Accessibility links

Мұнайшылар 2010 жылдың басынан жаппай ереуілдейтіндерін ескертті


"Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшысы. Маңғыстау облысы, мамыр, 2008 жыл.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшысы. Маңғыстау облысы, мамыр, 2008 жыл.

Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының аштық жариялаған 37 жұмысшысы 17 қараша күні таңғы 3-те наразылық акциясын тоқтатты. Қос тараптан 21 адамнан құрылған бітімгершілік комиссиясы жұмысшылар талабын орындауға уәде беріп, желтоқсанның 30-на дейін мұрсат сұраған.

Қазмұнайгаздың Жаңаөзенге арнайы келген топ-менеджерлері мен жұмысшылар арасындағы бірнеше күнге созылған келіссөз бүгін таңда аяқталғаны белгілі болды.

Бұл жайлы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшысы Жак Аминов:

- Бітімгершілік комиссиясы отырысы үш жақ болып өткізілді. Кеше түңгі сағат 3-те аяқталды. Оған 21 жұмысшы және кәсіпорын мен билік өкілдерінен 21 адам қатысты. «Нұр отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асқар Заханов делдалдық қызметін атқарып отырды. Жұмысшылар талабының әр тармағының өз орындалар уақыты бекітілді. Комиссия барлық талаптарды желтоқсанның 30-на дейін орындауға мұрсат сұрады. Жұмысшылар өз талаптары орындалмаса 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай ереуілге шығатындарын ескертті,- деп хабарлады Азаттық радиосына.

Сондай-ақ, Жак Аминовтың айтуынша, «Нұр Отанның» өкілі Асқар Заханов Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың 19 қарашада президентке барып осы мәселелерді баяндайтынына уәде берген көрінеді. «Облыс әкімі «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ Ақтауға көше ме, болмаса «Өзенмұнайгаз» АҚ болып қайта бөліне ме бұл мәселелерді президентпен ақылдасатын болады. Содан соң 21 қарашада жұмысшыларға хабарын береді» деп отыр мұнайшы.

Жак Аминов мәлімдегендей келісімге қол жеткізбегенде, ереуілге қатысушылар қатары ұлғая түсер еді.

- 16 қарашаның өзінде аштық жариялағандар саны 37-ге жетті. Олардың қатары ары қарай көбейе беретін еді. 19 қарашада екі әйел Жаңаөзен қаласының әкімі кеңсесінің есігі алдына барып жатуы тиіс болатын. Бірақ өзара келісімге келуге байланысты олар бұл райларынан қайтты,-дейді Жак Аминов.

Жұмысшылардың сөзіне сүйенсек, бітімгершілік комиссиясының жұмысшылар талабын орындауға келісуіне аштық жариялағандардың тіпті су ішуден де бас тартқаны себеп болған көрінеді.

- Кеше кешке қарай сағат 5-тер шамасында аштық жариялап жатқан жігіттер мен құқық қорғау органдары арасында түсініспеушілік орын алып, аштық жариялаушылар суларын сыртқа лақтырып тастап, құрғақ ашығуға көшкен еді. Біздер өзіміз де уайымдай бастадық,- деді жұмысшылар белсендісі Жак Аминов.

Сондай-ақ, аштық жариялағандардың арасында денсаулықтары сыр бергендер де болған. «Бұрғылау» ЖШС зертханашысы Марал Сәрсекенованың қан қысымы төмендеп кетіп, ауруханаға жатқызылған.

- Қан қысымым төмендеп кетіп кеше жан сақтау бөліміне түскен едім. Қазір терапия бөліміне ауыстырды. Денсаулығым бірқалыпты,- деді Азаттық тілшісіне зертханашы Марал Сәрсекенованың өзі.

Естеріңізге сала кетсек, 15 қараша күні «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының 30 жұмысшысы жалақы деңгейі мен жұмыс жағдайына байланысты бірнеше талаптар қойып, аштық жариялаған еді. Олардың талаптарының қатарында еңбекақы мәселелерімен бірге кәсіпорын орталығын Ақтауға көшіру және оның жұмысына жұмысшылардың араласуына қол жеткізу, кәсіпорын басшыларын ауыстыру, Жаңаөзен қаласының әкімі мен облыс әкімі орынбасарларын орнынан алу жайлы тармақтар да болған.

Бұл Жаңаөзендегі жұмысшылардың алғашқы бас көтеруі емес. Осы жылдың наурыз айында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрамындағы «Бұрғылау» серіктестігінің 14 жұмысшысы аштық жариялаған еді. Ал серіктестіктің басқа да жүздеген жұмысшылары жалақыларын мерзімінде төлеуді және жұмыс орнын сақтауды талап еткен болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG