Accessibility links

Қазақстан қоғамы диссидент Нұрқаділовтың өлген күнін елеусіз қалдырғандай болды


Заманбек Нұрқаділов, Алматы облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі. Алматы әуежайы, 3 ақпан 2005 жыл.
Заманбек Нұрқаділов, Алматы облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі. Алматы әуежайы, 3 ақпан 2005 жыл.

Қарашаның 12-сінде Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ жағдайда мерт болғанына төрт жыл толды. Қазақстанның демократиялық қоғамы бұл күні саясаткерді еске алу шараларын қалай өткізді деген сауалды бірқатар оппозиция өкілдеріне қойған едік.

Заманбек Нұрқаділовтің өліміне 4 жыл толған кезде елдегі демократиялық күштер саясаткерді еске алып, жылдағыдай басына барып, еске алу шараларын өтізбегендей, елеусіз, ескерусіз қалдырғандай көрінді. Қазақстандағы демократиялық күштердің мұндай «тыныштығын» әркім әрқалай жорыды.

"ҚОҒАМ ЗАМАНБЕК ҚАЗАСЫНАН САБАҚ АЛА АЛМАДЫ"

«Жаса, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлі: «Оның себебін нақты айту қиын. Бәлкім, қажет деп есептемеді ме?! Бәлкім, одан маңыздырақ шаруалары болды ма? Оны әртүрлі топшылауға болады. Бастапқы қызу басылып, басқа жаққа бұрылып кеткен сыңай бар. Партиялар бірігіп жатыр, алда сайлау болуы мүмкін. Сол сияқты т.б мақсаттар басып кетуі мүмкін. Десе де, кесіп айту қиын»

Мұны әлі күнге дейін белгісіз жағдайда мерт болған диссидент есімінің уақытқа мойынсұнып, көпшілік жадынан шығуы деп бағалауға бола ма?

Мұндай шараларды ұйымдастыратын адамдардың арасында өзінің жоқтығын айтқан Қазақстан Коммунистік партиясының серкесі Серікболсын Әбділдин Заманбек сияқты саяси құрбандарды еске алу арқылы қоғамымыз одан ешқандай сабақ ала алмады деп өкініш білдіреді.

Серікболсын Әбділдин: «Адамзат баласы қандай сабақ, өнеге-үлгі көрсететін жағдайдың бәрін көріп-біліп жүріп, содан қорытынды шығармайды. Ол тек қана біздің заманның кемшілігі емес. Сол себепті менің ойымша, құрбан болған адамдардың соңынан жүріп, кімнің жауапкершілікке тартуын анықтау үшін ұмтылып жүрген күштер аз. Бұл қоғамның үлкен кемшілігі»

ҮЛГІ АЛАРЛЫҚ ҚАСИЕТІ КӨП ЖАНДЫ ЖАРИЯ ЕМЕС, ШЫНАЙЫ ЕСКЕ АЛАДЫ

Біз оппозициялық партия өкілдерінен де пікірлерін білген едік. ЖСДП-Азат партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов:

«Заманбектің рухы, Заманбектің айтқан сөздері, саяси көзқарастары әрине, ол әрқашан біздің жадымызда. Мұндай нәрселерді отбасымен ақылдасып шешу керек сияқты. Өйткені, Заманбек ең алдымен, жар, әке, өзінің отбасының отағасы. Ал жалпы шыныменен де, біз уақыт өткен сайын өмірден өткен кешегі әріптестерімізді ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Бұл кешірілмес күнә. Біз оны мойындауымыз керек. Себебі, ол тек бір Нұрқаділовтер әулетінің Заманбегі емес, ол қазақтың Заманбегі»

Әміржан Қосановтың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың өзінен кейінгілерге үлгі болатындай, аса қатты бағалайтын екі қасиеті бар. Бұл әсіресе, билікте жүрген адамдар үшін үлкен сабақ дейді.

«Бірінші сабағы, Зекең билікте жүріп, істеген өзінің кемшілігін, көлеңкелі тұстарын ашық айтып, халқынан кешірім сұраған азамат. Ондай қадамға бару үшін жүрек керек. Еліне адалдық керек. Екінші мәселе, Заманбек оппозицияға келгелі ешбір саяси партияның мүшесі болған жоқ. Ол халықтың өкілі болды. Бұл да сабақ. Сондықтан да мына біздің партиялар да халыққа неғұрлым жақын болуы керек. Халықпен неғұрлым етене араласуы керек. Сол кезде ғана Зәкең сияқты тұлғалар болашақта да біздің қазіргі «Азат-ЖСДП» сияқты ұйымға кіреді деп ойлаймын. Өйткені, өкінішке қарай, кей кезде біз таза партиялық мүддені көп айтып кетеміз де, халықтық мүддені шамалы шет тастап қоюымыз мүмкін. Жалпы бұл сын орынды деп ойлаймын»

Десе де, «ЖСДП-Азат» партиясы президиумының мүшесі Петр Своик жыл сайынғы еске алу шараларының жұртқа жария түрде өтуі міндетті емес деп санайды.

- Саясаткерді еске алу шаралары кеше өтті. Онда тек жақындары, туыстары ғана емес, сонымен қатар саясаткерлер, достары болды. Ал жария түрде өткізілетін қандай да бір акциялардың өткізілуі меніңше, міндетті емес. Заманбектің өлімі бізге жауапкершілік артып отыр, оның үстіне өлтіруді саяси механизге айналдыруға жол бермейтіндей етіп билікті өзгерту бағдарламасын іске асыруымыз керек. Ал бұған түрлі митинг өткізуден өзге саяси жұмыспен де қол жеткізе аламыз, ол жұмыстарды біз жүргізіп жатырмыз, - дейді Петр Своик.

Заманбек Нұрқаділовтың қазасына қазақ ақыны Иран-Ғайыптың шығарған өлеңі:


  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG