Accessibility links

Жасарал Қуанышәлин төрт сөйлем үшін төрт жылдан кейін кешірім сұрауға мәжбүр


Зейнеткер Сейіткерім Қожаназар оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалинге қарсы сот процесінде. Алматы, 9 желтоқсан, 2010 жыл.

Зейнеткер Сейіткерім Қожаназар оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалинге қарсы сот процесінде. Алматы, 9 желтоқсан, 2010 жыл.

Төрт жыл бұрынғы сұхбаты үшін Жасарал Қуанышәлинге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сотқа бұл жолғы шағымында президенттік сайлауға қатысудан үміткер Жасарал Қуанышалинді оның ежелгі оппоненті Сейіткерім Қожаназар "менің атыма ғайбат сөздер айтып, қорлады" деп айыптап отыр.


"АЙТЫЛҒАН СӨЗ - АТЫЛҒАН ОҚ"

Желтоқсанның 9-ы күні кешке Медеу аудандық сотында Қарасай ауданының тұрғыны Сейіткерім Қожаназаровтың Жасарал Қуанышәлиннің үстінен түсірген арыз бойынша алғашқы сот процесі болды.

Шағым иесі Сейіткерім Қожаназаров саясаткерді 2006 жылы тамыз айының 8-інде «Эпоха» газетінде жарық көрген «Законы пишутся не для Назарбаева» атты сұхбатта айтылған төрт сөйлем үшін айыптап отыр. Ол сөйлемдерді тізбектеп келтірсек:

1. «Режимге қолайсыз адамдарға қарсы шағымданушы ретінде бұл адамды керек уақытысында тартып жатқаны турасында жай күдік бар» («Просто есть подозрение, что этого человека привлекают в нужное время, чтобы он выступил в лице заявителя против неугодных режиму людей»)

2. «Өткен жылы оның өзі (Сейіткерім Қожаназар – ред.) Назарбаевты әшкерелеген Заманбек Нұрқаділовке қарсы арыз түсіргенін мойындады»

3. «Естуімше, Сейіткерімнің руы тіпті «шапырашты» көрінеді, яғни, Назарбаевтың туыстасы» (сородич).

4. «Бірақ бұл адам, сотта естігеніміздей, шекара туралы бос әңгіме айтты...сандырақ».

Бейсенбілік сот процесі барысында мамандығы бойынша мұғалім, зейнеткер Сейіткерім Қожаназаров мұндағы «шапырашты», «сандырақ», «бос әңгіме» деген сөздердің сөйлемге ар-намысты таптайтын мағына беріп тұрғанын дәлелдеуге тырысты.

- Менің әкем – арғын. Шешем – кіші жүздің Әлім руынан. Ал енді шапырашты деп айтқан әкеме деген, шешеме деген махаббатыма кір келтіретін сөз. Өйткені, шапырашты ол арғын да емес, кіші жүз де емес, - деді Сейіткерім Қожаназар.
Жасарал Қуанышалин сотта, Алматы, 9 желтоқсан, 2010 жыл.


Ал айыпталушы Жасарал Қуанышәлин болса төрт жыл бұрынғы сұхбатта ғайбаттайтын сөздер жоқтығын айтып, кінәсіз екендігін жеткізді.

- Мәселен, сотта Сейіткерім Қожаназаровтың шапырышты екені айтылды. Мен осыны естідім. Естігенімді жаздым. Мұнда ешқандай ғайбаттауды көріп тұрғам жоқ. Адамды шапырашты деп атап, қалайша ғайбаттауға болады? Сол сияқты егер біреу мені байқаусызда арғын деп атаса, оған мен қорланбаймын. Себебі, арғын – бұл қорлайтын сөз емес, - деді Жасарал Қуанышәлин.

БІТІМГЕРШІЛІК БОЛМАЙДЫ

Екі сағаттан астам уақытқа созылған сот процесі барысында істі қараған судья Дәулет Әбдіхалықов екі жақты бітімге шақырды. Сұхбатта айтылған сөздер шағым иесін жамандыққа жоруына алып келгені үшін Жасарал Қуанышәлин кешірім сұрағанымен, Сейіткерім Қожаназар одан кешірімді 15 мыңдық таралымы бар газет арқылы сұрауды талап етті.
Судья Дәулет Әбдіхалықов, Алматы, 9 желтоқсан, 2010 жыл.

Ақыры екі жақ бітімге келмей, сот процесі келесі аптада жалғасатын болды.
Сот процесінен соң шағым иесіне бұл арызды не себепті төрт жыл өткеннен кейін бірақ беріп отырғаны турасында сұрақ қойдық.

- Кезінде шағым берілген. Лаптева деген сот қайта-қайта қайтарып, қабыл алмады. «Менің арызымды алмай қойды» деп Жоғарғы сотқа дейін жаздым. Жоғарғы соттан қалалық сотқа келіп, «бұл арызды қарадық, енді оны қарастыру мерзімін өзің шешесің» деген жауап келді, - деді Сейіткерім Қожаназар Азаттық тілшісіне.

Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинді Қылмыстық кодекстің 129-шы баптың 2-ші бөлімі және 130-шы баптың 2-ші бөлім бойынша яғни, ғайбаттап, қорлады деп айыптап отыр. Шағым иесі соттан айыпталушыдан моральдық шығын ретінде 55 мың АҚШ доллар көлемінде өтемақы өндіріп беруін сұрап отыр.

2006 жылы Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ар-намысына нұқсан келтірді» (оскорбление чести и достоинства) деп айыптап, нәтижесінде саясаткер екі жылға бас бостандығынан айрылған еді. Ол сол кезде жарияланған амнистияға ілініп, босатылған болатын.

Желтоқсанның 9-ы күні таңертең болған жиында Жасарал Қуанышәлин бұл айыптың сол кездегі сияқты саяси астары бар болуы мүмкін екенін жеткізген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG