Accessibility links

Владимир Козлов: «Мамыр айына дейін қазақ тілін үйрене алмаймын»


Оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. 22 қыркүйек 2010 жыл.

Оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. 22 қыркүйек 2010 жыл.

Оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатыспайтындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеріп үлгермейтіні себеп болған.

Владимир Козловтың сұқбатын тыңдаңыз


Осылайша Қазақстанда президент сайлауына қатысамын деген алғашқы кандидат тізімнен түсіп қалды. Ал Козловпен бірге «саяси тандемде» сайлауға түспекші Жасарал Қуанышәлинге қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов өзін оппозиясының атынан президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынды.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Азаттыққа берген сұхбатында осы саяси оқиғаларға қатысты ойларын айтты.

САЙЛАУДАН БАС ТАРТУДЫҢ БАСТЫ СЕБЕПТЕРІ

– Мен «президент сайлауына қатысамын» дегенде 2012 жылғы сайлау туралы айттым. Сол уақытқа дейін менің мемлекеттік тілді еркін меңгеруге
Мамыр айына дейін тілді жетік меңгере алмайтыным анық
мүкіндігім бар екендігін айттым. Енді маған берілген уақыт бір жарым жылға қысқарып отыр. Мамыр айына дейін тілді жетік меңгере алмайтыным анық. Үміткерге қойылатын талапқа сай келмейтіндігімді біле отырып, президент сайлауына түскім келмейді. Сондықтан сайлау мамыр айында болса, мен өз кандидатурамды ұсынбаймын, – дейді Владимир Козлов.

Ол бұған дейін қазақ тілін үйрену үшін тұрақты түрде дәріс алмағандығын жасырмады. Алайда өткен жылдың қараша айында «президент сайлауына түсемін» дегеннен бастап қазақ тілін оқи бастағанын айтады.

Саясаткер уақыты жеткілікті болғанда, «қазақ тілін 2012 жылға дейін еркін меңгеруіме ешқандай кедергі болмас еді» дейді.

Сұхбат барысында президенттік додадан бас тартудың тағы бір себебі де айтылды.

Естеріңізде болса, Алматының салық орындары Владимир Козловты табысын жасырып қалды деп айыптап отыр. Козлов Салық комитетінің осыған сәйкес шешімін негізсіз деп, сотқа шағымданған еді. Алайда ақпанның 2-сі күнгі сот Козловтың шағымын қанағаттандырмады. Енді кассациялық сот та дәл осындай шешім шығарса, Козловқа қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

САЯСИ ТАНДЕМНІҢ БӨЛІНУІ

Елдегі президенттіке үміткерлердің бірі, «Владимир Козловпен бірге саяси тандем құрып, сайлауға түсемін» деген «Жаса, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлинге қатысты да қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Медеу аудандық сотында. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл.
Қуанышәлинді ежелгі оппоненті Сейіткерім Қожаназар «менің атыма ғайбат сөздер айтып, қорлады» деп айыптап отыр.

Алайда ақпанның 1-і күні Медеу аудандық сотында Қуанышәлинге қатысты екінші қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.

Енді, заңдық тұрғыда, оппозициялық саясаткер сайлауға түсе алмайды, себебі «президентке үміткер қылмыстық жауапқа тартылмаған» болуы тиіс.

Жасарал Қуанышәлин әзірше ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Жағдайдың өзгергендігін айтқан Владимир Козлов «енді Жасарал Қуанышәлин сайлауға түсу не түспеу мәселесін өзі шешуі тиіс» дейді.

«ОРТАҚ ҮМІТКЕР ТУРАЛЫ АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

Владимир Козлов «Алғаның» сайлауға қатысты ұстанымы әлі нақтыланбағандығын айтады.

Естеріңізде болса, ақпанның 1-і күні «Азат ЖСДП тең төрағасы Болат Әбілов сайлауға оппозициядан ортақ бір үміткер қатыстыру мәселесін қозғап, ол
«Азат» ЖСДП тең төрағалары Жармахан Тұяқбай (сол жақта) мен Болат Әбілов. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.
үміткер ретінде өзінің дайын екендігін айтқан еді.

Алайда ертеңінде, ақпанның 2-сі күні партияның тағы бір тең төрағасы Жармахан Тұяқбай мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына партия байкот жариялауы мүмкін деген пікір айтты.

Осыларды атап өткен Владимир Козлов «оппозиция ортақ үміткер сайламақ түгілі, алдымен әр қайсысы өз партиясының ішкі көзқарасын анықтап алғаны абзал» деген пікір айтады. «Нақты аты-жөндері аталмай тұрғанда, оппозициядан ортақ үміткер шығару деген мәселе көтеру ертерек» дейді Владимир Козлов.

«ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ОҢАЙ БОЛМАЙДЫ»

Козловтың ойынша, Қазақстанда президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын жариялануының себебі – президент Назарбаевтың болашаққа деген сенімінің аздығы. «Соңғы жылдары елде қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық жағдай Назарбаевтың 2012 жылы қайта сайлануына күмән келтіреді» дейді саясаткер. «Ал биылғы президент сайлауы қалай өтуі мүмкін?» деген сұраққа Владимир Козлов:

– Әрине, мерзімінен бұрын өткізілмек сайлау үміткерлерді сайлауға жеткілікті деңгейде дайындалып, қазіргі президентке лайық бәсекелес болу мүмкіндігінен айырады. Президент өз қолындағы барлық әкімшілік ресурстарды пайдаланатыны сөзсіз. Ол бұған қоса референдум туралы мәселе көтеріп, өзінің пиар-компаниясын бастап-ақ кетті. Мұндай жағдайда ешқандай үміткерге оңай соқпасы анық, – деп жауап берді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG