Accessibility links

Оппозиция Одақ келісімінен соң кеңес құрды


«Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайы. Жиыннан соң «Азаматтық кеңес» құрылды. Суретте: Серікболсын Әбділдин (сол жақта), Оразалы Сәбден (ортада), Жармахан Тұяқбай. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.
«Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайы. Жиыннан соң «Азаматтық кеңес» құрылды. Суретте: Серікболсын Әбділдин (сол жақта), Оразалы Сәбден (ортада), Жармахан Тұяқбай. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.

ЕАЭО келісіміне қол қойылған соң жиын өткізіп, «Азаматтық кеңес» құрған оппозициялық партиялар мен ұйымдардың әрекетіне қоғамдық белсенділердің кейбірі сынмен қараса, кейбірі әлі де үмітті.

Мамырдың 31-і күні Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» залында оппозициялық күштердің ұйымдастыруымен Қазақстанның әр түкпірінен жинылған мыңға тарта адам қатысқан «жалпыұлттық азаматтық жиналыс» өтіп, «елді тығырыққа тіреген билікті» сынады. «Жалпыұлттық азаматтық жиналыста» Еуразия экономикалық одағы туралы келісім де, Қазақстанның қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайы туралы да арнайы баяндамалар оқылды.

Таңғы сағат 10.00-де басталып, бес сағатқа созылған жиынға Қазақстанның өзге өңірлерінен келген кейбір қатысушылар көңілдері толғанын айтса, кейбірі жиынды «кезекті басқосудың» бірі деп санады.

Астана қаласынан арнайы келгендердің бірі Мұратбек Ақымбеков «оппозициялық күштердің осы әрекетіне де шүкір» деушілердің қатарында. Азаттық тілшісіне өзін Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қарсылық білдіріп жүрген қоғамдық белсенді ретінде таныстырған ол «оппозицияның белсендірек болғанын» қалайды.
«Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайы. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл
«Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайы. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл


«Еуразия одағы туралы келісімге қол қойылып кеткеніне қарамастан бүгінгі жиында да наразылық білдірілген. Бұрынғы оппозициядан қалғандар – осылар ғана. Өйткені жиынды ұйымдастырып жүрген Жалпыұлттық социал демократтар партиясы (ЖСДП) қаласақ та, қаламасақ та саяси алаңда заңды тіркелген жалғыз партияға айналып бара жатыр. Бұрын «Азат» партиясы бар еді, бірақ оны ақыры тіркемеді. Сондықтан қалған оппозицияны қолдауға келдім» дейді ол.

Жиында ең әуелі сөйлеген ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбай «Қазақстанға төніп тұрған үш қатер» ретінде «жемқорлыққа батқан биліктің әлеуметтік саясатын», «барша билік тетігін қолына жинаған президенттің жасының ұлғаюын» және «биліктің халық пiкірiмен санаспай Қазақстанды Кеден және Еуразия экономикалық одағына қосқанын» сынады.

«БӘРІБІР ҚОЛ ҚОЙЫЛАТЫН ЕДІ...»

Азаттық тілшісі оппозициялық күштердің жиыны не себепті ЕАЭО келісіміне қол қойылып кеткен соң өткенін жиынды ұйымдастырушылардан сұрады. ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, 2012 жылдан бастап сөз болып келе жатқан құрылтайды биыл мамырдың 15-іне, одан кейін 25-іне өткізу жоспарланған. Бірақ облыстардан келетін адамдарды сыйғызатын орын табылмаған.

«Бұл жиынды Еуразия одағы туралы келісімге қол қоярдан бұрын өткізсек те, біздің пікірімізге құлақ асып жатқан билік жоқ, бәрібір қол қойылатын еді» деді кезінде Қазақстанның бас прокуроры және мәжіліс төрағасы болып, соңғы оншақты жыл бойы оппозиция жетекшілерінің бірі саналып жүрген Жармахан Тұяқбай.

Жиынға қатысқан Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының жетекшісі, азаматтық белсенді Зәуреш Батталова мен оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев та «Еуразия одағы туралы мәселенің бұл жиынға қарап қалмағанын» айтты.
Балташ Тұрсынбаев, оппозициялық саясаткер.
Балташ Тұрсынбаев, оппозициялық саясаткер.


«Еуразия одағы шешіліп қойған мәселе. Ал біз бұл жиынға екі жыл бойы дайындалдық. Әлеуметтік-экономикалық, саяси салалар туралы сол екі жылда бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, сараптама жасадық. Бүгінгі жиын – соның қорытындысы. Еуразия экономикалық одағына қарсы екенімізді де білдірдік. Бүгін жиында тек Еуразия одағы туралы мәселемен шектелмей, нақты істерге көшу, қоғамды билікке араластыру мәселесін көтердік» дейді Зәуреш Батталова.

1990 жылдардың соңына дейін билікте түрлі лауазымды қызметтер атқарып, кейін оппозиция қатарынан көріне бастаған саясаткер Балташ Тұрсымбаев Еуразия одағына қол қойылатын уақыттың нақты уақыты алдын-ала айтылмады деп санайды.

«Еуразия одағы туралы келісімге қол қойылатын күнді тездетіп жіберді. Ал біз бұл жиынды 5-6 ай бұрын жоспарлағанбыз. Қолымызда қаржы болмағандықтан жергілікті жерлерден халықты жинап әкелгенше мүмкіндігіміз осы болды» деді ол.

«ОППОЗИЦИЯДА ҚАРЖЫ ДА, БИЛІК ТЕ ЖОҚ»

Оппозициялық саяси ұйым жетекшілері өздері өткізетін саяси акцияларға қатысты қоғамдық реакцияның әлсіздігін Азаттық тілшісіне әркелкі түсіндірді. Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Ғазиз Алдамжаров: «Қазақстанда шынайы оппозиция бар, бірақ қолында қаржы жоқ» десе, Балташ Тұрсымбаев: «Оппозицияда билік те, қаржы да жоқ, сондықтан қолынан келетін шаруа да жоқ» деп бір-ақ қайырды.

«Билік қоғамды азаматтық және саяси құқығынан айырды. Халық басы қосылып митингіге шыға алмайды, өз пікірін ашып айта алмайды, осындай ғимараттардың ішінде ғана әйтеуір басы қосылады. Сондықтан Қазақстанның қазіргі оппозициясы қоғамдық мәселелерді шешуге қатысып отыр деп айта алмаймын» дейді Балташ Тұрсымбаев.

Оппозициялық белсенділер арасында «Жармахан Тұяқбайдың құрылтайы» аталып кеткен жиынды ұйымдастырушылардың бірі Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, бұл жиынды өткізу 2012 жылдан бері жоспарланып келген. Түрлі қоғамдық пікірлерге байланысты статусы «құрылтайдан» «жиналыс» болып өзгерген.
Зәуреш Батталова, азаматтық белсенді.
Зәуреш Батталова, азаматтық белсенді.


Бұл жолғы жиналыста баяндама жасаушылар нақты бір саяси-экономикалық фактор төңірегінде емес, жалпылама мәселелер бойынша да пікір білдіріп жатты. Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, экономист Оразалы Сәбденов «жоғары оқу орындарында тегін оқыту үшін ұлттық қордағы ақшаның 3 пайызы жеткілікті екенін» айтса, Зәуреш Батталова «парламент депутаттарының 50 пайызы партиялық тізім бойынша, 50 пайызы бір мандатты округ бойынша сайлануы тиіс» деп мәлімдеп, парламент сенатын мүлдем алып тастауды ұсынды.

Бірақ жиын ортасына қарай залда отырғандар арасынан ұзақ-сонар баяндамаға шыдай алмай «көп сөзді қойып, іске көшейік» деп айқай салушылар да табылды. Олардың сөзіне қарағанда «шаршап-шалдығып елдің түкпір-түкпірінен келгендегі мақсаттары – баяндама тыңдау емес, оппозицияның қандай нақты әрекет жасайтынын пысықтау».

АЗАМАТТЫҚ КЕҢЕС

Жалпыұлттық азаматық жиын соңында «билікке балама көзқарастарды ресми түрде жеткізетін» «Азаматтық кеңес» құрылғаны туралы хабарланды. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша «Азаматық кеңесті» ресми тіркеуден өткізудің қажеті жоқ.
Солдан оңға: ЖСДП саяси кеңесінің мүшесі Балташ Тұрсынбаев, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай және ақын Мұхтар Шаханов баспасөз мәслихатында. Алматы, 30 қаңтар 2012 ж.
Солдан оңға: ЖСДП саяси кеңесінің мүшесі Балташ Тұрсынбаев, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай және ақын Мұхтар Шаханов баспасөз мәслихатында. Алматы, 30 қаңтар 2012 ж.


Жиын үстіне «Азаматтық кеңестің» 49 мүшесі аталды. Олардың қатарында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров, Зәуреш Батталова, Бақыт Түменова, Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының қызметкерлері Евгений Жовтис пен Роза Ақылбекова, журналистерді қорғау ұйымының жетекшісі Розлана Таукина, Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбденов, «Балға» қоғамдық ұйымының жетекшісі Марат Жанұзақов пен басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен саясаттанушылар тіркелді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Азаматтық кеңеске» кез-келген қазақстандық мүше бола алады.

Қазақстанда бұл тақілеттес «құрылтайлар» мен «жиналыстар» оқтын-оқтын өтіп, «жалпыұлттық» қозғалыстар құрылып тұрады. 2005 жылы парламент сайлауы қарсаңында «Әділетті Қазақстан үшін» жалпыұлттық оппозициялық қозғалысы құрылған еді. Бұдан арғы жылдары қозғалыстың белсенділігі байқалмай кетті.

2013 жылы қарашаның 23-і күні Алматыда Мұхтар Шахановтың жетекшілігімен ұлтшыл-патриот атанған белсенділер «Халық өкілдерінің құрылтайын» өткізіп, «Қазақ ұлттық кеңесін» құрған болатын.
XS
SM
MD
LG