Accessibility links

"Азаттық" жүлдесі ауызша тапсырылды


"Азаттық" сыйлығының ұйымдастырушылары Сағат Жүсіп пен Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
"Азаттық" сыйлығының ұйымдастырушылары Сағат Жүсіп пен Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл

Жеті жүлдегердің де аты аталғанымен, оларға сыйлық тапсыру шарасын билік өткіздірмей тастады. Оппозициялық ұйымның жүлдесі Жаңаөзен оқиғасы кезінде көз жұмғандарға да аталды.

Мамырдың 31-і күні Алматыда оппозициялық "Азаттық" жүлдесі тапсырылуы тиіс еді. Бірақ салтанатты іс-шараның орнына қала орталығындағы көшелердің бірінде лауреаттардың аттарын жариялау рәсімі ғана өтті.

"Азат" оппозициялық партиясының жетекшісі Болат Әбілев "Азаттық" сыйлығын бейнелейтін мүсіндер мен дипломдардың жоқтығын, олардың "Балға" ұйымының кеңсесін тінту кезінде тәркіленгенін айтты.

ЛАУРЕАТТАР

Болат Әбілев 2012 жылғы "Азаттық" сыйлығының жүлдегерлерін жариялады. Төменде тізімі келтірілген жеті адамның ішінде қаза тапқан азаматтар да бар:

1. Елена Костюченко, ресейлік «Новая газета» басылымының тілшісі,
2. Қанат Ибрагимов, суретші, азаматтық белсенді,
3. Роза Төлетаева, Жаңаөзен мұнайшыларын жақтаған қоғамдық белсенді,
4. Атаберген Дүйсекенов, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшқан жаңаөзендік,
5. Александр Боженко, жұмбақ жағдайда қаза тапқан, "Жаңаөзен ісі" бойынша негізгі куәгерлердің бірі,
6. Вадим Курамшин, сотталғандардың құқығын қорғаушы қоғамдық белсенді (қазір өзі де қамауда отыр),
7. Төребек Төлегенов, 2011 жылы Шетпе станциясында болған толқу кезінде оққа ұшқан азамат.

Ольга Колтунова, Вадим Курамшиннің анасы. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
Ольга Колтунова, Вадим Курамшиннің анасы. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
Төребек Төлегеновке аталған «Азаттық» сыйлығын алуға оның әкесі Жәнібек Төлегенов Маңғыстау облысынан арнайы келіпті. Түрмедегі Вадим Курамшиннің сыйлығын алуға Петропавлдан анасы Ольга Колтунова келген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Азаттық» сыйлығын тапсыру шарасын Алматыдағы бір мейрамханада өткізу жоспарланған екен. Алайда мейрамхана соңғы сәтте "су жоқ" деген сылтау айтып, бас тартқан.

ЕЛЕНА КОСТЮЧЕНКО ЖӘНЕ ҚОРШАУДЫ БҰЗУ

Мамырдың 31-і күні таңертең оппозиция белсенділері Алматыдан бірнеше шақырым жердегі саяси-қуғын сүргін құрбандары мемориалына бармақшы болған. Сағат 10-дарға қарай белсенділер Шевченко мен Мұратбаев көшелерінің қиылысына жиналды. Алайда автобустар келмей қалды.

«Балға» оппозициялық ұйымының қызметкері Нұрлан Жолдасов автобус жүргізушілерін полицияның қорқытқанын айтты. Оған келе алмайтындарын жүргізушілердің өздері хабарлаған. «Азаттық» сайлығының лауреаттарын белсенділер сол жерде, көшеде жариялады.

Ресейлік «Новая газета» басылымының журналисі Елена Костюченко Алматыға сыйлықты алуға арнайы келген.

Елена Костюченко, "Новая газетаның" тілшісі. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
Елена Костюченко, "Новая газетаның" тілшісі. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласынан сыртқа ешқандай ақпарат шықпай қалған еді. Жаңаөзеннен алғаш хабар таратқан ресейлік журналист Костюченко осы ақпараттық қоршауды бұзған. Ол қазақ билігінің оппозицияның дәстүрлі шарасына кедергі келтіргеніне таңғалды.

Костюченконың айтуынша, қазақ билігі «Жаңаөзен» атауын ауыстырса, Жаңаөзен қасіреті ұмытылады, сол сияқты «Азаттық» сыйлығының белгісі мен дипломын тартып алса, оның лауреаттары да болмайды дегенге сенеді, яғни билік мифологиялық тұрғыда ойлайды.

Ресейлік журналист «Жаңаөзен оқиғасы туралы жазған мақалаларының әр сөйлемінің растығына сенімді екенін» айтты. Ол өзінің мақаласында Жаңаөзен оқиғасында құрбан болғандардың саны Қазақстан билігі көрсеткен ресми мәліметтен көп деп жазған еді.
Мақаламда жалғыз қателік кетті: уақытша қамау изоляторында Базарбай Кенжебаевты мен жазғандай бір күн емес, екі күн сабаған

Костюченконың мақалаларынан кейін қазақ билігі Жаңаөзен оқиғасы туралы мәлімдемелерін өзгертті. Олар бастапқыда жаппай тәртіпсіздікті «ішіп алған жастардың тобыры жасады», «оларға ақша төленді» деп мәлімдеген еді. Костюченконың репортаждарынан кейін билік полиция тарапынан жіберілген қателіктер туралы да айта бастады.

Оған қоса Елена Костюченко – Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаевтың уақытша қамау изоляторында күні бойы азап көрген соң қайтыс болғанын ең алғаш жариялаған адам. Оған дейінгі ресми ақпараттар «Кенжебаев өз ажалынан өлді» деп келген еді.

– Мақаламда жалғыз қателік кетті: уақытша қамау изоляторында Базарбай Кенжебаевты мен жазғандай бір күн емес, екі күн сабаған, – дейді Елена Костюченко.

Базарбай Кенжебаевтың өлімін алғаш жария еткен ақпарат құралдарының бірі Азаттық болды. Кейін билік Кенжебаевтың өліміне қамау изоляторы бастығының кінәсі бар деп, оны соттады. Марқұмның отбасына бір миллион теңге (жеті мыңдай доллар) өтемақы берілді.

ҰЛЫНЫҢ ОРНЫНА АНАСЫ КЕЛДІ

«Азаттық» сыйлығы жеңімпаздарының бірі суретші Қанат Ибрагимовтың айтуынша, билік жазалау амалдары арқылы қатардағы шараны жарнамалауға барын салды.

Шетпе станциясында қаза тапқан Төребек Төлегеновтің әкесі Жәнібек Төлегенов ұлының "халықпен бірге боламын" деп көз жұмғанын айтты.

Жәнібек Төлегенов, марқұм шетпелік Төребек Төлегеновтің әкесі. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
Жәнібек Төлегенов, марқұм шетпелік Төребек Төлегеновтің әкесі. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл
Сотталған азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова ұлының «тұтқындар қамын қоярда-қоймай қорғаймын деп сотталғанын» жылап тұрып айтты.

– Өйтпеуі мүмкін емес еді. Байқап жүр деп өзіне бірнеше рет айқанмын. Мінезі сол ғой, ылғи бұза-жара кіріседі, – дейді Ольга Колтунова.

Вадим Курамшин қатаң тәртіптегі түрмеге қамалған. Оның телефонмен сөйлесетін құқығы жоқ. Ольга Колтунова ұлымен 7 маусымда ғана кездесуден үміттеніп отыр. Ұлына «Азаттық» сыйлығын алғанын, оған қазақстандық және шетелдік қауымдастық қолдау білдіріп жатқанын сол кезде айта алармын дейді. Өткен аптада интернетте Еуропарламент депутаты Пола Мёрфидің Курамшинді қолдаған хаты жарияланған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG