Accessibility links

Оппозиция жетекшілерінің адвокаттары қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан, істі жабу туралы өтініш жасады


Оппозиция жетекшілеріне қатысты Байсақовтар ісі бойынша алдын ала жабық тыңдау нәтижесін күтушілер. Алматы, 2 наурыз, 2009 жыл.

Оппозиция жетекшілеріне қатысты Байсақовтар ісі бойынша алдын ала жабық тыңдау нәтижесін күтушілер. Алматы, 2 наурыз, 2009 жыл.

Наурыздың 2-сінде «аса ауыр қылмысты жасырды» деген айыппен оппозиция жетекшілерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау болып өтті. Оппозиция жетекшілері қылмыстық істі жабу туралы өтініштен басқа прокурорды ауыстыру жөнінде де өтініш берген еді. Соңғы өтінішті судья қабылдаған жоқ.

Оппозиция жетекшілерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өткен алдын ала тыңдауға қатысуға көп адамдар ниет білдіргенмен заңға сәйкес, ол жабық жағдайда өтті. Бір жарым сағатқа созылған сот тыңдауынан кейін оппозиция жетекшілері мен заңгер Евгений Жовтис көпшілікке сот барысы туралы айтып берді.
Байсақовтар ісі бойынша айыпталып отырғандардың бірі, "Азат" партиясының жетекшісі Болат Әбілов түсініктеме беруде. Алматы, 2наурыз, 2009 жыл.

- Біз қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қылмыстық істі жабу жөнінде бірқатар өтініш жасадық. Себебі, ағайынды Байсақовтардың, Горбиенко мырзаның кінәлі екендігі туралы сот шешімі жоқ. Тек сот шешімі болғанда ғана олар бізге қандай да бір шағымдарын түсіре алады. Наурыздың 3-і күні сағат 11-де судья сот процесінің басталу мерзімін жариялайды, – деді «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов.

Оппозиция жетекшілерінің құқығын сотта қорғаған заңгер Евгений Жовтис тыңдау барысындағы назар аударарлық бірнеше жайттарға тоқталды.

- Қазақ ССР-інің Жоғарғы сот пленумының жасыру ісі бойынша соттағы тәжірибені анықтайтын қаулысы бар. Оның күші әлі күнге дейін жойылмаған. Онда әлі кінәлі деп танылмаған қылмыскерді жасыру туралы мәселе қозғалса, онда ол билік органдарынан да жасырды деп есептеледі. Олай болса, оларды (оппозиция жетекшілерін – ред.) Украина билігіне жүгініп, адамдарды жасырды деп қалайша атауға болады?! Олар Украинаның билік органдарына жазбаша түрде хат жазды емес пе?! Яғни, билік органдарына жолығу арқылы қылмысты жасыруға бола ма?! Жасыратын адам үйтпейді.

Заңгер Евгений Жовтис айыптау үкімін мүлде ақылға сыйымсыз деп бағалайды.

- Аталмыш іс бойынша, айыптау үкімі (мен барлық саяси компоненттерін алып тастаймын – Е.Ж) заңнамалық тұрғыда барлық құқық негіздерін жояды. Мен тағы қайталайын, Украина билігіне хат жазу фактісінің өзі қылмысты жасыруды білдірмейді. Оның қылмысқа еш қатысы жоқ. Енді ҚР-сының қылмыстық процессуалдық кодексі бойынша, алдын ала тыңдау кезеңінде істі жабу мүмкіндігі қарастырылады. Яғни, соттың қылмыстық істі қазір-ақ жабуына мүмкіндігі бар еді. Бірақ прокурор «дәлелдерді зерттемей істі қалай жабуға болады» деді. Бізге нені зерттеу керек екені түсініксіз. Нені, кімді жасырғаны белгісіз бола тұрып, оларды жасырды деп соттау қисынсыз.

Қалай болған күнде де, Евгений Жовтистің айтуынша, екі бұлтартпас айғақ бар: біріншіден, олардың мемлекетке жүгінуі, екіншіден, қылмыстарын жасырды деген адамдардың кінәлі екендіктері әлі дәлелденбеген.

Естеріңізге сала кетейік, оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын. Олар аса ауыр қылмысты жасырушылық бабы бойынша айыпталып отыр. Демек, айыпталып отырған оппозиция жетекшілері кісі өлтіруге қатысы бар делінген ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беру турасында Украина билігіне хат жазған. Сол хатқа қол қойған оппозиция жетекшілері Төлен Тоқтасынов, Болат Әбілов және Асылбек Қожахметовке кезінде Украина билігіне Қазақстан билігі ауыр қылмыс жасады деп айыптап отырған Есентай Байсақовқа саяси баспана беру туралы өтініш жасау арқылы аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылуда.
Ал оппозиция жетекшілері болса, мұны билік тарапынан жүргізіліп отырған кезекті қысым деп санайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG