Accessibility links

Оппозиция жетекшілері жалпыұлттық наразылық акциясына шақыратындықтарын мәлімдеді


Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.

Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.

Оппозициялық «Азат», «Алға!», Қазақстан Комунистік және Жалпыұлттық социал демократиялық партиялары үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын нәтижесіз деп бағалайды. «Экономикалық дағдарыс әлеуметтік дағдарысқа ұласты» деген олар 18 қазанда жаппай наразылық акциясына шығуға шақырады.

«Президент пен Үкімет дағдарысты тоқтаттық, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді, деп үнемі сендіріп жүргеніне қарамастан , еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал шиеленісіп барады» деген оппозиция жетекшілері өздерінің шыдамдарының таусылғандығын айтады.
Жармахан Тұяқбай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.


- Болжам бойынша Қазақстанда жағдай одан әрі күрделенбек. Елдегі экономикалық дағдарыс біртіндеп әлеуметтік болып барады. Мемлекеттің экономикалық жағдайын жақсартуға бөлінген қомақты қаржы қолды болып кетті. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен болған – жалақы өзгеріссіз қалды. Зейнетақының жағдайы тіптен аянышты. Қажетті азық-түліктің бағасы мен коммуналдық төлемдер күн өткен сайын өсіп келеді. Осының барлығын көре отырып, қол қусырып отыруға дәтіміз бармайды. Бұл жағдайды өзгертуіміз керек, - деді ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Осыған байланысты, оппозициялық партиялар Қазақстанның барлық аймақтарында наразылық акциясын өткізбек ниетте екен.

- Қазақстан халқы елде жүргізіліп жатқан саясатпен келіспейтіндігін білдіруге құқы бар. Экономиканы құтқарамыз деп жұмсалған миллиардтаған доллар – билікке ықпал етіп жүрген олигархтардың капиталын ғана көбейтіп отыр. Қазіргі кезде үкіметтің жүргізген саясаты барысында – байлар одан әрі баюда, ал кедей одан әрі кедейлікке түсіп барады, - дейді «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов.

Осылай деген оппозиция өкілдері әр аймақтың әлеуметтік порблемалары түрліше екендігін айтады. Сондықтан жергілікті тұрғындар өздерінің аймақтарындағы өзекті болып отырған мәселелердің шешімін жергілікті билік өкілдерінен талап етуі тиіс.

- Әр облыс акцияның формасын өзі таңдайды. Кейбір митингіге рұсқат бермей отырған жерлерде басқа шаралар қарастырылып жатыр. Сондықтан барлық жерде митинг өтеді деп айтуға болмайды. Бір жерде митинг өтеді, бір жерде әкімшілкке барып ұсыныстар тапсырылады, үшінші жерде пикет өтеді деген сияқты әр аймақта әрқалай болады. Уақыты мен өтетін жерін де өздері таңдайды. Бірақ барлығының көздегені бір – билікке өз наразылығын білдіру, - деді ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай.

« Біз – сіздермен бірігіп үкіметтен халықтың тұрмыс деңгейін көтеретін және Қазақстан халқының мүддесін қорғауға бағытталған нақты шараларды қабылдауды талап еткелі отырмыз!» делінген оппозиция өкілдерінің таратқан мәлімдемелерінде.

- Қазақстандағы жағдай өзінен өзі дұрысталмайды. Бүгінгі жағдай – үкімет қатты қорқатын – елдегі тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Ал оны болдырмау үшін үкімет ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын ойлауы керек еді. «Дағдарыспен күрес үшін» деп Ұлттық қордан бөлінген 19 миллиард доллардың халыққа пайдасы тимеуі – қорлық! – деп атап көрсетті Жармахан Тұяқбай.

Осылай деген оппозиция өкілдері барша халықты «билік жүргізіп отырған әлеуметтік теріс саясатқа қарсы жалпыхалықтық азаматтық наразылық акциясын өткізуге» шақырды.
Михаил Сизов, тіркелмеген «Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.


Алматыда бас қосқан оппозиция жетекшілерінің арасында тіркелмеген «Алға!» халықтық партиясының жетекшісі Владимир Козлов болмады. Оны дәлі осы күні таңертең Алматыдағы БТА Банктің бас ғимараты алдында наразылық акциясын өткізіп жатқанда полиция қызметкерлері ұстап алып кеткен болатын. Козловтың орнына партия атынан Михаил Сизов қатысып, журналистерге «Алғаның!» жетекшісін полиция қызметкерлері заңсыз алып кеткендігін жеткізді.

ОППОЗИЦИЯ ЫНТЫМАҒЫНЫҢ БІР КӨРІНІСІ

Сәрсенбі күні Е.Жовтисті, Р. Есіргеповті, Т. Кучуковты қолдау шарасына аталған оппозициялық 4 партияның да жетекшілері қатысады делінген еді. Алайда, наразылық акциясына Козлов қана барды. Мүмкін бұл - партиялардың өзара ынтымағының бір көрінісі ме, белгісіз. Алайда, не себептен келісілген шараға бармай қалғандықтары туралы оппозициялық партиялар жетекшілерінің өздері былай деді:

- Естеріңізде болса, өткен аптада осы акцияны өзіміз өткізген болатынбыз. Ал бүгінгі акцияға біздің партиямыздан Маржан Аспандиярова барды, - деді «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов.

- Кешелі бері екі партияның бірігуіне байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Біз сол ұйымдастыру жұмыстарымен жүрміз, - деді ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Ал Қазақстан Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин бұған қатысты ешқандай пікір білдіре қоймады.
Дегенмен, алдағы наразылық акциясына барлық жетекшілер қатысады деді олар бірауыздан.


АЛ БҰЛ УАҚЫТТА ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ...

Оппозиция алдағы жексенбі күні жаппай наразылық акциясына шақырып отырған жұртшылық өкілдеріне сұрау салғанымызда түрлі көзқарастың куәсі болдық:

- Мен жоспарланып отырған шараға барамын! Қатысамын да өз пікірімді білдіремін. Көйкейде жиналған сауалдар көп. әйтеуір ол ісімнен бір пайда болса болғаны, - деді Айдар Абдрахманов есімді қала тұрғыны.

- Жоқ, мен ондай жерлерге бармаймын. Не үшін айтыңызшы? Одан ешкімге ешқандай пайда келмейді, - деді Сабира есімді апай.

- Мынау оппозиция дегеніңіз бар ғой - құры өздерінің атын шығаруды ғана ойлайтындар! Олардың бар білгені - билікке қарсы шығу. Ал ол халыққа тиімді ме тиімді емес пе, оған бас қатырып жатқан оппозиция жоқ. Меніңше саясатта жүргендер ең алдымен халықты ойлауы керек. Ал біздің оппозиция билік, президент, тақ туралы ғана айтады, ал халықтың тілі, діні, оның салт-дәстүрі дегенге келгенде жұмған ауызын ашпайды. Олардың бұл жоспарлап отырғандары да түкке тұрғысыз, - дейді Наурызбай есімді азамат.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG