Accessibility links

Жұмысшылардың наразылық шарасы жалғасып жатыр


Techno Trading компаниясының наразы жұмысшылары. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 5 қаңтар 2017 жыл.
Techno Trading компаниясының наразы жұмысшылары. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 5 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облысындағы Techno Trading компаниясының наразы жұмысшылары ереуілдері мен аштық акцияларын жалғастырып жатыр. Бірнеше белсенді жұмыстан қуылғанын айтады.

Қаңтардың 6-сы күні Тechno Trading компаниясының ереуілдеп жатқан жұмысшыларының 7-і белсендісі: Мария Жаркова, Жанболат Абдолов, Еркінбек Сарин, Парахат Ходжахмедов, Жолдыбай Сүйесінов, Нұржанат Асқаров, Асан Ходжахметұлы «жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлама алғандарын» баяндады.

Компанияның 90-ға жуық жұмысшысы қаңтардың 5-нен бері аштық жариялап жатыр. Олар «жұмыс жағдайын жақсартуды», «жұмысшыларға қатысты актілерді кәсіподақпен бірлесе жасауды», «денсаулыққа тиетін залал үшін қосымша ақы төлеуді», «талап қойғандарға қысым жасамауды» талап етіп отыр.

Аштық жариялаған жұмысшылар Азаттыққа наразылық акцияларын Мұнайлы ауданындағы компания кеңсесі алдында өткізуге «полиция мүмкіндік бермеген соң», Жетібай ауылындағы жұмыс орындарының жанындағы «Бектұр әулие» зираты басындағы үйге барғандарынын айтты. Оператор Берік Ергенбаевтың мәлімдеуінше, «қаңтардың 5-іне ауған түні олар аштық акциясын жалғастырып жатқан «Бектұр әулие» зираты басындағы үйге келген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) арнайы жасағы үйді босатуды талап еткен». Жұмысшылар «қазір сол маңда көліктерінің ішінде отырғандарын, 90-ға жуық адам екендерін» айтып, кешелі бері «жұмысты тоқтатқандарын, судан басқа ешнәрсе ішпеуге бекінгендерін» хабарлады.

ВИДЕО: Жұмысшылар аштық жариялады (қаңтардың 5-і түсірілген)

Жұмысшылар аштық жариялады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

НАРАЗЫЛЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Жұмыссыз қалғанын қаңтардың 6-сы білген 42 жастағы, кәмелетке толмаған екі баласы бар жалғызілікті ана Мария Жаркова – жұмысшы белсендінің бірі. Ол «жұмыстан шығарылғандар былтыр жазда болған ереуілден соң құрылған келісім комияссиясының мүшелері екенін» айтып, наразылықтың бір себебі «осы комиссияның таратылуы екенін» баяндады.

- Талаптарды талқылауды қарашаның 22-сі бітеміз деп келісілген болатын. Алайда компания директоры біржақты бұйрығымен желтоқсанның 7-сі күні комиссия жұмысын тоқтатты. Ал бізді желтоқсанның 28-і жұмыстан шығарып жіберген. Оны енді естіп отырмыз. Комиссия мүшелерін кәсіподақ келісімінсіз, сот шешімінсіз жұмыстан қуу заңсыз, - дейді ол.

Мария Жаркова комиссия жұмысы кезінде ұжымдық шартқа толықтыруды еңбек кодексіне сай, заңгермен ақылдаса отырып ұсынғандарын айтады.

- Ұжымдық шартқа бірнеше толықтыру енгізгіміз келген. Шартта денсаулыққа келетін зиянға жұмыс беруші екі-үш пайыз төлегісі келеді, біз 14-20 пайыз талап етіп отырмыз. Басқа жұмысты қосып атқарғанымыз үшін жұмыс беруші 5-25 пайыз төлем ұсынады. Ешқашан 25 пайыз төлемейтіні белгілі, сондықтан біз 20 пайыз деп ұсындық. Ұсынымыздың тағы бірі - осындай ереуіл болмау үшін жұмыс беруші жасайтын актілердің кәсіподақпен келісілуі, - дейді белсенді.

ВИДЕО: Жетібай ауылы әкімінің жұмысшылармен кездесуі (видеоны жұмысшылар қаңтардың 6-сы жолдады):

Жетібай ауылы әкімінің жұмысшылармен кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00
Жүктеп алу

​Жаркова қуғынға ұшырау себебін жуырда сот шешімімен жабылған «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы» құрамына кірулерімен де байланыстырады.

- Конфедерацияға кірдік, ол да жұмыс берушіге ұнамады, - дейді ол.

«ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН ҮШІН АЙРАНДЫ ӘЗЕР СҰРАП АЛДЫМ»

Даражат Досмағамбетов - Techno Trading LTD компаниясындағы мұнай өндірісі жабдықтарын жөндеу цехының дәнекерлеушісі.

- Мұнда әркім өз еркімен, денсаулығы мен болашағы үшін келіп отыр. Мәселен, маған өндірістегі зиян үшін тек айран берді. Оның өзінде үш жыл бойы талап етіп жүріп қол жеткіздім. Ал кей жұмысшылар денсаулығына зиянды жұмыста жүргенін біле бермейді, - дейді ол.

Жетібай мұнай кенішіндегі сорғы операторы Еркінбек Сарин де «экологиялық залал үшін ештеңе төленбей келгенін» айтты. Даражат Досмағамбетов «жұмыс беруші жасайтын актілердің кәсіподақпен келісілуі маңызды» деп санайды.

- Жұмыс беруші акт жасағанда оны кәсіподақпен келісуі тиіс. Себебі ол актімен жұмысшының тағдыры шешіледі. Бірақ бұл талапты жұмыс беруші қабылдағысы келмейді, - дейді ол.

ВИДЕО: Тechno Trading жұмысшысы Берік Ергенбаевтың сөзі:

Techno Trading жұмысшысы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00
Жүктеп алу

Досмағамбетов «былтыр жоспар орындалғанына қарамастан тоқсандық сыйақы берілмегенін, ал ол жайлы бұйрықты бір жылдан соң көргендерін» айтты.

- Мысалы,«жұмыс көлемі болмағандықтан, тоқсандық сыйақылар берілмейді» деген бұйрықты бір жылдан соң, былтыр шілде айында контор есігіне ілді. Ол жылы жұмыс көлемі артығымен болды. Бұл туралы сауалымызға жауап бермейді. Талабымызды билік мен жұмыс беруші есту үшін осындай әрекетке барып отырмыз, - дейді ол.

Ал оператор Мұрат Көкімбаев жұмыс жағдайы нашар екенін баяндады:

- Бізді 250 мың теңге айлық алады деген ақпарат таратты жұмыс беруші. Менің айлығым - 180 мың теңге. Олай болса, қалған ақша қайда? Жұмыстың бәрі қолмен жасалады. Жабдықтар өте ескі. Оны таситын арба да сынып, қазір жермен итеріп жүрміз,- дейді жұмысшы.

РЕСМИ ОРЫНДАР ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі жұмысшылардың полиция қысымы туралы шағымына байланысты Маңғыстау облыстық ІІД бастығы Қайрат Дәлбековпен сөйлесуге барған еді. Алайда хатшысы оның «қолы бос емес» екенін айтып, Ақтау қалалық әкімшілік полициясы бастығы Ұлықбек Мылтықовпен хабарласуға кеңес берді. Ал Мылтықов «полицияның жұмысшылар акциясына араласпағанын» айтты.

Полиция қызметкерлері де, жасақ та Жетібайға барған жоқ. Ол- жалған ақпарат.

- Полиция қызметкерлері де, жасақ та Жетібайға барған жоқ. Ол- жалған ақпарат, - дейді ол.

Ал Маңғыстау облыстық прокуратурасы аппарат басшысы Қуаныш Ақмұрзаев жұмысшылар наразылығы туралы комментарий бергісі келмеді. Азаттық тілшісіне төменгі қабаттағы телефон арқылы жауап берген ол:

- Олар аштық жариялау туралы арызды қайда жазса, солардан сұраңыз, -деп қысқа қайырды.

Жұмысшылар аштық жариялайтындары туралы арыздарын желтоқсанның 23-і Мұнайлы аудандық əкімдігіне берген еді. Әкімдіктен жауап алу мүмкін болмады. Тechno Trading кеңсесіне арнайы барған Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартқан осы компанияның басшысы Әділ Ниязов қаңтардың 6-сы күні Маңғыстау облыстық ІІД ғимаратында жүрді. Комментарий беруден тағы бас тартқан ол:

- Мен комментарий бермеймін. Олардың талаптары қисынға келмейді, - деді.

Тechno Trading мекемесі «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады. Мұнда 700-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылар наразылығы 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Былтыр жұмысшылар жұмыс жағдайы мен жалақы мәселесіне байланысты екі мәрте ереуілге шыққан.

XS
SM
MD
LG