Accessibility links

«Stan.TV» журналистері «арнайы қызмет қысым жасап жүргенін» мәлімдеді


«Stan.TV» ақпараттық бейнепорталының тілшісі Шернияз Шағатай. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

«Stan.TV» ақпараттық бейнепорталының тілшісі Шернияз Шағатай. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

Ақпараттық бейнепорталдың бірнеше журналисі күштік құрылымдардың өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп жүргенін айтады.


Қыркүйектің 20-сы күні өткен жиында «Stan.TV» ақпараттық бейнепорталының тілшісі Шернияз Шағатайдың айтуынша, арнайы қызмет өкілдері оған ауруханада емделіп жатқан кезінде келген.

«АНАҢДЫ КӨЛІК ҚАҒЫП КЕТУІ МҮМКІН...»

Қыркүйектің 6-сы мен 19-ы аралығында Алматы қаласындағы №7 Қалқаман ауруханасында емделгенін айтқан журналист осы кезде өздерін «арнайы қызмет органдарының өкілдері» ретінде таныстырған бірнеше адам келіп, «бірге жұмыс істеу» туралы ұсыныс жасағанын айтады.

Ол адамдар «Stan.TV» ақпараттық бейнепорталы туралы көп нәрсе сұраған. Қызметтік куәліктерін көрсетуден үзілді-кесілді бас тартқан бұл азаматтар ұсынысты қабылдамаған жағдайда отбасы мүшелерінің зардап шегуі мүмкін екенін айтып, ашық түрде қысым жасаған.

– Мысалы, «сенің қалтаңнан есірткі табылуы мүмкін» немесе «анаң жұмыстан қайтып келе жатқан кезде оны көлік қағып кетуі мүмкін» деген сияқты қоқан-лоққы көрсетті, – дейді Шернияз Шағатай сейсенбі күні өткен жиында.

Ол соңғы кездері үйін белгісіз біреулердің көлікпен торуылдап жүргенін де айтты. Тамыз айынан бері белгісіз нөмірден телефон шалушылардың көбейгенін айтқан Шернияз Шағатай:

– ...Диктофон қосып та үлгермейсің. 30 секунд қана сөйлеп, телефон тұтқасын қоя салады. 2-3 минуттан кейін қайта хабарласады. Олардыкі сондай сценарий, – дейді.

«БҰЛ БЕЙНЕПОРТАЛМЕН ЖҰМЫС ІСТЕМЕ!»

Портал продюсері Дәнеш Байболатов мұндай қысымның барлық қызметкерлерге жасалып отырғанын айтады. Оның айтуынша, осы апта
«Stan.TV» ақпараттық бейнепорталының продюсері Дәнеш Байболатов. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

басында ғана есімін көпке атаудан қорқып отырған аймақтағы тілшілердің бірі сондай «ескерту алыпты».

– Кеше ғана тілшімізді шақырып алып, қоқан-лоққы көрсеткен. Оған «бұл бейнепорталмен жұмыс істеме» деп ашық айтқан. Мұндай қысым жүйелі түрде жасалып жатыр, – дейді Дәнеш Байболатов.

Оның айтуынша, мұндай қысым Маңғыстаудағы ереуілді түсіру кезінде ерекше байқалған.

– Маңғыстауда түсірілім тобының соңына түсіп, белгісіз көліктермен қуғындаған кездер де болды. Ол көліктерді бейнекамераға түсірдік те. Түсірілім тобының жұмысына бірнеше мәрте кедергі жасауға талпынды, – дейді Дәнеш Байболатов.

Редакция ұжымы бұл тектес оқиғаларды бейнепорталдың кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.

«...Бұл – тәуелсіз ақпарат құралына қысым көрсетудің айқын үлгісі және журналистердің кәсіби ісіне қарсы тұруға әрекеттенудің мысалы» делінген сейсенбі күні портал қызметкерлерінің ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде.

Редакция ұжымы енді полиция органдарынан бұл оқиғаға араласуды талап ететінін айтады.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызбен, еш жауап ала алмадық.

СПУТНИКТІК АНТЕННА ЖӘНЕ СОТ

Тамыз айында Алматының әртүрлі ауданында орналасқан порталдың екі кеңсесіне бір мезгілде үш тексеру органы (санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, төтенше жағдай департаменті) өкілдері келіп, «жоспардан тыс тексеріс» жүргізген.

Осыдан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет «редакцияда үйдің
«...үйдің төбесінде орнатылған спутниктік антеннаның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы анықтамасы жоқ»

төбесінде орнатылған спутниктік антеннаның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы анықтама жоқтығын» алға тартып, сотқа порталды жабу жөнінде арыз түсірген.

Қазір Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің шағымы бойынша «Stan.TV» ақпараттық бейнепорталын жабу мәселесі сотта қаралып жатыр.

«Әділ сөз» қорының хабарлауынша, сейсенбі күні жауапкер жағы тексеру туралы құжаттар алмағандықтан тыңдауды кейінге шегеру туралы ұсыныс жасап, соның салдарынан отырыс өтпей қалған.

Бұл іс бойынша сот процесі қыркүйектің 23-іне белгіленген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG