Accessibility links

Майя Манезаны қазақ салт-дәстүрімен ұзатты


Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манезаны (ортада) ұзату тойы. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манезаны (ортада) ұзату тойы. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл.

Сәуірдің 27-і күні Алматыда ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манезаны ұзату тойы өтті. Қыз ұзату қазақы салт-дәстүрге сай өткізілді.

Майя Манезаның тұрмысқа шығу тойы өзі оқитын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтті. 27 жастағы ауыр атлет осы білім ордасында психология мамандығы бойынша 4-курста оқиды. Манеза - 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы. Ауыр атлет Вячеслав Ершовпен шаңырақ көтерді.

ҚАЗАҚ САЛТЫМЕН ҰЗАТЫЛҒАН ДҮНГЕН ҚЫЗЫ

Қалыңдықты ұзату тойына Майя Манезамен бір топта оқитын студенттер, ұстаздары, спортшылар және журналистер – барлығы жүзге жуық адам жиналды. Оркестр қазақ күйлерін шертіп, дастархан жайылды.

Қалыңдығын алып кетуге келген күйеу жігіт те қазақтың ұлттық киімін киіп алған. Ол жолына арқан тартып тұрғандарға қазақ салты бойынша кәде ұстатты. Бұдан кейін ішке кірген күйеу баланы Манезаның ұстаздары шашу шашып қарсы алды.

Қазақтың ұлттық киімін киген қалыңдық Майя Манеза мен күйеу жігіт Вячеслав Ершовтың үйлену тойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтті. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл.

Қазақтың ұлттық киімін киген қалыңдық Майя Манеза мен күйеу жігіт Вячеслав Ершовтың үйлену тойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтті. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл.

– Манеза осыдан бір ай бұрын отбасын құратынын айтқан еді. Ата-анасы Қытайда болғандықтан, ұзату шарасын университет болып ұйымдастырып беруді ұйғардық. Ұзату тойын қазақ салт-дәстүрімен өткізуді жөн көрдік. Күйеу жігіт пен Майяның өзі қарсы болған жоқ. Күйеу бала мен келін де тойда ұлттық киім киеді, – деді қыздар университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова Азаттық тілшісіне.

«БЕС ЖЫЛДАН БЕРІ ТАНЫСПЫЗ»

Күйеу жігіт Вячеслав Ершов қалыңдығын бөлмесінен алып шықты. Қазақ салтымен қалыңдықтың жанында құрбылары бірге еріп жүрді.

– Майя екеуміз бес жылдан бері таныспыз. Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасында оқу-жаттығу кезінде таныстық. Кейін бірге жаттығып жүріп, бір-бірімізді ұнатып қалғанымызды түсіндік. Жақында Майяға отбасын құруға ұсыныс жасадым. Ол қарсы болған жоқ. Үйлену тойымызды дүркіретіп жасамаймыз. Осы шараның өзі біз үшін қуаныш. Алдағы уақытта екеуміз Манезаға мемлекет берген пәтерде тұрамыз, - деді күйеу жігіт.

Майя Манеза бүгін өзі үшін қуанышты күн екенін айтты.

– Мен бұл күнді көп күттім. Вячеслав - менің өмірдегі ең жақын адамым. Қазір екеуміз бірге жаттығамыз. Енді отбасымды асырап, ана болуым керек. Бірақ ауыр атлетикамен әлі де айналысамын. Бастысы - ең жақын адамым жанымда, - деп жымиды олимпиада чемпионы.

Қалыңдықтың басына сәукеле кигізген соң жас жұбайлар осы жерде орнатылған арнайы шаңырақтың астында тұрып ақсақалдардан бата алды. Олардың құрметіне қазақ термесі орындалды. Манезаның қос құрбысы оның орнына сыңсу айтты. Одан кейін күйеу жігіт қалыңдығын алып, неке сарайына жол тартты. Ал қуанышқа жиылған жұртшылыққа дастархан жайылып, дәм тартылды.

Майя Манеза - Қазақстанға 2006 жылы Қытайдан келген спортшы. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының дерегі бойынша, оның ұлты – дүңген. 2006 жылы Дохада (Катар) өткен Азия ойындарының чемпионы, Ауыр атлетикадан 2009 жылғы әлем чемпионы. 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 2012 жылы жазда Лондон олимпиадасының алтынын жеңіп алды. Оның күйеуі Вячеслав Ершов - Қазақстанның тумасы, ол да халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ауыр атлетикадан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. Қазір ол бапкер болып еңбек етеді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG