Accessibility links

Мұнайшылар ереуілі неліктен үш айдан астам уақытқа созылып отыр?


Ереуілдеген мұнайшылар. Жаңаөзен. 17 шілде 2011 жыл.

Ереуілдеген мұнайшылар. Жаңаөзен. 17 шілде 2011 жыл.

Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілінің жалғасып жатқанына төрт айдың жүзі болды. Ал Астана ләм-мим демеді. «Билік бұл жағдайға мән бермеген сайын, ереуіл саяси бағытқа көшіп жатыр» дейді сарапшылар.


Әлеуметтік мәселені ұран еткен маңғыстаулық мұнайшылардың ереуілі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ұзақ ереуіл. Оның басталғанына төртінші ай, бірақ «ҚазМұнайГаз» бас компаниясы мен жергілікті биліктің қолдауына сенген жұмыспен қамтушы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» мұнай компаниялары ереуілдеушілердің бір де бір талабын орындаған жоқ.

Оппозиция мен «Хьюман Райтс Вотч», «Фридом Хаус» және Норвегиялық Хельсинки комитеті халықаралық құқық қорғау ұйымдарының айыптауларына қарамастан, ереуілдеген мұнайшылардың белсенділері мен оларға демеу жасаушы оппозиция өкілдерін сотқа тарту жалғасып жатыр.

Бұл оқиғалардың соңы не болмақ? Мұнайшылардың ереуілдері дәл осылай нәтижесіз қалып, ал билік олардың лидерлері мен белсенділерін бір-бірлеп қудалай бере ме? Неліктен президент, үкімет басшысы немесе парламент палаталары спикерлері ереуілдеген мұнайшылардың жағдайын шешуге талпынбай отыр?

Осы мәселелер Азаттық радиосы дөңгелек үстелінде талқыланды. Оған қатысқандар: Юрий Гусаков – Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның Қарағандылық филиалының директоры; Толғанай Үмбетәлиева – саясаттанушы, демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының директоры; Әміржан Қосанов – «Азат» ЖСДП бас хатшысы.

Жуырда Жаңаөзенге барып келген құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілі Ғалым Ағелеуовтен алдын-ала сұхбат алдық.

«БИЛІК ӨЗІН-ӨЗІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕДІ»

Жүргізуші:


– Маңғыстау мұнайшылары ереуілдерінің нәтижесіз әрі ұзақ болуының негізгі себебі неде? Ереуілшілермен арадағы жағдайды ретке келтіруге қатысты биліктің іс-әрекеттерін лайықты деуге бола ма? Ағелеуов мырза, Маңғыстаудан оралғаныңызға көп болған жоқ. Биліктегілер мен ереуілшілердің қарым-қатынасында не өзгеріс болды?

Ғалым Ағелеуов:

– Іс жүзінде ештеңе өзгере қойған жоқ. Жұмысқа қайта оралуды ұйғарған жұмысшылар түсініктеме жазады, одан соң оларды жұмыстарынан босатады. Жұмыстан бұйрық бойынша шығарылмағандар қайтып оралып
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілі Ғалым Ағелеуов. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.

жұмыс істеп жатыр. Ереуілшілер мен компаниялардың қарым-қатынасында айтарлықтай ешқандай өзгеріс болмады. Сол баяғы тығырық - өйткені компания Астананың қабағын бағады; Астана қандай іс-шара қолданса, компания да солай жасайды.

Біз компания кеңсесінің маңында ереуіл жасаушы «Қаражанбасмұнайдың» жұмыскерлерімен әңгімелестік. Олар шамалары жеткенше, ақырына дейін тізе бүкпейтіндерін айтты.

Жүргізуші:

– 1990-жылдардың алғашқы жартысында, елдің ірі кәсіпорындарындағы, мысалы «Қарметкомбинатта» немесе Өскеменнің кәсіпорындарында наразылықтың тұсында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқиға орнына барып, ереуілдеген жұмысшылармен кездесті, олардың мәселелерін шешіп берді. Ал Маңғыстаудағы мұнайшылардың ереуілі төртінші айға ұласып отыр, бірақ президент тұрмақ премьер-министр не болмаса құзыретті ведомствоның басшысы да келіп, талаптарын сұрастырып кеткен жоқ.

Ереуілдің дәл қызған шағында премьер-министр Кәрім Мәсімов Ақтауға барды - бірақ ереуілшілермен кездескен жоқ, тек Каспий жағалауы мемлекеттерінің үкімет басшыларының бас қосуына қатысты. Неге бұлай болып жатыр?

Әміржан Қосанов:

– Мұның екі себебі бар. Алғашқы себеп, өкінішке қарай, біздің биліктің төменнен жоғарыға қарай емес, жоғарыдан төменге қарай құрылатынында, яғни оны сол баяғы Жаңаөзеннің ереуілдеген мұнайшылары да қадағалай алмайды. Биліктің, сөзімді айып етпеңіздер,
«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.

мұнайшылардың пікірлеріне түкіргендері бар, себебі олардың пікірі – я жағымсыз болсын, я жағымды болсын – біздің елдегі кадрлар саясатының барысына ықпал жасамайды. Биліктің Жаңаөзенге барар еш ынтасы жоқ.

Ұзаққа созылған жанжалдың екінші себебі - жағдайдың моральдық жағымен байланысты. Кез-келген өзге елде жүздеген азамат талаптарын алға тартып, көшеге шығып жатса, кез-келген саясаткер өркениетті түрде олармен диалог орната бастайды. Мен бұл мәселелерге тікелей қатысы бар астаналық саясаткерлер Жаңаөзенге келіп, ереуілшілермен конструктивті диалог жүргізуге тиісті дегім келеді.

Екінші жағынан алғанда, Жаңаөзен тақырыбы билікке қауіп төндіреді. Шенеуніктер ол жаққа баруға қорқады, себебі олар қалыптасқан жағдайға саяси баға беруге мәжбүр болады. Байқамай шындықты айтып қояды – содан соң олар да жауап береді. Осыдан болар, барлығы бұл істен ат-тондарын ала қашады.

Ғалым Ағелеуов дұрыс айтты, жер-жердегі және «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрылымдарындағы басшылар – барлығы да Астанаға жалтақтайды, ол жерде осы мәселені шешу жолдарына қатысты үлкен пікірталас болып жатқан болар. Бүгінгі күні, менің пайымдауымша, осы дауда жанжалды күшпен шешу әдісі басым.

Неліктен олай деймін? Мәселе былай, осы жанжалды басында-ақ реттеп тастауға билікке ештеңе кедергі болмады, себебі бұл жанжал жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы таза еңбек дауы ғана еді. Ал енді жағдай ушығып жатыр; мұның арты жақсылыққа апармайтын сияқты. Мұның бәрі қоғамымыздағы тұрақтылыққа нұқсан келтіруі ықтимал.

Юрий Гусаков:

– Ереуілшілердің, меніңше, анық мазмұндалған талаптары жоқ. Бір қарағанымда, оларға барлығын жазып алып, президентке, премьерге, дәл осы ауданның әкіміне талаптары тізілген жеделхат жіберте алатындай жақсы бюрократ жетіспейді.

Сіздер президент әлдебір жерге барып, әлдебір іс жасады дедіңіздер. Мен 1990 жылы-ақ оның ешқайда бармағанын айтайын. Ол ереуілдеген шахтерлерге соңғы рет 1989 жылы барған. Одан соң ереуілдеген шахтерлерге премьер, үкімет мүшелері келіп кетті, ал артынша ешкім де бармаған. Неге бармаған? Әміржан Қосанов биліктің жоғарыдан төменге қарай құрылатынын мүлтіксіз дөп басты, ал жоғарыға өрлеу үшін жұмысты дәл ұйымдастыра білу қажет, яғни президентке сөзіңді жеткізе білу керек. Мұндай мүмкіндік бар, бірақ мұны жасай білу керек.

Жергілікті және республикалық биліктің ара-жігі деген бар; мен оларға анықтама беруге тырысамын. Жергілікті билік, осы арада дұрыс атап өткендей-ақ, түкке тұрғысыз әрі Астанаға жалтақтайды, сондықтан да ол Қазақстан республикасының жергілікті және мемлекеттік басқару жайлы заңын бұза отырып, лайықсыз әрекет жасайды. Дәл осы жергілікті билік, меніңше, жанжалды, ондай болған жағдайда болжап қоюға тиісті еді. «Қаражанбасмұнай» заңнаманы бұзғандай-ақ, жанжал да болды. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың тең құқылығының конституциялық ұстанымы бұзылды. Бұл - бір нонсенс.

Басында еңбек дауы да болмаған, мұнайшылар кәсіподақ комитеті төрағасынына сенімсіздік танытқанда, тек таза кәсіподақ жанжалы болған. Одан соң кәсіподақ комитеті төрағасын бір ауыздан қайта сайлады. Менің қолымдағы ақпаратқа сай, кәсіподақ комитетінің төрағасы мөр мен құжаттарды ешкімге бермей отырды, ал компанияның әкімшілік қызмет жөніндегі вице-президенті оларды қайтарып беруге уәде етіп алып, уәдесінде тұрмады, сонда бұл жайт жанжалды ушықтырды.

Жанжалды құқық тұрғысынан бағалауға келсек, мені бәрінен де сотталған Соколованың жайы қызықтырады. Оған мүлдем әділетсіз үкім шығарған, себебі қорғаушы тараптың куәгерлеріне құлақ аспаған, жанжалдың себеп-салдар байланысын сотта ешкім анықтап жатпаған. Бұл да нонсенс.

Жергілікті сот билігі, жергілікті әкім мен оның қолшоқпарлары ештеңеге жарамайды. Оларды қуып шықсын деп айтуға хақым жоқ, бірақ осы әкімге қарасты аумақты мекендеген тұрғылықты халық жайлы біржақты пікірім бар: басшылық елдің қамын ойламайды, мәселелерін елемейді. Ереуілшілерге, олардың жұбайларына және басқаларға теріс қараған құқық қорғау органдары жайлы да тура осындай пікірдемін.

Болған жайттардың басын ашып бере алатындай республикалық комиссия керек. Оның үстіне оны тек мәжіліс мүшелерінен, билік құрылымдары өкілдерінен ғана емес, жергілікті және республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен де іріктеп құру керек. Заңнама бұзылған барлық жайттарды қағаз бетіне түсіріп, процессуалды шешімдер шығару үшін сәйкес органдарға тапсыру керек.

Толғанай Үмбетәлиева:

– Билік өзінің тиімсіз іс-әркеттерінің арқасында өзін-өзі тығырыққа тіреді. Ол бұрыннан белгілі әдіс құралдардың жиынын қолданды: мұнайшылардың талаптары "заңсыз", "негізсіз" болып табылды, одан әрі
Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

ереуілдеушілерді жаппай жұмыстан шығарып, одан қалды олардың белсенділерін түрмеге жабуға көшті. Енді билік жағдайға бей-жай қарап отыр, себебі ары қарай не істерін білмейді.

Жанжалдың төңірегінде әлдебіреулердің мүдделері қалыптасқан деп санаймын, өйткені, байқағанымыздай-ақ, президент өзін дәйім халықтың өкілімін деп, халықтың пікірін басшылыққа алып отырады (референдумның өзін айтсақ жеткілікті). Бұл жағдайда, менің ойымша, ол қай тарапты қолдарын білмей отыр, себебі бұл арада бірнеше топтың мүдделері тоғысқан – инвесторлар, отбасы мүдделері бар, мәселен, Кұлыбаевтың өзін айтсақ та жетеді.

Өзінің бейқамдығымен билік мәселенің ушығуына жетелейтін іс жасап отыр. Қазір, мәселен, кәсіподақ лидерлері басқа облыстарды қосып, жанжалдың аумағын кеңейтпекші. Билік осындай кейіп танытқан сайын, жанжалдың географиялық аумағы кеңейе бермек.

Мұнайшылардың ұзақ қарсылық көрсеткендері, билік о баста дәлелдемек болған сыртқы ықпалдың жоқтығын білдіреді. Екінші жағынан, мұнайшылардың дегендерінен бас тартпай жатқандары мақтауға тұрарлық. Бұл жұмысшылардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғамақ болатын деңгейге өсіп жетілгендерін көрсетеді. Мен олардың мұнысын қолдаймын.

Жалпы алғанда, билік не істерін білмей, ал халық айтқандарынан қайтпай отыр.

ЖАҒДАЙ САЯСИ СИПАТҚА АУЫСТЫ

Жүргізуші:


– Оппозиция өкілдері ереуілшілер саясиланып жатыр деп мәлімдейді, ал билік бұған елден тыс іздеуде жүргендермен қоса, оппозицияны кінәлауда. Мұнайшылардың наразылықтары шын мәнісінде таза саяси талаптары бар ереуілге ұласуы мүмкін бе?

Юрий Гусаков:

– Экономикалық мәселелер шешілмей жатқанда, саяси сипаты бар мәселелердің туатынын пайымдап қана қоймаймын, білемін. Мен бүкіл одақты қамтыған 1989 жылғы тау-кен жүмысшыларының ереуіліне қатыстым. Біз сол жолы СССР кеншілерінің тәуелсіз кәсіподағын құрып үлгердік, бірақ онымыз қиынға соқты. Біз өз талаптарымызды саяси және экономикалық деп анық бөліп алу керек екенін түсіндік. Ереуілшілер биліктің алдына экономикалық талаптарын қойды, саяси талаптарды алға тартқандар да болды. Бұл да заңды.

Қазірдің өзінде де саяси талаптардың барына күмән жоқ, олар тек қисынды мазмұндалмаған. Мысалы, саяси талаптардың қатарына билікке деген сенім не сенімсіздікті, жергілікті биліктің лайықты не лайықсыз әрекеттерін жатқызуға болады. Бүгінде Ақтаудағы прокурорлық органның да лайықсыз қызмет етіп жатқаны анық. Мәселен, Наталья Соколоваға қатысты 164-бап бойынша қылмыстық істің қозғалғанын айтайық. Осы бап бойынша және 141-бап бойынша қылмыстық істер «Қаражанбасмұнайдың» қызметкерлеріне қатысты қозғалуы тиіс. Бірақ бұлай болмады. Бұл да саяси мәселелерге жатады.

Әр жерде мемлекеттік еңбек комиссиясы деген бар, бұл еңбек министрлігінің облыстық құрылымы ма? Иә, ондай да бар. Мұндай құрылымдарды дауға жедел тарту керек еді, себебі бұл - дәл солардың құзырындағы іс.

Егер ұжымдық, еңбек шарттарындағы тең құқылық ұстанымы бұзылған болса, неге бұл жайлы Астананы ешкім хабардар етпеген? Міне, тағы бір саяси талап.

Полиция өзінің бірбеткейлігін көрсетті: әйелдер мен балаларға қарсы арнайы құралдарды қолданғандары көңіліме қонбайды. Бұл да саяси мәселелер қатарын толықтырады.

Еңбекақы, әлеуметтік игіліктер, еңбек қауіпсіздігі, шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың еңбекақыларын теңдестіруге келер болсақ, мұның бәрі экономикалық талаптардың қатарына кіреді және оларды мүлде басқа жолмен шешу керек.

Тағы бір мәрте атап өтейін, бүгінгі кезде саяси талаптар да көріне бастады. Бірақ оларды дұрыс мазмұндап, қажетті жерге жіберу керек.

Әміржан Қосанов:

– Саяси талаптарға көшетіндей алғышарттардың бар екені даусыз. Жаңаөзендегі мұнайшылардың митингілері мен ереуілдері кезінде соңғы рет мен біздің партиямыздың қатарындағы әріптестеріммен, осы жігіттермен кездестім. Мен олардың оқып-тоқығаны бар мұнайшылар екенін айтқым келеді: олар Швеция, Норвегия, АҚШ, басқа да мұнай өндіруші елдердегі әріптестерінің қандай еңбекақы алатындарын біледі, олар әр елде ЖІӨ-нің қанша пайызының еңбекақы қорына кететінін, бізде қалай екенін біліп отыр.

Олардың осындай саяси жүйе жойылмайынша, кәсіподақ мәселелері, күрделі еңбек қатынастары, әлеуметтік және экономикалық мәселелер шешім таппайтынын көбірек түсіне бастағандары заңды құбылыс.

Олар Астананың жұмған аузын ашпай жатқанын көріп отыр. Алайда мен Гусаковтың "Астана оқиғалардың барысынан хабардар емес" деген сөзімен біршама келіспеймін. Керісінше, ол жақтағылар Жаңаөзенде не болып жатқанын бүге-шүгесіне дейін біледі. Бірақ мұнайшылармен келісімге келіп, олардың әділ талаптарын орындаса, осы іспеттес наразылық мұнай мен газ өндірілетін басқа да аймақтарда пайда болар деп ойлайды. Неге? Себебі Жаңаөзенде еңбек адамы қаржы ағымынан сырт қалып отыратын тек қана мұнай және газ саласының емес, бүкіл біздің қоғамның мәселелері бой көрсетіп отыр.

Иә, бұл мәселе көбірек саясилана бермек, оның үстіне Астана үндемеген сайын бұл үрдіс үдей түспек. Оппозицияға келер болсақ, барша демократиялық күштер, оның ішінде «Азат» партиясы да о бастан мұнайшылардың талаптарын қолдап шықты. Біз бітімгерлік комиссия құруды ұсындық, оның құрамына еңбек ұжымының, компания басшылығының, жергілікті биліктің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері енер еді.

Бірақ билік мұндай қадамдардың неге душар етерін түсінеді, жұмысшылар өздерінің еңбекке қатысты саяси, азаматтық құқықтарын бұрынғыдан да жақсы біліп алады. Әзірше биліктің сыңайына қарағанда, меніңше, ол сырқатты жасырмақ ниетте, еңбеккерлерді жақтап, белсенділік танытып жүргендерді қатаң жазаламақшы, «өзгеше ойлайтындармен» күрескен кездегі ескі әдісті қолданып, мәселені шешпекші. Билік мұнайшылардың сөзіне қаншалықты иланса да бұл - ол үшін өте үлкен сын болмақ. Нәтижесінде бұл биліктің келешектегі саяси тағдыры осыған байланысты болуы мүмкін.

Қазақстанның барша халқының – мұнай мен газ саласындағылар ғана емес, мұғалімдер де, дәрігерлер және басқалары да – осы ереуілді көз алмай бақылап отырғанын бәрі де түсінеді. Біздің биліктің күнделікті үнсіз қалпы, бейқамдығы, оған қоса, құдай бетін ары қылсын, мәселені шешу үшін келешекте күш көрсетіп жатса, бұл халықтың қалған сенімін жоғалтуы мүмкін.

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ

Жүргізуші:


– Қалыптасқан жағдайдан шығар жол бар ма? Жұмыс берушілер мен билікке талаптарын орындату үшін ереуілшілердің не шара қолданғандары дұрыс? Ереуілдерді тоқтату мақсатында биліктің не істегені дұрыс?

Толғанай Үмбетәлиева:

– Меніңше, басқа облыстардағы мұнайшылардың еңбек ұжымдары тарапынан бірізді қолдау болуы керек. Бұны қазіргі кезде кәсіподақ қозғалыстары қолға алып жатыр. Дәл осындай шара билікті жанжалға айтарлықтай мән беруге итермелеп, оның пайдаланып жатқан әдістерінің еш жақсылыққа апармайтынын ұқтыратын болар. Мұнайшылардың ақырына дейін беттерінен айнымағандары жөн, дегендерінен қайтпағандары дұрыс . Олар тек осылай ғана өздерінің ақиқатын дәлелдей алады.

Юрий Гусаков:

– Мұнайшыларға талаптарын қисынды мазмұндап, олардың қатарына бір бөлек экономикалық және бір бөлек саяси талаптарды нақты енгізу керек. Оларды барлық мекен-жайларға жіберіп, осылайша тарихта із қалдыру керек. 60 теңгеден жинап, әрбір мемлекеттік органға, оның ішінде бас прокуратураға, президентке, адам құқықтарына жауапты мекемеге, адам құқықтары жөніндегі комиссияға, еңбек пен әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырыспен хат жіберу керек. Кәсіподақты ұмытайық, бұл арадағы оның маңызын көрмей тұрмын.

Тарих қойнауында із қалдырғаннан соң, мен қатысушыларға аштық жариялап, денсаулықтарыңа зиян келтірмеңдер дер едім. Айтарларын мәлімдеген екен, бұл ретте аштық оларды құтқармайды, керісінше акцияны жалғастырғандары дұрыс болар. Бірақ мен оны жалғастырыңдар деп кеңес бермес едім, себебі бұл жағдайда билікті келіссөздерге итермелеу қажет.

Билік соғыстың бейбітшіліктен жаман екенін ұғуға тиісті. Тіпті құқықтық әдістерді желеу етіп, биліктің өз жұртымен шайқасқаны орынсыз. Қазақстан республикасында өмір сүріп жатқандықтан, бұл бір шүбәсіз пікір. Азаматтық соғысты бастауға болмайды, өз халқыңмен шайқасуға болмайды.

Билік өзінің ақымақтығын түсінуге тиісті: жанжал ұласқан сайын мұнайшылардың да, биліктің те, жұмыс берушілердің де, жеке меншік иелерінің де одан құтылғандары қиынға соқпақ. Шығын қисапсыз болмақ, бұл тұста мен моральдық шығын дегенді алғашқы қатарға қоямын. Әңгімеге қатысып отырған кісілер аса дұрыс айтты: осы тұста жергілікті және республикалық билікке деген сенімнен ештеңе қалар емес.

Келіссөздер туралы айтар болсақ, оған тек жұмысшылар мен жұмыс берушілер емес, бүкіл жұрт болып ат салысу керек. Ғалым Ағелеуов айтып өткен мәселелерді міндетті түрде жеке топтама қып көтеруіміз қажет. Оларды мұнайшылар емес, сол арадағы қоғамдық ұйымдар көтеруге тиісті. Сонда үш топтама болады – саяси, экономикалық және инфрақұрылым мен жергілікті халықтың мәселелерімен байланысты топтама. Бұл - мен басында атап өткен бір үлкен республикалық комиссияның жұмысы.

Меніңше, тең құқылықтың конституциялық ұстанымдарын елемеуге қатысты қылмыстық істерді қозғасын деп бас прокуратураны да жұмысқа салу керек. Менің ойым - осы. Наталья Соколоваға қатысты әділетсіз үкімнің күшін жою керек. Бұл - менің жеке басымның әрі біздің ұйымның ресми көзқарасы.

Жүргізуші:

– Қадірлі қонақтар, Азаттық радиосы сіздерге алғыс айтады. Сау болыңыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG