Accessibility links

Алматыда "Антиеуразиялық форум" өтті


"Антиеуразиялық форум" аталған жиын 15 мамыр күні Ресей, Қазақстан, Беларусь басшылары қол қоятын Еуразия Одағына қарсы ұйымдастырылды. Өткізетін дұрыс орын таба алмаған белсенділер шағын залға жұрттың сыймай қалғанын айтады.

Форум сәуірдің 12-сі күні Алматыдағы "Қазжол" қонақүйінде өтті. Белсенділер "келген адам қарасы күткеннен көп болғанын" айтып жатты.

Ұйымдастырушының бірі Жанболат Мамай "400 адамдық орын жалдамақ едік, олар бас тартты. Жиынды 200 адамдық залда өткізіп жатырмыз. Бірақ келдік деп тіркелген адам 500-ге жетті," - деді.

"НАЗАРБАЕВ ЖАУАП БЕРЕДІ"

Азаттық тілшісі барғанда шағын залға адам сыймай, біразы түрегеп тұрды. Сағат 11-де басталған жиын түскі сағат үшке дейін, төрт сағат созылды. Форма киген полиция байқалмады.

Еуразия экономикалық одағына қарсы өткен жиын президиумында экономист Меруерт Махмутова, саясаткер Төлеген Жүкеев, журналист Рысбек Сәрсенбай сияқты бірнеше адам отырды.

​Сөз алған Рысбек Сәрсенбай Қазақстанды "тәуелсіздігін жоятын одаққа кіргізуді тоқтату" қажеттігін айтып, "Қазақстан президенті Назарбаевқа бұл ісі қателікке ұрындыратынын, жауапкершілік тек өз мойнына жүктелетінін қатаң түрде ескертуге тиіспіз" деп мәлімдеді.

Спикерлер Еуразия экономикалық одағының тиімсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Экономист Меруерт Махмутова "Еуразия экономикалық одағы елдің ішкі жиынтық өнімінің өсуіне, халыққа жұмыс тауып беруге көмектеспейді" деді.

"БАСҚЫНШЫМЕН БІРЛЕСУГЕ ҚАРСЫМЫЗ"

Азаматтық белсенді Инга Иманбай Еуразия экономикалық одағын "Кремльдің империялық амбициясынан туындаған жоба" деп бағалап, "бауырлас Украинаға басып кірген Ресеймен бірлесуге жол бермеуіміз керек" деді.

"Қазақстан орыс тілінен бас тартсын" деген бір адам залдан қуылды. Төлеген Жүкеев "Украинадағы жағдайдың ушығуына осындай мәлімдеме де сеп болғанын" айтты.

Форумның өтетіні туралы наурызда хабарланған еді. Ұйымдастырушылар "Одақ астарында мемлекеттің сақталуы, тәуелсіздік мәселесі жатыр" деп хабарлаған.

Осы айдың басында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге мамыр айында қол қоятынын мәлімдеді.

Қазақстан, Ресей және Беларусь - Кеден Одағына мүше. Ресей билігі бұл одақты 2015 жылы Еуропа Одағының үлгісіндегі Еуразия Одағына айналдырып, бұрынғы СССР құрамында болған елдерді мүшелікке тартқысы келеді.

Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шарттың 80 беттік жобасы бұған дейін интернетте жарияланған еді. Онда Кеден Одағына мүше елдердің келісім-шарттың кейбір тұстарына қатысты ескертпелері, келіспейтін тұстары да болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG