Accessibility links

«Бір терезе» жүйесі «азаматтарға арналған үкіметке» айналмақ


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Наурызда «Азаматтарға арналған үкімет» деген корпорация мемлекеттік қызмет түрлерінің бірыңғай провайдері ретінде іске қосылады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты оны да «бір терезе» түрінде ұйымдастыруға уәде берген.

«Бір терезе» принципі бойынша тоғыз жыл бұрын құрылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) сақтап қана қалмай, оларды жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы, жылжымайтын мүлік орталығы мен мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығымен қосып, бірыңғай корпорацияға біріктірмек.

«ХАЛЫҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ БОЛАДЫ»

Жергілікті БАҚ байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне сілтеме жасап, «Біріккеннен кейін ұйымда 21 мың адам жұмыс істейді. Халыққа сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетіледі. Қаржыландыру деңгейі біріктірілетін төрт мемлекеттік кәсіпорынды ұстауға қарастырылған қаражат шегінен аспайды. Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет емес» деп хабарлайды.

Қазақстандық шенеуніктердің уәдесіне қарағанда, жаңа «корпорация мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуді жеңілдетуге көмектеседі» әрі олардың саны бір орында 700-ге дейін көбеюі мүмкін.

Ертеректе инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бұл корпорацияға мемлекеттік қызмет түрлерін ұялы телефон немесе компьютер арқылы алу сияқты халықтың уақытын үнемдейтін әрі қазіргі заманға сай әдістер енгізіледі деп уәде еткен.

Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

- Деректер базасының үшеуін қысқартып едік, кәсіпорынды тіркеу процедурасына үш күн емес, бірер сағат қана уақыт кететін болып шықты. Енді мемлекеттік қызметтің барлық түрі осылай ұсынылатын болады. Меніңше, бұл қарапайым адамдарға ыңғайлы болуы тиіс, - дейді Исекешев.

Ел президенті қаңтарда қол қойған мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету мәселелері туралы заңға енгізілген түзетулерде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құрудың мақсаты – ұсынылатын мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту, қызмет көрсету мерзімін қысқарту, түрлі тәсілдерді пайдалану арқылы ашықтық пен қол жетімділік деңгейін арттыру деп көрсетілген.

ХҚКО сияқты «Азаматтарға арналған үкімет» те мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық формада ұсыну арқылы «бір терезе» принципімен жұмыс істейді деп хабарланған.

Автотранспортты тіркеу мен жүргізуші куәлігін беруге мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Алматы, 2013 жылдың қазаны.

Автотранспортты тіркеу мен жүргізуші куәлігін беруге мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Алматы, 2013 жылдың қазаны.

ХҚКО-ның бірыңғай сайтының дерегінше, қазір Қазақстанда мұндай 270 орталық бар. Олар халыққа 212 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, кейінгі жылдары елдің ірі қалаларында автотранспортты тіркеу мен жүргізуші куәлігін беруге мамандандырылған қызмет көрсету орталықтары да ашылған. Халық көбінесе жылжымайтын мүлік сату-сатып алу және тіркеу, жеке куәлік пен төлқұжат алу, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру сияқты қызметтерді пайдаланады деп хабарланады.

ҚОҒАМДАҒЫ РЕАКЦИЯ

Парламенттің бұрынғы депутаты әрі «Кенесары хан» қоры президенті Уәлихан Қайсаров бәрін бірыңғай мемлекеттік корпорацияға біріктіру - ұтымды идея, бірақ әлгі ведомстволардың қазіргі қызметкерлері қысқарып қалуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, шенеуніктер мына «позитивтік» идеяны Батыс елдерінің бірінен көшіріп алған.

- Менің өзім де құжат алу үшін бірнеше мекемеге жүгіріп, талай сабылғанмын. Енді бәрі бір орында болатыны жақсы екен, - дейді Уәлихан Қайсаров.

«Республика» оппозициялық газеті журналисі, Қазақстандағы қылмыстық қудалаудан қашуға мәжбүр болып, қазір Киевте тұрып жатқан Наталья Садықова Facebook желісіндегі парақшасында биліктің жаңа бастамасы «қорқынышты естіледі» деп жазады.

Журналист Наталья Садықова.

Журналист Наталья Садықова.

«Билікке мұндай органның көмегімен қазақстандықтарды аңду жеңілдейді. Мысалы, қанша ақша табатыныңызды, қандай жылжымайтын мүлкіңіз бар екенін, туған-туыстарыңыз кім екенін біліп, керек кезінде қысым жасауға пайдаланады. Бұлар - режим оппоненттеріне көп қолданылып, сынақтан өткен әдістер. Диктатура - бюрократиямен күресудің озық әдісі емес, ол ең әуелі биліктегі коррупционерлерге тиімді екенін түсінген жөн. Мемлекетпен оңай қарым-қатынас орнату үшін бір терезе аз, нақты реформалар жүргізу қажет, сол кезде ғана үкімет азаматтардың игілігі үшін шын жұмыс істейді» деп санайды Наталья Садықова.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов билік «Азаматтарға арналған үкімет» құру, яғни мемлекеттік қызмет түрлерінің көп бөлігін электрондық режимге көшіріп, шенеунік пен қызмет түрлерін алатын адамның арасындағы контактыны азайту арқылы коррупцияны тыюға тырысып отырған шығар деп санайды.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов.

- Олар бәрін «бір терезеге», шартты түрде айтқанда, бір онлайн-режимге біріктіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде болатын коррупциялық әрекеттерді қысқартқысы келеді. Бірақ қызметті электрондық түрде көрсету кезінде де ондай әрекеттер болатыны ешкімге құпия емес. Олар бақылау жүргізуді де жеңілдеткісі келеді, егер бәрі бір органға біріктірілсе, жағдайды бақылау да оңай болады, - дейді Талғат Мамырайымов.

Бірақ саясаттанушы бүкіл ақша бір органда шоғырланатын болса, бұл өзгеріс коррупцияны монополиялап алу қаупін тудыруы мүмкін санайды. Талғат Мамырайымовтың пікірінше, «бір терезе» түрлі коррупционерлер үшін майшелпекке айналуы мүмкін, ал олар бұл қызметті коррупциялық тұрғыдан ұтымды бизнеске айналдырып алудың жолдарын әрдайым тауып алады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG