлармен өз бетінше келіссөз жүргізе алатындай уәкілдік беру; және т.б

- Біздің ойымызша, қазір қолданылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Бір шетелдік инвестор келсе, онымен бірге ондаған шетелдік компания келеді. Аталмыш инвестиция солардың қаржысына айналады. Біздің отандық компанияларды сапасы сәйкес келмейді немесе т.б сылтаулармен бұл ойынға қатыстырмайды. Олардың қолданып отырған әдістері біздікінен керемет те емес. Қашаған жобасындағы 100 мердігердің төртеуі ғана қазақстандық компания, қалғаны шетелдікі. Біз бұл жерде тіпті өнім өндірушілер жайлы сөз қозғамай-ақ қояйық. Біз тек құрылыс монтаждаушы компаниялар туралы ғана айтып отырмыз, - дейді Қайрат Әлмұқаметов.

Ал экономист Ілияс Исаевтың аталмыш қауымдастықтың айтқандарымен біршама келіспейтін тұстары бар екен. Сарапшының пікірінше, біріншіден, Қазақстанға бұрынғыдай ағыл-тегіл инвестиция келіп жатқан жоқ.

- Мұнай-газ саласына келіп жатқан инвестиция қазір азайды. Мұнай-газ саласына ақша жұмсап жатқан инвесторлардың өзінің жағдайы қазір қиындап кетті. Кез келген шетелдің инвесторы мына біздің ішкі жағдайымызға талдау-сараптама жасайды. Үкіметпен келіседі. Кез келген шетелдік инвесторға үкіметтің өзі кепілдік беріп отыруы тиіс. Үкімет ішке келіп жатқан ақшаны қалай болса солай жіберіп жатқан жоқ. Бақылап отыр,-деді сарапшы Исаев.

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мердігерлер қауымдастығы 2001 жылы маусымның 6-да құрылды. Құрылтайшылары: «Монтажспецстрой» және «Алматықұрылыс» холдингтері. Қазіргі таңда қауымдастыққа 100-ден астам құрылыс және өндіріс компаниялары мүше. Қауымдастық өкілдерінің түсіндіруінше, ұйымның көздегені – экономиканың мұнай-газ секторына келген инвестицияларды тиімді пайдалану мақсатында отандық құрылыс индустриясын дамыту.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG