Accessibility links

Олимпиада чемпионы Ильин ауруханаға түсті, бірақ қалай жарақаттанғанын жасырып қалған


Олимпиада чемпионы Илья Ильин жеңіс тұғырында. Бейжің,17 тамыз, 2008 жыл.
Олимпиада чемпионы Илья Ильин жеңіс тұғырында. Бейжің,17 тамыз, 2008 жыл.

Ауыр атлет Илья Ильин 14 ақпанда, түнде Алматыдағы кафелердің бірінде денесін жаралап ауруханаға түскен. Ресми дерек бойынша, Ильиннің өзі құлап, бөтелке сынығына жарақаттанған. Ресми емес деректерге қарағанда оған пышақ тиген.

Ауыр атлет Илья Ильин ақпанның 14-i күні түнде Алматыдағы кафелердің бірінде денесін жаралап ауруханаға түскен. Қалалық ішкі істер департаментінің Азаттыққа хабарлауынша, Ильиннің өзі полицияға алкогольдік ішімдіктен мас болып құлап, жарақаттанғандығын айтқан.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Арман Жусанбайдың айтуынша, оқиға ақпанның 14-і күні түнгі сағат 23 шамасында қаладағы «Ақниет» кафесінде тіркелген. Жедел жәрдем Олимпиада чемпионын №4-ші қалалалық ауруханаға жеткізген.

- И. Ильиннің өзі полицияға мұзға тайып құлағандығын, сол кезде қолындағы бөтелке жарылып кетіп оның сынығы кеудесін жарақаттағандығын айтты. Атлетті аурухана жеткізген. Дәрігерлер кеудесіндегі жарақатын таңған соң ол үйіне қайтқан, - деді Арман Жусанбай.

Алайда №4 қалалық аурухананың емдеу ісі бойынша бас дәрігерінің орынбасары Владимир Семенов «Наш спорт» интернет сайтына чемпионның қазіргі таңда ауруханада жатқандығын хабарлап отыр:

- Ильяның өзі баспасөз өкілдерін жібермеуді сұрады. Оған қоса науқас ешкімді көргісі келмейді. Қасында оның туыстары мен жақындары бар. Біз науқасты осы аптада шығарғымыз келген, бірақ шығармадық. Оған бірқатар кішігірім процедурадан өту ғана қалды. Келесі аптаның басында ол ауруханадан шығады деп ойлаймын,-дейд Семенов.

Бұл уақытта, бірқатар ақпарат құралдары, атап айтқанда Казахстан сегодня" агенттігі жұма күні «Ақниет» кафесінде төбелес болғандығын, Ильиннің арқасына пышақ сұғылғандығын хабарлады. Ал қалалық ішкі істер департаменті болса Ильиннің полицияға арыз түсірмегендігін ескертіп отыр.

- Ол ешқандай арыз тастаған жоқ. Полицияның жұмысы азаматтан арыз түскенде ғана іске қосылады. Оқиғаның нақты дерегін ешкім білмейді. Кафе әкімшілігі де төбелес болмағандығын растады. Ал Ильиннің өзі алкогольдік ішімдіктен мас болып құлап қалғандым дегеннен таймай отыр, - деді Арман Жусанбай.

Азаттық радиосы тілшілерінің спорт комитетімен хабарласпашқы болған әрекетінен ештеңе шықпады, телефон тұтқасын онда ешкім көтермеді.

Ауыр атлет Илья Ильин - екі мәрте әлем чемпионы, 2008 жылғы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Ол 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
XS
SM
MD
LG