Accessibility links

Зорлық-зомбылыққа қарсы күш біріктіру ұсынылды


Оқушы қыздар төбелесі видеосының скриншоты

Оқушы қыздар төбелесі видеосының скриншоты

​Интернетте жиі кездесетін зорлық-зомбылыққа толы видеолар қоғамдағы агрессия деңгейі туралы пікірталас тудырады. Мұндай материал жариялағандарды жазалауды ұсынатындар бар.

Қызылорда қаласындағы мектеп оқушысы Аружан Жандосқызы Азаттыққа «қыздар төбелесіне» қатыспағанын, бірақ жақын құрбысының аяусыз соққы жегенін айтты.

- Құрбым Әйгерімді осы көктемде басқа мектептің үш қызы ұрып тастады. Олар бір жігітке таласты. Нәтижесінде құрбымды сүйікті адамынан бас тартуға мәжбүрледі. Қыздар бейнебаянды интернетке салды, бірақ біраз уақыттан соң алып тастады. Ешкім оларды жауапқа тартпады, құрбымның миы шайқалды, дене жарақаттары бар, - деді Азаттыққа Аружан Жандосқызы.

Мектеп оқушысы құрбыларының көбіне «жігіттер, өсек және атақ-даңқ үшін» төбелесетінін айтады.

Аружан Жандосқызы

Аружан Жандосқызы

АГРЕССИЯ ДЕҢГЕЙІ ШЕКТЕН ШЫҒЫП БАРАДЫ

Зорлық-зомбылыққа толы бейнекөріністердің ішінде «қыздар төбелесі» қоғам тарапынан қызу талқыланып, айыпталып жатады.

- Әлеуметтік желілерге күш көрсету көріністерін салғанды, олардың басты кейіпкерлері қыздар мен әйелдер болғанын оғаш құбылыс деп санаймын. Қыздар бір-бірін мазақтап, қорлайды, «кейіпкерге» айналады, оны өздері керемет көреді. Сол кейіпкерлердің өзі оны қылмыс санамайды, моралдық және этикалық тұрғыда теріс жақтарын көрмейді. Қазақстанда моральдық кодекс жоқ, адамгершілік келбетімізден айрылып барамыз. Олар кейін қандай ана болады, - деді Азаттыққа қазақстандық режиссер Қалила Омаров.

Режиссер жаңа заң енгізуді ұсынады, ол бойынша бұндай жағымсыз үрдістің «кейіпкерлерін» де, «операторларын» да, оны интернетке салғандарды да жазалау керек. Режиссердің пікірінше, бұл "қоғамдық дертпен" күресу үшін мемлекет қаржы бөлуге тиіс.

Қазақстанда аталған мәселені зерттейтін орталық жоқ, әлеуметтік зерттеулер жүргізілмейді. Бірақ кейбір әлеуметтанушылар зорлық-зомбылық көрінісі бар бейнебаяндардың көп көрілетінін айтады.

Андрей Гришин, құқық қорғаушы

Андрей Гришин, құқық қорғаушы

- Адамға не қажет? Оны арбап алатын көрініс қажет. Қазіргі таңда «порносайттар» мен «әйелдер төбелесі» бар бейнебаяндар бәрінен көп көріледі. Аталған бейнебаяндарды көру деңгейін арнайы зерттейтін ешкім жоқ. Бірақ дабыл қағатын сәт жетті деп ойлаймын, - деді Азаттыққа әлеуметтанушы Қуаныш Жаппаров.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері Андрей Гришин елдегі қатыгездікті насихаттауға тыйым салатын заңды әдетте YouTube-ке салынатын барлық роликтерге бірдей қолдану мүмкін емес екенін айтады.

Құқық қорғаушының пікірінше, түрмедегі адам азаптау, хайуанаттарды қорлау, төбелес – қоғамның дерті және қоғам дамуының көрсеткіші. Гришин бұл мұндай агрессия деңгейінің шектен шыққанын растайды.

Астаналық психолог Марат Ғұсманов дұрыс тәрбие мен тиісті заң қабылдау арқылы мәселені шешеміз деп сенеді. Оның айтуынша, бұндай бейнебаянға қатысушылар басқаларды қорлап, зорлық-зомбылыққа қатысу арқылы өзімізді биіктетеміз деп ойлайды.

Марат Ғұсманов, психолог

Марат Ғұсманов, психолог

- Интернетке бейнебаянды салу өзінің күштілігін әйгілеуге мүмкіндік береді. Бұндайға өздері қорлық пен зорлықта өскен немесе керісінше, шектен тыс әспеттелген адамдар барады. Енді оларға өш алып, өзін дәлелдеу қажет. Бұндай адамдар басқалармен ынтымақтас бола алмайды, оларға үстемдік құру, диктаторлық ауадай қажет. Өзінің психологиялық мәселесін шешу үшін аулада көшбасшы болуға ұмтылады немесе департаментте директор болуға жанын салады, - деді Азаттыққа Марат Ғұсманов.

Психологтың айтуынша, агрессияға қатысты мәселе шешімін өз ішінен емес, сырттан іздейтін адамдар көп. Олардың бәрі жоғарыда сипатталғандай видеоны әлеуметтік желіге сала бермейді. Астаналық психологтың айтуынша, зорлық-зомбылық жасау және оны жариялау тәрізді келеңсіздікпен күресу үшін «күш пен дұрыс тәрбиені бірге алып жүру керек».

- Күш – бұл құқықтық қорғау, қоғамдық айыптау, жазалау. Агрессияшыл адамның ішкі мәселесін басқалардың есебінен шешуге кедергі жасайтын жол - осы. Дұрыс тәрбие – адамның жағымды ортада өсіп, тәрбие алып, жетілуі, оны қорлап, езіп-жаншымау керек және шектен тыс әспеттемеу керек. Сол кезде адам өзіне де, өзгелерге де ештеңені дәлелдеуге ұмтылмайды. Сол кезде адам өзін еркін сезініп, басқа қызықты істерге көңіл қояды, - дейді психолог Марат Ғұсманов.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG