Accessibility links

Оппозициялық белсенділер: "Тергеліп жатырмыз"


Қостанайлық оппозициялық белсенді Игорь Колов. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.
Қостанайлық оппозициялық белсенді Игорь Колов. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

Аймақтардан қолдаушыларын шақырып, Алматыда жиын өткізуді жоспарлаған оппозициялық белсенділер «қатысушылардың келуіне қаржы полициясы кедергі жасап отыр» дейді.

«Қазақстанның демократиялық күштерінің жиынын» ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, «Қазақстанның қаржы полициясы саяси репрессия құралына айналып, белсенділердің оппозиция жиынына келуіне кедергілер ұйымдастырып» отыр. Қаржы полициясы бұл мәлімдемеге қатысты анық ақпарат бермейді.

КОЛОВТЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ

Жиынға қатысуды жоспарлаған қостанайлық оппозициялық белсенді Игорь Коловты Қазақстанның экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің (ауызекі тілде «қаржы полициясы» деп аталады – ред.) қызметкерлері Алматыда жүрген жерінде ұстаған.

- Қаржы полициясы шілденің 2-сі күні тергеді. Ештеңе түсіндірмеді. Жауап бердім, жіберді. Екі күннен кейін Қостанайдағы қаржы полициясына баратынымды хабарлады. Ұшақ билетін өздері алып қойыпты. Шілденің 6-сы екі полиция ұстап, әуежайға апарды. Ұшып кеткенімше бақылап тұрды. Қостанайда қаржы полициясы күтіп алып, шілденің 9-ы күні тергеуге шақыру берді. Алматыда қойған сұрақтарын қайта қойды. Шілденің 10-ы күні де кешкі сағат 19:00-де тергеуге келетінімді ескертті. Алматыға соңғы пойыз Қостанайдан осы уақытта кетеді. Одан қалсам, жиынға бара алмаймын. Әлеуметтік желідегі ақпараттардан байқағаным – жүзден астам адам осындай оқиғаға тап болған. Қостанайда ғана 15 адам тергеуге шақырылды, - дейді ол.

Оппозициялық ұйымдардың Алматыдағы жиынын ұйымдастыру комитетінің
Оппозиционер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 22 қаңтар 2013 жыл.
Оппозиционер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 22 қаңтар 2013 жыл.
мүшесі Жасарал Қуанышәлин Қазақстанның барлық аймағынан белсенділер шақырылғанын, 500-дей адам қатысуы тиіс жиында халықтың әлеуметтік мәселелері, әйелдердің зейнетақы проблемасы, тарифтердің қымбаттығы, саяси қуғын-сүргін мәселелері көтерілетінін айтты.

- Бірақ қазір билік барынша кедергі жасап жатыр. Қазақстанның қаржы полициясы саяси репрессияның ең негізгі механизмінің біріне айналды. Өздерінің негізгі міндеттерін атқарғанның орнына, жұмыстарына қатысы жоқ іспен айналысып отыр, - деді ол.

"ТӨЛҚҰЖАТ ТӘРКІЛЕУ"

Атыраудағы белсенділердің жартысы қаржы полициясының кедергісінен сытылып кетсе, өздерінің айтуынша, 7 адам тергеуге шақырылып, шыға алмай қалған. Сот шешімімен жабылған тіркелмеген «Алға» партиясының Атырау облыстық бөлімшесінің баспасөз хатшысы болған Минал Кенжеков:

- Шілденің 3-і күні мен Әблязовтың ісіне куәгер ретінде тергейміз деп қаржы
Минал Кенжеков (ортада) бастаған белсенділер президентке хат жолдап тұр. Атырау, 16 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Минал Кенжеков (ортада) бастаған белсенділер президентке хат жолдап тұр. Атырау, 16 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
полициясы шақырды. Барғанымда Алматыдағы жиынға бармау туралы айтты. Қолхат алғысы келді. «Алматыға бәрібір барамын, Қазақстан азаматымын, қыздарым тұрады» дедім.

«Әблязовты білесің бе?», «Одан ақша алдың ба?» деген сұрақтар қойды. Билетімді, төлқұжатымды алып қойды. Төлқұжатыңды шілденің 9-ы күні аласың деді. Билетім 9-ына болатын. Сонымен пойыздап қалдым, мен сияқты төлқұжаты тәркіленіп, тергеуге шақырылған 7 адамды білемін, - деді.

Атыраудан төлқұжаты тәркіленген адамның бірі – тіркелмеген «Алға»
Құбайдолла Шолақов арыз жазуға қалалық прокуратураға келді. Атырау, 9 шілде 2013 жыл.
Құбайдолла Шолақов арыз жазуға қалалық прокуратураға келді. Атырау, 9 шілде 2013 жыл.
партиясының мүшесі болған Құбайдолла Шолақов.

Оның сөзінше, жеке куәлігін шілденің 8-і күні Атырау қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлері тартып алған. Ол Алматыға шілденің 9-ы күні, 11.00-де пойызбен шығуы тиіс болған.

Полиция майоры Бауыржан Төлеушов жеке куәлігін алған себебі - Шолақовтың үсінен Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы селосында тұратын Самат есімді азаматтан арыз түскенін айтқан.

«БІРДЕН ӘУЕЖАЙҒА ТАРТТЫМ»

Бірақ Атыраудан Алматыға "полиция кедергісінен сытылып кеткен" белсенділер де бар. Олардың бірі – «Заман» қоғамдық ұйымының төрайымы, құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

- Шілденің 3-і күні Әблязов ісіндегі куәгер ретінде тергейміз деп қаржы полициясы шақырды. «Шілденің 12-сі күні болатын оппозиция жиынын Әблязов
Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева. Жаңаөзен, 16 қараша 2012 жыл.
Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева. Жаңаөзен, 16 қараша 2012 жыл.
қаржыландырып отырғанын білесің бе?» деп, жиынға баратын-бармайтынымды сұрады. «Егер қатыссаңыз, Әблязовтың ақша ұрлауына көмектескен болып шығасыз» деп ескертті. 4 шілде күні тағы хабарласып, «қаржы полициясына келіңіз» деді. Мен биліктің кетіп бара жатқан адамды қалай ұстап қалатынын білемін. Бірден әуежайға тарттым. Макс Боқаев пен Тұрарбек Құсайынов та ұшаққа үлгерді. Шілденің 8-і хабарласқандарында «Кешіріңіздер, мен Алматыдамын» дедім, - дейді ол.

Азаттық тілшісі хабарласқан белсенділердің барлығы да өздеріне «Әблязовты білесіз бе?» «Жиын соның ақшасына ұйымдастырылып жатқанынан хабардарсыз ба?» деген сияқты сұрақтар қойылғанын айтты.

Қаржы полициясының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда өзін Айгүл Мадимарова деп таныстырған қызметкер оппозициялық белсенділер айтқан мәселелерге қатысты бірден жауап беруге дайын болмай шықты. Жазбаша түрде сауал жолдауды өтініп, оған тек бірнеше күн ішінде жауап берілетінін айтты.

2009 жылы қуғынға ұшырап, шетелге қашқан оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі тіркелмеген күйі 2012 жылы сот үкімімен экстремистік ұйым деп танылған «Алға» оппозициялық партиясын және ондаған медиа компанияларды қаржыландырушы деп санайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынауға көшкен Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған Қазақстан билігінің әрекетін саяси астары бар қысым деп сипаттайды. Ал шілдеде Алматыда оппозициялық күштер жиынын өткізуді жоспарлаған Жасарал Қуанышәлин бұл іс-шараға қатысқысы келген белсенділердің "Әблязов ісіне" еш қатысы жоқ екенін, қаржы полициясы осындай желеумен кездесулерін өткізуге кедергі жасап жатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG