Accessibility links

Жармахан Тұяқбайдың Facebook аккаунты бұзылды


Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы облысы, 15 мамыр 2012 жыл.

Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы облысы, 15 мамыр 2012 жыл.

Саясаткердің аккаунтындағы ақпарат өзгертіліп, өзі басқаратын партияның орнына мемлекеттік қызмет атауы жазылған. Кейбір бақылаушылар бұдан саяси астар іздейді.

Эколог, әрі Facebook-тің белсенді қолданушысы Мұсағали Дуамбеков жұма күні түске таман саясаткер Жармахан Тұяқбайдың аккаунтында ЖСДП (жалпыұлттық социал-демократиялық партия) емес, президент жанындағы мемлекеттік істер жөніндегі академия сөзінің пайда болғанын байқаған.

Бірақ "бұл жаңалыққа" эколог таң қалмаған.

- Өткенде съездерін өткізіп, Қосановты кіргізбеген кезде «бұған билікке бір қадам жақындап, сол билікпен келісім-шартқа отыруы себеп болған шығар, бұрынғы шенеуніктер мен депутаттардың барлығы сол қадамға барды ғой» деген ой келген болатын. Енді соның артынша оның (Ж.Тұяқбай - ред.) мемлекеттік қызметке баруы ретті шаруа ғой деп ойладым, - дейді Мұсағали Дуамбеков Азаттық тілшісіне.

Алайда түстен кейін Жармахан Тұяқбайдың мемлекеттік қызметке кетпегені, оның аккаунты бұзылып, жалған ақпарат енгізілгені белгілі болды.

"АРАНДАТУ"

Мұның «арандату әрекеті» екенін айтқан партияның баспасөз хатшысы Максим Андрюшин профайлдағы ақпараттар дереу түзетілгенін мәлімдеді.

​- Журналистер хабарласқаннан кейін біз оны бүгін таңертең кездейсоқ біліп қалдық. Кеше аккаунтын қараған кезде ЖСДП төрағасы болып тұрған. Өкінішке қарай, нақты қашан бұзылғанын білмейміз, мүмкін түнде болар. Жармахан Тұяқбай партия төрағасы және сол қызметінде қала береді де. Партия төрағасы бүгін аккаунтының паролін өзгертті. Ол фейсбукқа өзі жазып жүр, - дейді Максим Андрюшин.
Жармахан Тұяқбайдың Facebook парақшасы

Жармахан Тұяқбайдың Facebook парақшасы


Қазақстанда президент жанындағы мемлекеттік істер бойынша академия бар. Президент жарлығымен 1998 жылы құрылған жоғары оқу орны мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін жетілдіруге арналған.

Тұяқбайдың «жаңа қызметі» – бұрын оппозиция қатарында болған, кейіннен билікке келген қазіргі мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменовтің қызмет атауына ұқсас болып шықты.

БҰЛ КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПА, ӘЛДЕ САЯСИ АСТАР БАР МА?

Кейбір азаматтар Тұяқбай аккаунтының бұзылуынан қандай да саяси астар іздейді.

Эколог Мұсағали Дуамбеков бұл "Тұяқбай мемлекеттік қызметке кеткен жағдайда қоғам реакциясын білу үшін әдейі ұйымдастырылған" деп есептейді.

- Қазір билік кезінде Тоқтар Әубәкіровке "Қазақстан теміржолы" президентінің кеңесшісі қызметін ұсынған секілді оған да бір қызмет дайындап жатқан шығар. Енді алдымен елдің реакциясын тексерейін деген болар, - деп топшылайды эколог.
Мұсағали Дуамбеков, эколог-саясаткер. Астана, 26 сәуір 2012 жыл

Мұсағали Дуамбеков, эколог-саясаткер. Астана, 26 сәуір 2012 жыл


Ал саясаттанушы Сергей Дуванов «аккаунт бұзудағы мақсатты көрмей отырғандықтан бұзақылардың әрекетіне ұқсайтынын» айтады.

- Ашығын айтсам, мұнда ешқандай зиян нәрсені көріп тұрғам жоқ. Бұл бұзақылық әрекетке ұқсайды. Себебі әзірге ешқандай мақсатты көре алмай отырмын, - дейді Сергей Дуванов.

Бұл мәселеге байланысты қанша тырыссақ та, Жармахан Тұяқбайдың өзімен хабарласа алмадық.

"ЭЛИТААРАЛЫҚ ТАРТЫС"

Ал партияның Астана қалалық бөлімшесінің жетекшісі Асхат Рахымжанов "мұндай арандату әрекеттерді күтуге болатын еді" деп ойын былайша жалғастырады.

- Бұл да Тасмағамбетовпен болған жағдай сияқты ғой. Бұл арандатушылық. Себебі соңғы уақытта президент төңірегіндегі ақпаратқа байланысты элитааралық қайшылықтар да өрши түсті. Сол себепті әртүрлі сипаттағы арандатуларды барлық жақтан күтуге болады. Мұнда бір ғана мақсат тұр - адамның, партияның беделін төмендету. Осыған қарап-ақ: «сол адам немесе ұйым яки партия белгілі бір топтың шынайы оппоненті» деп қорытынды жасауға болады. Бірақ әзірге, оның кім жасағаны белгісіз. Сондықтан оны білмей тағы да нақты ештеңе айта алмаймыз, - дейді ол.
Жармахан Тұяқбай, ЖСДП партиясының төрағасы. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл

Жармахан Тұяқбай, ЖСДП партиясының төрағасы. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл


Рахымжанов партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың оппозициядан мемлекеттік қызметке кетуі мүмкін емес екенін айтып, тіпті бүгінгідей Facebook-тың өзінде жазылып тұрса да, сенбейтінін айтты.

Наурыз айының аяғында Алматыда жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының съезі болып, жиынға партияның бұрынғы хатшысы Әміржан Қосанов пен өзге азаматтардың кіргізілмеуі жергілікті ақпарат құралдарында қызу талқыланып еді.

ЖСДП партиясы жақында Болат Әбілов басқаратын "Азат" партиясынан да бөлініп шыққанын ресми түрде мәлімдеген болатын. 65 жастағы саясаткер Жармахан Тұяқбай 2004 жылы оппозицияға өтетінін мәлімдеп, депутаттық мандатынан бас тартқан болатын. 2006 жылы саясаткер ЖСДП партиясын құрған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG