Accessibility links

Олимпиадаға қарсылар интернетте қол жинай бастады


2011 жылы өткен VІІ қысқы Азия ойындары үшін салынған трамплин кешені. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.

2011 жылы өткен VІІ қысқы Азия ойындары үшін салынған трамплин кешені. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.

2022 жылғы Қысқы олимпиаданың Алматыда өтуіне қарсы азаматтар оған кететін қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаған жөн деп санайды. Ал шенеуніктер «олимпиада қаланы көркейтуге сеп болатынын» айтады.

Алматы тұрғыны Салтанат Сарыбаева – 2022 жылғы Қысқы олимпиаданың Алматыда өтуіне қарсы азаматтар интернетте бастаған онлайн-петицияға қол қойған адамның бірі. Ол олимпиада өткізгенше ақшаны дұрыс жұмсап, әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешу керек деп есептейді.

– Бізде қарапайым ғана нәрсе – жастар айналысатын спорт мекемелері жоқ. Қаптап кеткен кинозалдар мен ойын-сауық орындарынан гөрі солар пайдалы. Бұған қоса Алматы тұрғындары ауа лас болғандықтан күннен күнге тұншығып барады. Көліктерді азайтып, веложолдарды дамыту керек. Неге шенеуніктер олимпиададан гөрі сондай мәселелерге бас қатырмайды? – дейді ол Азаттық тілшісіне.

«БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫРАДЫ»

Петиция авторлары олимпиада өткізуге қарсы уәж ретінде бюджет шығыны, халықтың нашар әлеуметтік және экологиялық жағдайын, жемқорлық сияқты себептерді айтады. Олардың сөзінше, ел тұрғындарының пікірі де ескерілмеген.

Онлайн-петицияда «шенеуніктер барлық қазақстандық заңнама мен халықаралық келісімдерді сорақы түрде бұзып отырғанын әлем қауымдастығынан жасыру үшін» халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) «жалған әрі жасанды ақпарат берді» деп жазылған.

Сочи Олимпиадасының ашылуында Қазақстан туын көтеріп келе жатқан қазақ спортшысы Ердос Ахмадиев. 7 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сочи Олимпиадасының ашылуында Қазақстан туын көтеріп келе жатқан қазақ спортшысы Ердос Ахмадиев. 7 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлеуметтік салаға бөлінетін ақша азайып, бюджет қаржысы күмәнді әрі шығынға батыратын жобаларға жұмсалып жатқанын айтқан наразылар «бұл әлеуметтік шиеленіске ұласып, Қазақстан билігі мен халқы арасында қақтығыс туғызады» деп болжайды. Петиция авторлары ХОК-тен 2022 жылғы Қысқы олимпиаданы Алматыда өткізуден бас тартуды сұрайды.

Онлайн-петицияға қол қойған жүзге тарта азаматтың кейбірі мұндай ірі халықаралық шараны ұйымдастыру жемқорлықсыз өтпейді деп қауіптенеді. Олар Қазақстанда 2011 жылы өткен Азиаданың қаржы дауы әлі бітпегенін де еске салады.

«1000 балабақша мен 1000 мектеп жетпей жатқанда Азиада, саммит, Экспо, олимпиадаға миллиардтаған ақша кетуде. Ол ақшаны биліктегілер ұрлау үшін аямай бөледі бюджеттен» деп жазады Атырау тұрғыны Ерлан Кабиев.

Астаналық Шыңғыс Мусин «елді басқарып отырғандар елдің имиджінен гөрі әлеуметтік проблемаларға көбірек назар аударуы керек» деп біледі.

Халықтың басым бөлігі кедейшілікте өмір сүріп отырғанын жазған Айгүл Өтепова олимпиаданы «қырғын кезіндегі той-думанға» ұқсатады.

«ОЛИМПИАДА АЛМАТЫҒА ПАЙДАЛЫ БОЛАДЫ»

Азаттық тілшісі 2022 жылғы Қысқы олимпиаданың Алматыда өтуіне қарсы азаматтардың онлайн-петициясы жайлы пікірін білу үшін ұлттық олимпиада комитетіне хабарласқанымен жауап ала алмады.

Алматы қаласындағы спорт басқармасына хабарласқанымызда ол мекеме жазбаша сауал жолдауымызды сұрады.

Алматы әкімдігінің 2022 жылғы Қысқы олимпиадаға қатысты пікірін қала әкімі Ахметжан Есімов бұған дейін бірнеше рет мәлім еткен. Ол биыл 30 маусым күні журналистермен кездескенде халықаралық жарыстың «ел үшін – шығын, Алматы үшін – жаңа нысандар, жаңа жұмыс орындары, салықтар» боларын айта келе:

Алматының Алатау ауданындағы Шаңырақ елдімекені. 11 шілде 2014 жыл.

Алматының Алатау ауданындағы Шаңырақ елдімекені. 11 шілде 2014 жыл.

«Дамып келе жатқан Алатау ауданына үлкен коммуникация тартамыз. Бұл тек елді мекендерге қажетті коммуникацияны тартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, индустриалды аймақтағы өнеркәсіптің, өндірістің дамуына сеп болады. Индустриалды аймақ – қаламыздың екінші тынысы. Жолдар да, жарық та, тәртіп те, әсіресе қоғамдық тәртіп те жақсара түседі» деген.

Кейбір мамандардың есептеуінше, Қысқы олимпиада өткізу үшін кемінде 5 миллиард доллар қаражат керек. Спорт мамандары Алматыны халықаралық ірі жарыс өткізуге дайындау шығыны да көп боларын айтады. Мәселен, қаладағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне 3 мың адам сияды. Ал олимпиада ойындарының жарысын өткізу үшін кем дегенде 5 мың адамға арналған орын болу керек. «Медеу» мұз айдынында олимпиада ойындарын өткізу үшін оның төбесін жабу қажет. ХОК ережесіне сай қысқы олимпиада жарыстары (шаңғы, биатлон, трамплиннен секіруден өзгесі) тек жабық кешендерде өтеді.

Шілде айында сол кездегі экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев «олимпиадаға керек қаражат көлемі өтініш қабылданғаннан кейін бір-ақ қарастырылатынын» хабарлаған.

Халықаралық олимпиада комитеті Алматы, Осло және Пекинді 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге кандидат ретінде ресми түрде тіркеген. 2022 жылғы қысқы олимпиаданы қабылдайтын қала 2015 жылы Малайзияда өтетін ХОК сессиясында белгілі болады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG