Accessibility links

Жоғарғы сот «Правдивая газета» басылымын жабуды құптады


«Правдивой газета» басылымының өкілі Рамазан Есіргепов (сол жақта) журналистерді сот отырысына кіргізуді Жоғарғы сот күзетінен талап етіп тұр. Астана, 21 тамыз 2014 жыл.
«Правдивой газета» басылымының өкілі Рамазан Есіргепов (сол жақта) журналистерді сот отырысына кіргізуді Жоғарғы сот күзетінен талап етіп тұр. Астана, 21 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан Жоғарғы соты оппозициялық «Правдивая газетаны» жабу туралы сот шешімін күшінде қалдырды. Ашық сотқа барған журналистер мен Еуропа одағы өкілін бір сағаттан аса уақыт сотқа кіргізбеді.

Былтыр алғашқы нөмірі жарыққа шыққаннан бастап әкімшілік жазадан көз ашпаған оппозициялық басылымның шағымын Жоғарғы сот қанағаттандырмай тастады. 21 тамыз күні Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқасы газетке қатысты сот шешімі бойынша қадағалау сот өндірісін қозғаудан бас тартты. Сөйтіп, Алматыда басылатын газетті жабу туралы бұған дейінгі шыққан сот шешімдері күшінде қалды.

Бейсенбі күні газет ісі бойынша Астанада Жоғарғы соттың ашық отырысына барған Азаттық тілшісі Светлана Глушкованы, «ДАТ – Общественная позиция» басылымының тілшісі Жұмабике Жүнісованы, «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанованы және Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігінен келген бақылаушыны ғимарат алдындағы күзетшілер сотқа кіргізбей, бір сағаттан артық бөгеді.

Жоғарғы сот ғимаратына тек газеттің өкілі Рамазан Есіргеповті кіргізді. Біраздан соң қайтадан сыртқа шыққан Есіргепов күзетшілерге бақылаушылар мен журналистер келмейінше сот отырысты тоқтататып қойғанын айтты. Бірақ оған да көнбеген күзетшілер есік алдында тұрғандарды ішке кіргізуден бас тартып, "бұл мәселені олар шешпейтінін" айтты.

Журналистер мен бақылаушылар "Правдивая газета" ісі бойынша Жоғарғы сот тыңдауына кіре алмай тұр. Астана, 21 тамыз 2014 жыл.
Журналистер мен бақылаушылар "Правдивая газета" ісі бойынша Жоғарғы сот тыңдауына кіре алмай тұр. Астана, 21 тамыз 2014 жыл.

Тек Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мен күзет басшылығына бірнеше рет телефон шалып, табанды түрде талап еткен соң және өз аты-жөнін айтудан бас тартқан сот қызметкері журналистер мен бақылаушылардың қызметтік куәліктерінің көшірмесін алғаннан кейін ғана олар ішке кіруге мұрсат алды. Бірақ, кірер алдында күзетшілер олардың диктофон, фотоаппарат, планшет пен телефондарын алып қалды.

Бақылаушылар мен журналистер соншама әуре-сарсаңмен кірген сот отырысы көпке созылған жоқ. Рамазан Есіргепов газет шағымын қарау үшін белгіленген сот алқасындағы үш судьяның бірін бұл істен шеттетуді сұрады. Бірақ сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартып, ондай жағдай қарастырылмағанын айтты.

Сондай-ақ сот құрамы «Правдивая газета» басылымының алдыңғы сот шешімі бойынша қадағалау өндірісін бастау туралы өтінішін де қанағаттандырмай тастады. Осылайша Жоғарғы сот оппозициялық «Правдивая газетаны» жабу туралы аудандық сот шығарған шешімді күшінде қалдырды.

– Жоғарғы сотқа берген шағымда біз сот шешіміндегі жүйелі түрде заң бұзушылық деген не екендігін және ондай жайттардың болғанын анықтайтын филиологиялық сараптама жүргізуді сұраған едік. Заң бұзушылық деп көрсетілген жайттың бірі баспахананың кінәсінен кеткені туралы олардың өздері фирмалық қағазында жазып жолдаған хаты бар, бірақ сот оны назарға алмады, - деді Рамазан Есіргепов Азаттыққа.

Жоғарғы соттың шешімі осындай болады деп күткендерін айтқан Есіргепов енді Қазақстан бас прокурорына, онан соң БҰҰ комитетіне шағымданбақ ойлары барын жеткізді.

"Правдивая газета" оппозициялық басылымының бірінші саны. 24 сәуір 2013 жыл.
"Правдивая газета" оппозициялық басылымының бірінші саны. 24 сәуір 2013 жыл.

«Правдивая газетаның» қызметі басылымның шығу деректеріндегі техникалық қателіктерге бола бірнеше мәрте салынған әкімшілік жазаға байланысты биыл жыл басында тоқтатылған еді. 2013 жылдың сәуір айында алғашқы саны жарық көрген «Правдивая газета» былтырғы жылы үш мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

Былтыр сәуірде Алматы қаласының әкімшілік соты «басылымның шығу мерзімділігі туралы мәліметтер нақты емес» деген айыппен «Правдивая газета» басылымына 200 долларға жуық айыппұл салған еді. Басылымның алғашқы санының 1200 данасы тартып алынды. 2013 жылы тамызда әкімшілік сот «шығу деректері көпе-көрінеу бұрмаланып көрсетілген басылымды шығарды және таратты» деген айыппен газет қызметін үш ай мерзімге тоқтату туралы шешім шығарған.

Ал үшінші әкімшілік жазаға тартуға Бостандық аудандық прокуратурасының «газетті уақытша тыйым салу мерзімі аяқталғанға екі күн қалғанда, әрі басылымның шыққан күнін дұрыс көрсетпей шығарған» деп айыптаған талап-арызы негіз болды. Бұл үшін әкімшілік сот 2013 жылы желтоқсанда газет иесіне ірі мөлшерде айыппұл (500 долларға жуық) салып, газет қызметін және үш айға тоқтатты.

Міне осы үш бірдей әкімшілік жаза сотқа «Правдивая газетаны» біржолата жабуға негіз болды. Кейбір халықаралық ұйымдар «Правдивая газетаны» қолдап мәлімдемелер жасаған еді, бірақ одан нәтиже шықпады.

Соңғы жылдары Қазақстанда бірқатар оппозициялық басылымдар сот шешімімен жабылып қалды, олардың кейбірінің қызметін сот «экстремистік» деп таныды.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы биыл мамырда жариялаған есебінде Қазақстанды баспасөз еркіндігі төмен, яғни «еркін емес» ел ретінде сипаттап, 187-орынға қойған еді. Осы ұйым рейтингісінде Қазақстан былтырғыдан бес орынға төмен түскен.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG