Accessibility links

Қазақстанда интернет арқылы некеге отыра бастады


Жас жұбайлар Ержан мен Гүлнис үйлену тойы күні. Атырау, 8 қазан 2011 ж.

Жас жұбайлар Ержан мен Гүлнис үйлену тойы күні. Атырау, 8 қазан 2011 ж.

Қазақстанда некені мемлекеттік органда тіркеу күні мен уақытын интернет арқылы алдын- ала белгілеп қоюға мүмкіндік пайда болды. Қызметтің бұл түрі биыл тамыз айынан қолданысқа енгізілді.


Әділет министрлігі сайтына күйеу жігіт пен қалыңдықтың атынан өтініш жолдау үшін электрондық қолтаңба болуы қажет. Өтініш неке тіркеу күнінен бір ай бұрын берілуі тиіс.

Ержан Құсмабаев пен Гүлнис Ашықбаева – Қазақстанда некелерін тіркету туралы өтініштерін интернетпен жолдаған алғашқы жұптардың бірі. Күйеу жігіт некеге отыру туралы өтінішті қыркүйектің 22-і күні электронды байланыс арқылы жіберді, ал қазанның 7-і күні Атырау қалалық әділет басқармасында жас жұбайларға неке туралы куәлік тапсырылды.

– Гүлнис 24 жаста, ал мен – 26-дамын. Екеуміз үйленгенге дейін бір жылдан артық кездесіп жүрдік. Болашақ жарым дизайн мамандығы бойынша Оралдан өзіне жұмыс тапты. Мен Атыраудағы шетелдік "Диетсманн" компаниясында жабдықтаушы болып еңбек етемін, – дейді Ержан Құсмабаев.

ГАУҺАР ТАСТЫ ЖҮЗІК

Ержанның айтуынша, ол бірге шаңырақ көтеру туралы ұсынысты Гүлниске айту үшін Оралға арнайы барыпты. «Мен Гүлниске ойымды электронды поштамен емес, көзбе-көз кездесіп, балауыз шамның жарығымен жеке отырғанда айттым және сол жерде сүйгеніме гауһар тасты жүзік тарту еттім. Тек оның келісімін алғаннан кейін ғана www.egov.kz сайтына кіріп, өтініш толтырдым. Салық төледім, 1500 теңге, сірә, өтінішті жай жолмен бергенде де сонша төлейтін шығар. Онан соң өтінішімді олардың қарауына жолдадым», – деп әңгімеледі Ержан Азаттық тілшісіне.

– Маған Ержан телефон шалып, қуанышты хабар жеткізді, – дейді Гүлнис Құсмабаева Азаттық радиосына. – Келесі күні маған хабарлама келіп түсті, оған анкета толтырып, жауап жібердім. Осыдан кейін біздің өтінішімізді өңдеуге қабылдады. Арада біраз уақыт өткенде бізге азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен неке туралы куәлігімізді алуымызға болатыны туралы электронды хат келді.

«ЖЕДЕЛХАТ ЖОЛДАЙМЫЗ»

Ержанның анасы Гүлсім Дүйсенова ұлы үйленетін ойы бар екендігін үйдегілерге алдын ала хабарлағанын айтады.

– Келіннің төркінін біз жақсы танитынбыз, бірақ балалардың некеге отыру туралы өтінішті электрондық хат түрінде толтырып жіберетіндігін білмеппіз. Интернет туралы біздің түсінетініміз шамалы болғандықтан олар түсіндіріп айтқан жоқ. Бірақ балаларымыз туралы баспасөзден естігенімізде қатты қуандық.

Ержанның әкесі Амантай Құсмабаев болса, ұл-келінінің бір бірімен интернет арқылы таныспағанына шүкірлік деп отыр:

– Ең бастысы, Ержан мен Гүлнистің қазіргі кейбіреулер сияқты форумдарда емес, бір бірімен кәдімгідей жүздесіп, танысып, тіл табысқаны. Және соған лайық тойлары да дүркіреп өтті.

Ержан мен Гүлнистің үйлену тойында күйеу жолдас болған Назар Сұлтанбаев, егер үйленетін болсам өтінішті электрондық байланыс арқылы емес, кәдімгідей өзім барып тапсыратын шығармын дейді.

– Ержан неке тіркету туралы өтінішті электронды әдіспен берген алғашқылардың бірі екендігі өзі үшін де жаңалық болғанын айтты. Олар уақыт үнемдемекші болды. Достарымның осындай батыл ісі шенеуніктер тарапынан ескерусіз қалғаны өкінішті. Тым болмағанда, жас отбасына кішкене болсын бір естелік тапсыруға болатын еді ғой, – дейді Назар Сұлтанбаев.

Ерлі-зайыпты Құсмабаевтардың өз некелеріне елде алғашқылардың бірі болып жаңа әдіспен отырғанынан азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері хабарсыз болып шықты.

– Біз бұл алғашқы жұпты қалай атап өту керектігін ойластырамыз. Мүмкін оларға құттықтау жеделхатын жолдармыз, – деді Атырау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің директоры Сағымбай Тұрғарин.

Қазақстанда заңды некеге отыру туралы өтінішті веб-сайт арқылы берген алғашқы жұбайлардың қатарында сондай-ақ Асхат Садырбай мен Ерке Есмахан да бар. Олар Алматыда үйленді. Ержан мен Гүлнис Құсмабаевтар да некеге отыруға интернет арқылы өтініш берген алғашқы жұп ретінде аталып отыр. Мұндай бәсекенің өзіндік сыры да жоқ емес. Бұған дейін елдің байланыс және ақпарат министрлігі, некеге отыру туралы өтінішті онлайн әдіспен берген алғашқы 50 жұпқа қазақстандық танымал әртістердің құттықтауы жазылған видеожазба табыс етіледі деп хабарлаған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG