Accessibility links

1976 жылы маусымның 17-сінде Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабын айыптаған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің қаулысы қабылданды. 25 жасында ел аузына ілінген ақын қоғамда бүгін де түрлі пікір туғызып отыр.


1961 жылы сәуірдің 12-сінде – СССР-дің айбынын асырған Юрий Гагаринге социалистік елдер батыр атағын бірінен кейін бірі жарыса тапсырып, тіпті Айдың арғы бетіндегі кратерге дейін есімін беріп жатқанда – Олжас Сүлейменовтің арнау өлеңі арнайы қағазға басылып, Алматының төбесінен ұшақпен шашылды.

«АДАМҒА ТАБЫН, ЖЕР, ЕНДІ»

Адам баласының ғарышқа тұңғыш ұшуын жырлаған Олжас Сүлейменов небәрі бір айдың ішінде совет еліндегі ең танымал ақындардың біріне айналды. Совет өкіметі бір жыл бұрын «бұзақылығы үшін» Мәскеудегі оқуынан шығарылған жас ақынды басты бақталастары АҚШ пен Батыс Еуропаға арнайы жөнелтті.

«Сұлулық маған ұнайды,
Сан ғасыр соны аңсадым,
Мақтап та, қарғап құдайды,
Жаза да тарттым, шаршадым.
Жасадым өзім өзенді,
Теңізге дауыл әкелдім.
Адамға табын, Жер, енді,
Құдайың әрі әкеңмін!» – деп келетін «Адамға табын, Жер, енді!» атты поэмасын Олжас Сүлейменов АҚШ-тағы Колумбия университетінде, Парижде, Сорбоннада студенттер алдында оқыды. Совет өкіметі өз идеологиясына сай келген жыр иесіне 1964 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын табыс етті.

Кейін ақынның өзі «Сол күні адамдардың бәрі – орыс, америкалық, қытай, француз, поляк, қазақ емес – Жер планетасының тұрғындары екенін, адамдардың бәрі Жер аталатын ортақ кемеде жүзіп келе жатқанын сезінді.
Совет ғарышкері Юрий Гагарин. 12 сәуір 1961 жыл. (Көрнекі сурет)

Менің поэмамның басты айтары да осы» деп еске алды. «Құдайың әрі әкеңмін» деген өлең жолдары сол кездегі үстем атеистік риториканың бір үзігі ретінде ешкімнің «діни наным-сенімін қорлай қоймағаны» анық..

Қазақ әдебиетінің сыншысы Жекен Жұмаханов «Автор дастанында Ю.Гагариннің портретін нақтылап жатпайды, оны совет адамы, Ұлы Отан, ұлы партия, совет жері деп аталатын алып дененің бір бөлшегі, кішкене де, керекті тетігі деп біледі. Партия советтік Отан жұмсаса әрбір совет адамының Гагариннің ерлігіндей ерлік ете алатынын жинақты, жалпылы образға айналдыра, тамаша топшылайды» деп жазды.

1962 жылға дейін-ақ одақтық баспасөз беттерінде таныла бастаған Олжас Сүлейменовтің ақындық өнеріне жазушы, сыншы Асқар Сүлейменов сол жылы былай деп баға берді:

«Сүлейменов өлеңді орыс тілінде жазады. Соның өзінде оның өлеңдері бүкіл табиғатымен қазақ топырағында туғаны айқын көрініп тұрады... Тамыр тәнімен далаға, селеу сыбырына, мамыр бұлтты аспанды өпкен Алатау шыңына, Құрманғазы күйлерінің, Махамбет жолдарының патетикалық ырғағына сіңісіп жатқан парасатты, дарынды ақын жанын көргендейміз...»

«ҚАТЕ КЕТІП, ШАЛЫС БАСТЫМ»

Олжас Сүлейменовтің басын дауға қалдырып, атын шығарған тағы бір туындысы – тарихнама мен лингвистика мәселелеріне арналған «Аз и Я» 1975 жылы 100 мың данамен жарық көрді. Орыс әдебиетінің мақтанышы «Игорь полкы туралы жырдан» қыпшақ сөздерін көптеп тауып, арнайы зерттеу нысанына айналдыруы советтік идеологияға сай келмеді.

СССР ғылым академиясы «Аз и Я» кітабын екі жылда екі рет арнайы талқылап, автордың «өрескел қателіктерін» көрсетті.

Академик Дмитрий Лихачев «Слово о полку Игореве» и культура его времени» деп аталатын монографиясының бір тарауын Олжас
Академик Дмитрий Лихачев ...қазақ ақынының пікірлерінен ұлтшылдық сарын «тапты», зерттеу тәсілдерінің «түкке тұрғысыз екенін» ғылыми түрде дәлелдеді.

Сүлейменовке арнап, қазақ ақынының пікірлерінен ұлтшылдық сарын «тапты», зерттеу тәсілдерін «түкке тұрғысыз» деп атады.

1977 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде «Жоғары идеялылық – басты мұрат» деп аталатын Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің көзқарасын баяндайтын мақалада «Аз и Я» мен оның авторына: «…түркі халықтарының әлемдік мәдениет тарихынан алатын орны кітапта таптық емес, ғылымға жуыспайтын тұрғыдан қаралады; орыс жерін біріктіруге шақырған патриоттық шығарма деп екі жүз жыл бойы бірауыздан бағаланып келген «Игорь полкы туралы жырдың» идеялық мазмұнын О.Сүлейменовтің қайта қарамақ болған дәмегөй әрекеті де бос әурешілік; ғылыми дәйексіз, қате қорытындылар интернационалдық тәрбие ісіне көмектеспейді; аса маңызды тақырыпқа автордың жеңіл-желпі, дилетанттық тұрғыдан қарағанын көрсетеді» деген сындар айтылды.

Осы мақаланың астында Олжас Сүлейменовтің «қате кеттім, шалыс бастым, жаздым-жаңылдым» деп, ғалымдардан кешірім сұраған хаты да жарық көрді.

Советтік дәстүрлі айыптаулардың соңы саяси қуғын-сүргінге ұласатыны мәлім. Бұл жолы Олжас Сүлейменовті арашалап қалуға Дінмұхамед Қонаев араласты.

Сол кездегі баспасөз комитетінің төрағасы Шериаздан Елеукенов «Аз и Я»-ның азабы» атты естелігінде кітаптың кездейсоқ шығып кетпегенін, оған дейін Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары» (1972), Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» (1969, 1971, 1973) жарық көргенін, яғни «алпыскерлердің» алпысыншы жылдардағы рухани сілкініс әкелетін шығармаларына баспа орындары мүмкіндігінше бұрынғыдай бөгесін жасамауға тырысқанын баяндайды. Бұл оның «Аз и Я» кездейсоқ жарық көрді» деген Олжас Сүлейменовтің сөзіне орай айтқан пікірі еді.

«ҚАРЫШТАП БІРГЕ ӨСЕЙІК, БІРЛЕСІП ШАРЫҚТАЙЫҚ»

Орталықтың қаһарына іліккен «Аз и Я» – «қара базардан қара малдың құнын төлеп алатын кітапқа», авторы – қазақ халқының мақтанышына айналды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан жастар өздері сенетін қазақ зиялыларының арасынан Олжас Сүлейменовтің де атын атады.

Осы уақиғадан кейін Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің қазақ жазушыларымен арнайы кездесуіне Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов мұрындық болды.

1988 жылғы маусымның 24-і күні «Известия» газетінде Олжас Сүлейменовтің Геннадий Колбинмен «Саясат – мүмкіндік өнері» атты көлемді сұқбаты жарияланып, екі күннен соң ол «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде қайта басылды.

Осы кезеңде Жазушылар одағының пленумында «республикада мемлекеттік екі тіл – қазақ және орыс тілдері болуы керектігі жөнінде» ұсыныс талқыланып, Олжас Сүлейменов қос тілділікті жақтап шықты.

«Өзімізді асқақтатамыз деп, өзгелерді аласартпайық, қарыштап бірге өсейік, бірлесіп шарықтайық», «қазақ тілін дамытайық, орыс тілінен де айрылмайық» дейтін пікірі әуелі мәскеулік «Правда» газетінде айтылып,
Алғашқы совет ядролық жарылысы. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл. (Көрнекі сурет)

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген атпен «Социалистік Қазақстан» бетінде газетінде жарық көрді.

1989 жылғы ақпанның 26-сында СССР-ды тұтас қамтыған «экологиялық ұлтшылдық» ұйымдарының бірі ретінде «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Ұйымның қызметі Семей ядролық полигонын жабуға ықпал етті. Республика халқының қолдауын тапқан қозғалысқа Олжас Сүлейменов басшылық жасап, ел алдындағы абыройын да арттырды, саяси беделін де өсірді. Алайда кейін оның осы қозғалыста қаншалықты маңызды рөл атқарғанына қатысты күдік-күмән айтушылар да болды.

Қазақстан тәуелсіздік алар қарсаңда ақын Олжас Сүлейменов қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 1991 жылғы қазанның 5-інде Мұхтар Шаханов екеуі тең төраға ретінде «Халық конгресі» партиясын құрып, съезд мәлімдемесін жасады, қазақ жастарына ашық хат жолдады.

1990-жылдардың бас кезінде құрылған кейбір партиялар мен қозғалыстардан («Алаш», «Азат», «Лад») гөрі «таразы басын тең ұстауға» тырысқан либералды-демократиялық пиғылдағы «Халық конгресі» ұлтшылдықтан сескене бастаған халықтың біршама ықыласын аударды.

Олжас Сүлейменов «тауларды аласартпай, даланы асқақтату» жөніндегі идеясын: «Славян және түрік сияқты екі суперэтностың бір-бірімен кездесуі өткен ғасырда емес, өткен мыңжылдықта болғанын білуіміз қажет. Олардың бір-бірімен бейбіт қатынасы бүкіл Евразия құрлығының тағдырына әсер еткен. Ал бүгінгі қарым-қатынасы Еуразияның келешегін айқындайды» деп одан әрі жетілдірді

«ОЛЖАС, САҒАН НЕ БОЛДЫ?»

Тәуелсіздіктің бас кезінде айтылған Олжас Сүлейменовтің пікірлерін қазақ қоғамындағы кейбір топтар «ғаламдық ауқымда бүкіл адамзаттың қамын жейтін» идеялар ретінде қабылдап, наразылық білдіріп жатты. 1992 жылы маусымның 22-сінде ресейлік телеарнадан Қазақстанның Ресеймен конфедерация құруы керектігі жөнінде айтқан сөзі Олжас Сүлейменовке қаратып жазылған алғашқы ашық хатқа түрткі болды.

«...Азатшыл халқымыз бостандықтың туын көтергелі бері сенің пиғыл-пікірің өзгеріп, түсініксіздеу болып бара жатқанына қайран қалып жүргенімізді қалай жасырамыз?» деп бастаған ашық хат иелері, «федерацияның жебір тонынан конфедерацияның темір тоны жәйлі жұмсақ болар деп ойлайсың ба? Әлде қазақ басқаның тонын кимесе күн көре алмай ма?» деген сауалдар қойды.

Қазақ әдебиеті газетіне шыққан ашық хат: «Олжас! Сенің шығармаларыңды төл тілінде оқып тәнті болып жүрген қазақ көп дей алмасақ та кешегі тоқырау заманында қалың елің сенің есіміңді дәріптеп,
Олжас Сүлейменов (ортада) ақын Бақытжан Қанапиянов (оң жақта) және Сорбонна университетінің профессоры Леон Робельмен бірге. Париж, 1997 жыл. (Көрнекі сурет)

биік ұстаған болатын. Күрескерімнің бірі, азаматымның бірі деп әлпештеген болатын. Зорлықшыл әкімдердің улы тырнағынан сені талай рет аман алып қалған болатын. Еліңнің саған артқан үміті отаршылдық дәуірдің өтуімен бірге аяқталған жоқ шығар. Ендеше халқыңның назына қалсаң да, назасына қалма!» деген шақырумен аяқталды.

Бір топ қазақ жазушыларының «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Жас алаш» газеттерінде жариялаған осы сарындағы ашық хаттарына Олжас Сүлейменов өз партиясының үні – «Халық конгресінің» бетінде жауап берді.

«Біздің жазушылар «қауымы» маған жақсы таныс, оның әлеуметтік мінез-құлқы да белгілі. Көпшілігі – ауылдан кеп, мұғалімдік жоғары оқу орнына түскен, бір күн де мектепте істеместен, бірден әдебиетке араласып, халықты оқытып жүргендер. Соғыстан кейінгі ұрпақтың әскер қатарында болғаны да некен-саяқ, көпұлтты коллективте де жұмыс істеп көрмеген. Сондықтан көпшілігінің өмірлік тәжірибесі өте таяз, соған орай ой-өрістері де шектеулі» деген ол «авторлардың басты міндеті оқырмандарға Сүлейменовтің кезекті саяси қателігін неғұрлым көбірек жария етіп, оның өзін және «Халық конгресі» партиясын жауапқа шақыру» деп бағалады.

Баспасөз бетіндегі үсті-үстіне жазылған ашық хаттар мұнымен де аяқталған жоқ. Олжас Сүлейменовтің жауабына қарсы жауап жазушылардың қатарында Ақселеу Сейдімбек пен Әбдуәли Қайдаров сияқты белгілі адамдар болды.

«ТАЛАУ МЕН ҚАЙЫРШЫЛЫҚҚА ДУШАР ЕТКЕН ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫ»

«Халық конгресі» 1994 жылғы пленумында билікке ашық түрде конструктивті оппозицияға көшетінін мәлімдеп, Олжас Сүлейменов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық сын айта бастады.

Сол жылғы қараша айында «Токио Симбун» газетінің сұрақтарына «Халық конгресі» өзге партиялармен блок құрып, 1996 жылы президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға әзір деген сыңайда жауап қайтарды. Олжас Сүлейменовтің кейінгі саяси лексиконын түсіп қалған сөздер де осы
Әрине, 1991 жылғы сайлаудағыдай 99 процент деп жар салудың ыңғайсыз екенін президент командасы сезеді.

сұқбатта айтылды:

«Сенім көрсету референдумын пайдаланып, президент өзінің мандатын сайлаусыз тағы да ұзартуға ниеті бар. Сірә, өз билігіндегі сайлау машинасының мүлт кетпейтін механизміне сенетін болар. Әрине, 1991 жылғы сайлаудағыдай 99 процент деп жар салудың ыңғайсыз екенін президент командасы сезеді. Халық бұған сенбейді, өйткені республиканы талау мен қайыршылыққа душар еткен президент саясатына көпшілігі қарсы дауыс береді. Бірақ командаға 51 процент те жетіп жатыр. Жоғарғы кеңес референдумға келісім бермеуі керек. СССР-ді күйреткен нәрсе – ғұмырлық билік институты. Жаңа мемлекеттердің ескінің жұрнағына қайтып оралуы – тоқырау мен феодализмге қайтадан ат басын бұрғаны».

«1993 жылы қабылданған Конституция республика халқының 58 процентін разы етпей отыр (Бұл – Қазақстандағы қазақтан басқа
«Бірыңғай Қазақстан Республикасы – өзін өзі билейтін қазақ ұлтының мемлекеттік формасы»: Негізгі Заңның осы құжатымен Қазақстан халқының қалған жұрты келісе ала ма?

халықтың саны). Мұның өзі қазақ ұлтының жайбарақат өсіп-өнуіне кесірін тигізуі мүмкін. «Бірыңғай Қазақстан Республикасы – өзін өзі билейтін қазақ ұлтының мемлекеттік формасы»: Негізгі Заңның осы құжатымен Қазақстан халқының қалған жұрты келісе ала ма? Бұл – 42 проценттің ғана Конституциясы. Ал басқасының болашағы не болмақ? Көше ме, әлде сіңе ме?

Бұл құжатты және осыдан сабақталатын басқа да тарауларды баяу жарылатын минаға теңеймін. Сағат сыртылын саңырау саясатшы да естіп отыр. Конституция «Қазақстан халқының өзін-өзі билеу формасын» айтуға керек, тұтас 100 проценттің құқығын қорғасын» деп сөйлеген ақын жапон газетіне.

Олжастың оқыс пікірлерінен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қалыса қойған жоқ. «Республика күніне орай сөйлеген сөзінде және және сұхбаттарында, әсіресе қазақша сұхбатында президент кейбір жігіттердің совхоз басқарған тәжірибесі болмаса да, елдің тұтқасы боларлық басшы қызметке тыртаңдайтынын жаратпай айтты. Ол өз елдерін азамат соғысына душар еткен Гамсахурдия мен Елшібейді еске алып, егер бізде де үкімет басына творчестволық тұлға келетін болса, дәл осындай жағдай қалыптасатындығын сездіріп өтті» деп жазды іле-шала Сейдахмет Құттықадам «Халық конгресі» газетінде.

1995 жылы Қазақстан парламенті Татьяна Квятковскаяның «арыз-шағымы» бойынша таратылған соң, депутаттар Нұрсұлтан Назарбаевтың «билікті басып алуына» қарсы аштық жариялап, Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Халықтық парламент» құрмақ болды.

Оппозицияға кетіп, ел президенттігінен үміттене бастаған Олжас Сүлейменов бұқаралық ақпарат құралдарында ашық сынға ұшырады. Ермұхамет Ертісбаев «Караван» газетіне «Прежде чем войти в дел, подумай, как выходить из него» атты мақала жарияласа, «Егемен Қазақстанда» Смайыл Ержұман «Оппозиция? Бар. Балама? Жоқ!» деп түйді.

Көп ұзамай күн сайын қауіпті бола бастаған күрескер ақынды билік құрметті эммиграцияға жіберіп, әуелі Италияға елші етіп аттандырды да, кейіннен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі етіп жіберді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ «МИЛЛИОНДАҒАН ТЕҢГЕ, МИЛЛИАРДТАҒАН НЕРВ КЛЕТКАЛАРЫ»

2002 жылы Күлтегін сыйлығын алғанда: «Аз жасқа келгеміз жоқ. Енді саясатпен жастар айналыссын» деген Олжас Сүлейменов үлкен саясаттан кететінін тұспалдап жеткізгенімен, саяси белсенділігін азайтпады.

Қазақстан Президенті жанындағы әр кезде әрқалай аталған «елді демократияландыру жөніндегі тұрақты кеңестің, 2005 жылғы сайлауды
Олжас Сүлейменов Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастамашыл топ алдында сөйлеп тұр. Өскемен, 23 желтоқсан 2010 жыл.

бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі болды. 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың үндеуіне қол қойып, мынадай мәлімдеме жасады:

«2012 жыл бүкіл әлем саяси тұрғыдан алғанда жаппай жаңарды. АҚШ пен Ресейдің, тағы да басқа елдердің қазіргі басшыларының президенттік өкілеті аяқталады. Олар президенттік сайлауларға екі жыл бұрын дайындалады. Өз кандидатураларын өткізу үшін стратегия жасайды. Ал бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша жасалып жатқан барша жоспарларға зарарын тигізбей ме?

Қазақстанға бұл бәйгеге қатысудың қажеті жоқ. Бізде екі жылдық үргін-сүргінді болдырмаудың сыннан өткен демократиялық амалы амалы бар. Ол - референдум.

Оның үстіне қалай болғанда да сайлаудың нәтижесі белгілі: бәріміз Назарбаевқа дауыс береміз. Мәселе мемлекет басшысы 85 пайыз ала ма, 95 пайыз ала ма дегенде ғана ғана тұр. Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазір өте ширақ және іскер. Сондықтан, мен миллиондаған теңге шығындап, кандидаттың да, бәсекелестердің де миллиардтаған нерв клеткаларын босқа өлтірудің қажеті жоқ деп санаймын».

«Аз и Я» авторы осы мәлімдемесінен кейін «нұрланған автократияның» тұрақты жақтаушысына айналғандай және қандай да бір дербес саяси белсенділіктен бас тартқандай көрінді.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG