Accessibility links

Билік Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы ұсынысты елдің өзіне айтқызбақ


«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Жармахан Тұяқбай (сол жақта) және тұңғыш қазақ ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Жармахан Тұяқбай (сол жақта) және тұңғыш қазақ ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақстанда президент Назарбаевты 2020 жылға дейін қызметінде қалдыру туралы референдум өткізуге қатысты қол жинау рұқсат берілер-берілместен басталып кетті. Оппозицияның айтуынша, Қазақстан мәңгі президентке ие болған санаулы ғана авторитарлық елдің біріне айналуы мүмкін.


Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» заңына сәйкес, жалпыхалықтық референдум өткізу үшін оған Қазақстанның әр облысынан жинақталған кемінде 200 мың адамның келісімі керек. Сонда әр облысқа 12,5 мың адамнен келеді.

ҚОЛ ЖИНАУ НАУҚАНЫ

Бір қызығы, Орталық сайлау комиссиясы «идея авторларына» қол жинауға ресми түрде рұқсатты дүйсенбі күні таңертең ғана берген болатын. Алайда бейресми ақпараттарға сүйенсек, елде бұл процесc бұдан да ерте басталып кеткен.

Дүйсенбі күні Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқитын студент хабарласып, кешеден бері әрбір топтан қол жинау басталғаны турасында мәлім етті.

- Жексенбі күні бізде емтихан болды. Старостамыз «емтиханнан кейін мынаған қол қойып кетуді ұмытпаңдар» деді. Бәріміз «бұл не?» деп сұрасақ, «президент Назарбаевты 2020 жылға дейін қалдыру туралы бастама» деп жауап берді. Емтихан болғасын ол жайлы мүлде ұмытып кетіппіз. Бүгін қазір ғана «университетке тез жетіп, қол қойып кет» деген смс-хат алдым. Меніңше, бұлайша жасау дұрыс емес. Әрбір студент таңдауды өзі жасауы қажет, - деді есімін атаудан бас тартқан студент.
Старостамыз «емтиханнан кейін мынаған қол қойып кетуді ұмытпаңдар» деді. Бәріміз «бұл не?» деп сұрасақ, «президент Назарбаевты 2020 жылға дейін қалдыру туралы бастама» деп жауап берді.

Жаңа саяси науқанды орындату кезінде ең ауыр салмақтың бюджеттік мекемелерге түскені де анық көрінеді. Дүйсенбі күні дәл осындай «міндет» алған пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) бір қызметкері хабарласты.

- Таңертең басшылық 400 адамның қолын жинау туралы тапсырма берді. Бізге толтыруға 20 бет қағаз берді. Оған азаматтардың төлқұжатындағы мәліметтерді, РНН-ін, аты-жөнін жазуымыз қажет. Содан кейін сол адам қолын қояды. Тапсырманы Қапшағай қаласының әкімшілігі беріп отыр. Азаннан бері 50 шақты адам жиналып қалды. Соншама қарсылық білдіріп жатқандар жоқ. Үндемей келіп, үн-түнсіз қолдарын қойып жатыр. Өйткені КСК жинап жатқаннан кейін өздерінің де «ананы жөндеп беріңдер, мынаны жөндеп беріңдер» деп құжаттарымен келетіндіктерін біледі. Мұнда жұмыс істейтіндер де, бәріміз де қол қойдық, - деді есімін атаудан бас тартқан Қапшағай қаласындағы пәтер иелерінің кооперативінің қызметкері.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының белсендісі Маржан Аспандиярова дүйсенбі күні партияның дәл осы референдум мәселесіне қатысты өткізген жиынында бұл науқанның аймақтарда қалай жүзеге асып жатқаны турасында айтып қалып еді.

- Осы сенбі күннен бастап, әртүрлі хабарлар келіп жатыр. Еліміздің шалғай жерлерінде қала, облыстарда мектеп мұғалімдеріне, мектеп директорларына тапсырма беріліп, референдумды қолдау жөнінде қол жинауға кірісіп кетіпті. Ақпарат құралдары арқылы ұстаздарға сөзімді жеткізгім келеді: өздеріңізді қылмыскерге айналдыруға жол бермеңіздер! Егер елде директордан бастап, соңғы қызметкерге дейін осы референдумға қарсы шығатын ұжым табылса, онда әлі де кеш емес, - деді Маржан Аспандиярова.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НОУ-ХАУ"

Дүйсенбі күні «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері бұл ұсыныс президент әкімшілігінің тікелей өзінен түсуі мүмкін деп болжады. Партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай «мәңгілік президент» идеясының 2000 жылдан бастап жетіліп келе жатқанын, оған таң қалуға болмайтынын айтты.



- Бүгінгі күні біз Назарбаевтың ел басында отыра беретіндігіне ешқандай күмәніміз жоқ. Бүгін-ертең оны орнынан алып тастауға тек қарулы көтеріліспен ғана баруға болады. Біз оған қарсымыз. Сондықтан біздің айтатынымыз – референдум өткізбей-ақ, сайлау өткізбей-ақ, парламентте дауыс беріп-ақ жасай салыңдар «30-жылға дейін президент отыра береді», - дегенді айтты Тұяқбай мырза.

- Қазақта сөз бар «Жапалақты таспен ұрсаң да – жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да – жапалақ өледі» деген. Бүгінгі күні біздің елдегі ахуал сондай. Бізде президент Назарбаев бар. Оны бүгінгі күні орнынан кетіретін, не өзінің кететін ойы жоқ. Ондай күш те жоқ, - дейді Жармахан Тұяқбай.
Тоқтар Әубәкіров (сол жақта), "Азат" ЖСДП мүшесі мен Әміржан Қосанов, "Азат" ЖСДП бас хатшысы. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл
Партияның тең төрағасы Болат Әбілов мұндай бастаманың еш елде кездеспейтінін «қазақстандық ноу-хау» екенін айтты.

- Нашар болса да ТМД-ның көптеген елдерінде сайлау өтіп жатыр. Жалған болса да, Лукашенко жуырда ғана әйтеуір, бір сайлау өткізді. Өзбекстан президенті Ислам Каримов та сол. Еш жерде мұндай нәрсе жоқ. Әлемде өзінің мәңгілік өкілетін авторитарлық әдіс-тәсілдер арқылы бекітіп алған бірнеше диктатор ғана қалды. Қазақстан солардың қатарында, - деді Болат Әбілов.

Ал партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов «егер бұл бостан-босқа сайлау өткізіп, бюджетті шығындамауға мүмкіндік берсе, онда әрі қарай да үнемдей берейік» деп кекесінді ұсыныс айтты.

- Әрі қарай да үнемдеуді жалғастыра берейік. Парламентті 10 жылға қалдырайық. «Нұр-Отанның» басшысы өзгермесе, сайлау өткізіп не керек? Егер бірпартиялы парламент өз міндетін жақсы атқарса, көппартиялық парламенттің не қажеті бар? Үкіметті, әкімдерді, т.б ауыстырып не керек? – деді Әміржан Қосанов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG