Accessibility links

Олимпиадашыларға сыйлық беру жалғасып жатыр


Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Әділбек Ниязымбетовке Маңғыстау облысы әкімдігі көлік сыйлады. 15 тамыз 2012 жыл. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.

Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Әділбек Ниязымбетовке Маңғыстау облысы әкімдігі көлік сыйлады. 15 тамыз 2012 жыл. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.

Олимпиададан келген Қазақстан спортшыларына мемлекет белгілеген сыйлықтардан бөлек, жер-жерде тарту-таралғы беріліп жатыр. Лондонда медаль иеленгендердің көбі бір-бір көлік мініп үлгерді.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке жергілікті шахтерлер мен металлургтер әкімдікпен бірігіп, Toyota Land Cruiser-200 автокөлігін сыйлайтындарын мәлімдеді. Шахтерлер мен металлургтер ықыласына жауап қатқан Серік Сәпиев көлікті «өзі мінетінін» айтқан еді.

ӘКІМДЕР СЫЙЛЫҒЫ

Маңғыстау облысы әкімдігі бокстан Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке Toyota Camry тарту етті.
Лондон олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Майя Манеза сыйға алған Toyota Land Cruiser-200 көлігінің қасында тұр. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Майя Манеза сыйға алған Toyota Land Cruiser-200 көлігінің қасында тұр. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.


Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев еркін күрестен олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровқа Mitsubishi Pajero көлігін мінгізді.

Қостанай облысының басшылығы тағы бір қола жүлдегер боксшы Иван Дычкоға Toyota Camry автокөлігін сыйлады.

Ауыр атлетикадан алтын алған Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедоваға Алматы облысының әкімдігі Toyota Land Cruiser-200 көліктерін сыйға берді. Үшеуі үш көлік мінген спортшылардың әрқайсысына облыс басшылығы көліктің үстінен 67 мың доллар сыйақы берді.

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері Алексей және Виктор Ни екеуіне бес миллион теңгеден сыйақы беріліп, үлкен экранды теледидар тарту етілді. Екеуі де «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын алды.

«Облыстың құрметті азаматы» атағы Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыхановқа да берілді. Бұл туралы Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Лондон олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Светлана Подобедова сыйға алған Toyota Land Cruiser-200 көлігінің ішінде отыр. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Светлана Подобедова сыйға алған Toyota Land Cruiser-200 көлігінің ішінде отыр. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.


Ал Қызылорда облыстық әкімдігі Лондон олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Илья Ильинге ай сайын берілетін он бес мың долларлық стипендияны төлеуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Алматы облысы әкімдігі олимпиададан жүлдесіз қайтса да, балуандар: Нұрмахан Тінәлиев, Дәурен Жұмағазиев, Асхат Ділмұхамедов, жеңіл атлеттер Артем Косинов, Айман және Шолпан Қожахметовалар мен садақшы Денис Ганькинге бір-бір үй театрын сыйлады.

ПӘТЕР, КӨЛІК, ЕЛУ МЫҢ ДОЛЛАР...

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға 50 мың доллар сыйақы беріп, ай сайын бес мың долларлық стипендия
тағайындады. Ольга Рыпакова 2009 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында алтын алғанда облыс әкімдігі үш бөлмелі пәтер тарту еткен еді.
Лондон олимпиадасының чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова. Астана, 12 шілде 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова. Астана, 12 шілде 2012 жыл.


Ал 2011 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде алғанда Kia Sorento көлігін мінгізген болатын. Бұдан бөлек, биыл Өскемен қаласында ашылатын жеңіл атлетика манежі Ольга Рыпакованың атымен аталатын болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін тамыздың 17-і күні арнайы қабылдап, мемлекеттік наградалар мен жүлде алғандарға тағайындалған мемлекеттік сыйақыларды табыс етеді.

Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған спортшыға - 250 мың АҚШ доллары, күміс жүлде әкелген атлетке - 150, қола жүлдегерге 75 мың доллар сыйақы беріледі.

Салтанатты жиынға жеңімпаздардың бапкерлері мен спорт шенеуніктері де қатысады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG