Accessibility links

Қазақстанда онлайн сауда дамып келеді


Ірі онлайн сауда дүкендерінің бірі - eBay. (Көрнекі сурет)

Ірі онлайн сауда дүкендерінің бірі - eBay. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық онлайн-дүкендерді пайдаланушылар – уақыт үнемдеп, әрі арзан тауар алуға ұмтылатындар. Дүкен иелері жылдық сауда айналымы бірнеше миллион долларға жететінін айтады.

Қазақстанда жұрт жаппай онлайн-сауда жасап жатпаса да, қызметтің бұл түрін қолданатындар қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Олардың әуелгі уәжі – «онлайн-дүкендердегі тауарлар арзан». Онлайн-сауданы пайдалана бастағандар көбіне «үйден шықпай сауда жасау», «уақыт үнемдеу», «Қазақстаннан табыла бермейтін тауарларды шетелден сатып алу» сияқты мүмкіндіктерді осы қызметтің артықшылықтары деп біледі.

Студент Лаура Уразаева – интернет-дүкендер қызметін пайдаланып жүргендердің бірі.

«Үйде отырып-ақ бренд киімдерді ала беремін. Қазақстандық дүкендердің тауарлары көңілімнен шықпайды. Онлайн-дүкендегі тауар құнының 10-15 пайызы – дилердің қызмет ақысы. Соның өзінде дүкендегі тауарларға қарағанда 10-15 мың теңге арзан. Төлем жағына келсек, карточкалық есепшотыңда тауарға төлейтін ақшадан бөлек, 450 евро болуы қажет. Ол кейін қайтарылады» дейді Лаура Уразаева.

Алматы тұрғындары Ақмарал Маратқызы мен Замира Полатова Азаттыққа онлайн-саудамен алған киімдерін «қазақстандық дүкендерден екі-үш есе қымбатқа көргендерін» айтты.

АРТЫҚШЫЛЫҚ ПЕН КЕМШІЛІК

Онлайн-дүкен арқылы сауда жасайтындардың қатарында «ҚазақМедиа» агенттігінің жетекшісі Жалғас Ертай да бар. Ол сирек тауарларды онлайн-дүкендер арқылы табу оңай екеніне назар аударады. Қазақстанның онлайн- Онлайн-саудаға түскен қазақстандық банкнот. 6 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Онлайн-саудаға түскен қазақстандық банкнот. 6 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

сауда нарығына шетелдік белгілі бір тауарларға маманданған, салалық компаниялардың дендеп ене бастағанын айтады.

«Мысал ретінде ресейлік, беларусьтік, украиналық әртүрлі салалық интернет-дүкендерді пайдалануға болады» дейді Жалғас Ертай.

Онлайн-сауданың өзіне тән кемшіліктеріне де нұсқаушылар бар. Олардың қатарында «таңдаған тауарыңды қолма-қол тексеріп көре алмау, кейде сатып алған затты ұзақ күтіп қалу, ұнамаған тауарды қайтару машақаты» сияқты проблемалар аталады. Мұндай қолайсыздықтарға Азаттық тілшісі сөйлескен тұтынушылар да ұшыраған.

«Сатып алған көйлегім өзіме дәл болмай қалды. Қайтарып беруге болар еді. Жеңілдікпен алғандықтан, әуре болғым келмеді» дейді онлайн-сауданың арзандығын ұнататын Замира Полатова.

Ал Ақмарал Маратқызы онлайн-дүкеннің алған затын «тегін жеткізіп бергенін, тек бір ай күтуге мәжбүр болғанын» айтты.

«Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің өкілі Бейбіт Амангелді онлайн-сауда жасаған кезде проблемалар туындай қалса, азаматтардың Қазақстанның «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңына сүйенуіне болатынын айтады.

«Сатушы (интернет-дүкен) тауарды қайтарып алудан бас тартқан жағдайда, ең алдымен тауарды қайтаруға себеп болған дәлелдер арқылы сатушыға жазбаша шағым түсіресіз. Егер шағымыңызға жауап бермесе онда сотқа шағым түсіруіңізге немесе бізге хабарласуыңызға болады» дейді ол.

МИЛЛИОНДАҒАН АЙНАЛЫМ

Қазақстандық онлайн-дүкен қызметкерлерінің айтуынша сауданың бұл түрі болашақта дами береді. Жергілікті онлайн-дүкендердің бірінің директоры Рамиль Мухоряпов 2013 жылғы қаржылық айналымы 2 миллион АҚШ доллары болғанын айтады.
Биыл қаржылық айналымды 7-8 миллион долларға жеткізуді көздеп отырмыз.


«Биыл қаржылық айналымды 7-8 миллион долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазір сайттағы орташа күндік сауданың саны 100-ге жетіп отырады. Кей күндері тіпті 400-ге жуық тауар сатылады» дейді ол.

Рамильдің сөзінше, «тауар жеткізілгеннен кейін сатушылар тұтынушының қызмет туралы пікірін хабарласып біліп тұрады».

Онлайн-дүкен өкілдері жеткізіп беру қызметінің әзірге Қазақстанның қалалы жерлерінде жақсы дамығанын айтты. Ал шалғай жерлерге тауар жеткізу үшін олар «Қазпошта» қызметін пайдаланады.

«Award.kz ұлттық интернет жүлдесі» қоғамдық қоры қазақстандық есеп-шот карталарымен электрондық коммерция нарығында жасалған интернет-төлемдерге сараптама жасаған. Электрондық төлемнің 90 пайызы халықаралық дүкендердің үлесіне тисе, қалған 10 пайызы қазақстандық дүкендер еншісінде. Банктік есепшот арқылы жүргізілген халықаралық транзакцияның 66 пайызы АҚШ-қа тиесілі. Еуропа Одағымен 9 пайыз транзакциялық операциялар жасалған.
XS
SM
MD
LG