Accessibility links

Жаңаөзен атауын өзгертуге қарсылық күшейіп барады


Жаңаөзен қаласының сыртындағы белгі. 18 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзен қаласының сыртындағы белгі. 18 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзенге барған Азаттық тілшісіне бір топ мұнайшы мен кәсіподақ белсендісі қала атауын өзгертумен келіспейтіндерін мәлімдеді. Бұл ұсынысқа бірқатар маңғыстаулық студенттер де қарсы.

Қазанның 31-і күні «Өзенмұнайгаз» АҚ құрамындағы 16 мекеменің кәсіподақ басшылары Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов пен Жаңаөзен қаласы әкімі Серікбай Тұрымовтың атына мұнайшылардың наразылық хатын тапсырғандарын айтты. Онда «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының қала атауын өзгертумен келіспейтіндігі жазылған.

Кейбір қала тұрғындарының айтуынша, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының атауын Бекет ата деп өзгерту жөніндегі жергілікті ақсақалдардың ұсынысы қала халқын екіге бөлген. Ұсынысты жасаған ардагерлер мен жергілікті билік, «Нұр Отан» партиясының өкілдері бір жақ болса, бірқатар қала тұрғындары мен «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары – екінші жақта.

«ҮГІТ-НАСИХАТ ТЫНШЫР ЕМЕС»

«Бұрғылау жұмыстары басқармасы» кәсіподағының төрағасы Оразбай Тұрсынбайдың айтуынша, сәрсенбі күні «Өзенмұнайгаз» қарамағындағы мекемелер кәсіподақтарының төрағалары Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовпен және қала мәслихатының депутаттарымен кездескен.

- Біз әкімнен екі-үш адамның ұсынысын халық сөзі қылып жарнамаламауды сұрадық. Бұны айтып отырған 16 адам емес, «Өзенмұнайгаздың» мұнайшылары екенін ескерттік. «Қажет етсеңіз қол жинап әкеліп өткізейік» дедік. Тұрымов бізге «Қалай, маған ешкім келген жоқ қой» деді. Біз оған келу керек болса, он мың адамды әкімдіктің алдына алып келетінімізді айттық, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Өткен аптаның сенбі күні Оғыландыдағы Бекет ата мешітіне құрбан шалуға жиналған бір топ ардагер Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановқа Жаңаөзен қаласының атауын өзгертіп, «Бекет ата» деп атауды ұсынған болатын. Ұсыныс жасаған ардагерлер қала атауы әулие есімімен аталса, жастарға рухани тәрбие болатынын көлденең тартқан еді. Бұл ұсынысты қайта еске алған Оразбай Тұрсынбай дәл осындай кампанияның Жаңаөзенде бұрын-соңды болмағанын айтып таң қалды.
Қала әкімдігінің маңына жиналған жаңаөзендіктер. 1 маусым 2012 жыл

Қала әкімдігінің маңына жиналған жаңаөзендіктер. 1 маусым 2012 жыл


- Соңғы үш күнде теледидардан да, ұжымдар арасында да қауырт үгіт-насихат жұмыстары тыншыр емес. Егер расымен Бекет ата есімін ұлықтағысы келсе, қаладан мұражай ашсын, мавзолей тұрғызсын, мешіт салсын. Жаңаөзенде әлі жағдай тұрақталған жоқ, халықтың жарасы жазылған жоқ, қаралы күн де жарияланған жоқ, - дейді Оразбай Тұрсынбай.

Оның айтуынша, жиналған кәсіподақ төрағалары қала әкімінің есіне Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі сапары кезіндегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін салып кеткен.

- Назарбаев өзінің дер кезінде келе алмауы ақпараттың дұрыс жетпеуінен екенін айтты емес пе? Ендеше осыны ашық жеткізуді сұрап облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановқа, көшірмесін Серікбай Тұрымовтың атына жолдап, тапсырдық. Халықтың әлеуметтік жағдайы оңалмай тұрып қалай олар рухани, бай әрі тәрбиелі бола алады? - дейді Оразбай Тұрсынбай.

Азаттық тілшісіне қоңырау шалған НГДУ-2 мекемесінің машинисі Күнсұлу Әйтішова қала атауын өзгерту туралы ұсыныстың астарында саясат бар деп санайды. Оның пікірінше, Жаңаөзендегі желтоқсан оқиғасынан кейін қала аты әлемнің түкпір-түкпіріне белгілі болды. Мына ұсыныс Бекет ата есімін пайдалану арқылы Жаңаөзен оқиғасын елдің, тарихтың жадынан өшіру әрекеті болуы мүмкін.
Хасен Дүйсекенов, Жаңаөзен тұрғыны. 16 ақпан 2012 жыл.

Хасен Дүйсекенов, Жаңаөзен тұрғыны. 16 ақпан 2012 жыл.


Жаңаөзен оқиғасы кезінде баласынан айырылған Хасен Дүйсекенов қала атауын өзгертуге басқа себепті қарсы екенін айтты.

- Ел ертең мұндағы жастар арақ ішіп, төбелес шығарса немесе қылмыс жасаса, осының бәрі Бекет ата қаласында болды деп айтылады. Бұл атаға кір келтіру десіп жатыр. Біздің «Өзенинвест» мекемесі де 100 пайыз қарсымыз деп хаттама толтырдық, - деді Хасен Дүйсекенов.

Мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиев те Азаттық тілшісіне қарсылығын жеткізді.

- Кешіре гөр, Бекет ата. Үш күннен бері ол кісінің атын ауыздан тастамадық. Ол - әулие, қасиетті кісі. Сондықтан ол кісінің атын қалаға қоюға өз басым келіспеймін, - деді ол.

Ал Азаттық тілшісі сөйлескен тағы бір қала тұрғыны Гүлнар Досова да Жаңаөзен атауын өзгертуді қолдамайтынын айтты.

- Рас, Бекет ата қанша дегенмен киелі кісінің аты. Бірақ Түркістан қаласында да Қожа Ахмет Йассауи кесенесі бар. Бірақ олар Йассауи қаласы деп өзгертіп жатқан жоқ қой. Жаңаөзен болып қала берсе деймін, - деді ол.

«СӘТІ ТҮСКЕН УАҚЫТ»

Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, қала атауын өзгерту туралы халық арасында түрлі пікір бар. Бірақ мәселе қаладағы мекеме ұжымдары арасында қызу талқыланып жатыр. Ол өзінің «ел сиынатын ата есімін» қалаға беру дұрыс деп санайтынын айтты.

- Бұл ұсынысты желтоқсан оқиғасымен байланыстырудың қажеті жоқ. Мұнда үлкен бір саяси астар да жоқ, халық өз тіршілігін жасап жатыр. Ел болған соң әр түрлі ой айтылып жатыр, ал әркім өз пікірін айтға құқылы, - деді әкім.

Оның ойынша, Жаңаөзен қаласының атауын өзгерту туралы әңгіме бұған дейін Бекет атаның 260 жылдығы кезінде де қозғалған.

- Қазір бір сәті түскен уақыт деп есептеймін, - дейді Серікбай Тұрымов.
Серікбай Тұрымов, Жаңаөзен қаласының әкімі. 1 маусым 2012 жыл

Серікбай Тұрымов, Жаңаөзен қаласының әкімі. 1 маусым 2012 жыл


«Өзенмұнайгаз» кәсіподақ төрағаларымен кездескен қалалық мәслихат хатшысы Сахи Мыңбай қаланың атын Бекет ата есімімен атау «елдің бірлігі үшін, амандығы үшін қызмет атқарған ірі тұлғаны ұлықтау үшін жасалған ұсыныс» деп санайтынын айтты.

- Кездесуге келген кәсіподақ төрағалары негізі қолдады. Егер қала атауы өзгерген соң біреу жамандық жасаса, ол әр адамның арына сын деп ойлаймын. Дегенмен олардың жазған хатын өзім оқығаным жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Жергілікті әулиенің есімін қалаға беру туралы ұсынысты қолдағандардың бірі – 73 жастағы зейнеткер, ардагер-мұнайшы Нұраддин Садықбаев. Ол бұл алдын-ала ұйғарылмаған, аяқ-асты туған ой екенін айтты.

- Дүние жүзінде бір адамның атымен аталған қалалар бар екені туралы естіген соң, әрі «солардан біздің Бекет ата кем бе» деген әңгімелер қозғалғанда, мен де қосылдым, - дейді Нұраддин Садықбаев.
Жаңаөзен қанды оқиғасынан кейінгі қаланың бір көрінісі. 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қанды оқиғасынан кейінгі қаланың бір көрінісі. 19 желтоқсан 2011 жыл.


Оның айтуынша, Бекет ата басындағы Құрбан айтта бұл ұсынысты Жаңаөзен қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Асылбек Айдаров пен Тыныштық Базарбаев жасаған. Оны Маңғыстау облысына барған басқа да 40 шақты ардагер қолдаған.

Нұраддин Садықбаев Жаңаөзен атауының советтік дәуірде қойылған атау екеніне де тоқталды.

- Ертеректе қала тұрған орын Қызыл сай деп аталған. Одан 10 шақырым қашықтықта Өзен, Талақ деген мекендер болды. Кейін жаңа қала бой көтере бастағанда оны орысшалап Новый Узень атады. Ол кезде бізден тіпті сұраған ешкім болған жоқ, - дейді ардагер.

Оның сөзінше, «бәрін жоғары жақ шешеді, әзірге тек ұсыныс жасалды».

СТУДЕНТТЕРДІҢ ПІКІРІ

Жаңаөзен қаласының атын өзгерту мәселесі қазанның 31-і күні Ақтау қаласындағы мемлекеттік «Каспий» технология мен инжиниринг университетінде талқыланды. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Өмірзақ Озғанбаев, Бектұр Төлеуғалиев пен Әбілқайыр Спан қатысты.

Ардагерлердің «егер қала Бекет Ата атымен аталса, онда рухани ахуалы жақсарады» деген сөзі жиналған студенттердің қарсылығын тудырды. Солардың бірі өзін Қасым Байтөреевпін деп таныстырған жаңаөзендік жас жігіттің ойынша, бұл ұсыныс бетін бүркемелеген саясаттың әркеті.

- Бекет Атамен атау туралы ұсыныс бұған дейін де айтылғанда неге осылай насихатталмады, халыққа жарияланбады? Егер қала атын өзгету қажет делінсе, неге қазақтың тілін әлемге танытқан Абай есімін Семейге бермейді? Жаңаөзенде жаңа бетбұрыс болады дейді. Ал бүгінгі Жаңаөзендегі жаңалықтар неге желтоқсан оқиғасынсыз жасалмады? - деп сұрады ол.

Аты-жөнін атамаған студент қыз мұндай жиналыстың неге сол Жаңаөзен қаласында өткізілмегенін, неге халықтан, жастардан сұралмағанын білгісі келді.
Мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде кездесу өткізіп жатқан ақсақалдар. Ақтау, 31 қазан 2012 жыл. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.

Мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде кездесу өткізіп жатқан ақсақалдар. Ақтау, 31 қазан 2012 жыл. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.


Студенттер пікірін жиынға қатысқан кей мұғалімдер де қолдап шықты. Азаттық вебсайтының форумында пікір жазғандардың бірі ойын ашық айтып, қарсылық танытқан студенттердің қудалануы мүмкін екені туралы қаупін білдірді.

Есімін жарияламауды өтінген Алматыда оқып жүрген жаңаөзендік студент Азаттық тілшісіне:

- Қала атын өзгертуге қарсымын. Себебі Жаңаөзен оқиғасының тарихтан өшірілуіне қарсымын. Мен сияқты көптеген жаңаөзендік жастар да осылай ойлайды. Бұл ұсыныстың не үшін жасалып отырғанын нақты білмеймін. Бірақ билікке жағымпазданып жүрген адамдардың тірлігі сияқты, - деді.

Жаңаөзен атауын өзгертуге қатысты қазанның 27-сі облыс әкіміне айтылған ұсыныс екі күннен кейін «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында өткен тікелей эфирдегі «қоғамдық талқылауға» тақырып болып үлгерген еді. Қазанның 30-ы күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрбол Телегенов «талқылаудың» Жаңаөзенде ары қарай жалғасатынын, кейін осының негізінде қала әкімшілігі үкіметке ұсыныс жасайтынын хабарлаған болатын.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде бірнеше айға созылған мұнайшылар наразылығын полиция мен арнайы әскер күшпен, қару қолданып басқан соң қаланың аты жергілікті және әлемдік ақпарат құралдарында жиі атала бастады. Ал Жаңаөзен оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі саяси-әлеуметтік шиеленістердің біріне айналды. Бірқатар халықаралық ұйымдар әлі күнге дейін қалада болған қанды оқиғаның себебі мен адам өлімі фактілерін тәуелсіз түрде тергеп-тексеруге шақырып келеді. Ресми ақпарат бойынша Жаңаөзен мен Шетпедегі толқу кезінде 17 адам қаза болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG