Accessibility links

Оппозициялық БАҚ журналисі: «Тұйыққа тірелдім»


Оксана Макушина, "Голос Республики" газетінің бас редакторы кезінде. Алматы, 21 қараша 2012 жыл

Оксана Макушина, "Голос Республики" газетінің бас редакторы кезінде. Алматы, 21 қараша 2012 жыл

«Біртұтас БАҚ» ретінде жабылған журналистер жұмыссыз қаламыз деп қауіптенеді. Құқық қорғаушы «бұл әрекет БАҚ-ты емес, жекелеген саясаткерлерді тықсыру» деп ойлайды.

Ақпанның 20-сы күні Алматыда құқық қорғаушылар мен заңгерлер елдегі тәуелсіз басылымдардың болашағы бұлыңғыр деген сарындағы ойларын айтты. Олардың сөзінше, «БАҚ-ты жабу - биліктің ұстанымы, ал сот үкімдері – сол ұстанымды рәсімдеу.

2012 жылдың қараша айында Алматы қалалық прокуратурасы соттан сегіз оппозициялық ақпарат құралы мен 23 сайтты, оның ішінде «К-плюс» телеарнасын, «Взляд», «Голос республики» газеттерін, Stan.kz интернет-порталын және оларға тиесілі деп сипатталатын ондаған ресурстарды жабуды сұраған еді.

Бүгінге дейін барлық басылымдар «экстремистік» деп танылып, жабылды. Ақпанның 22-сі күні «Голос Республики» басылымына қатысты шыққан шешімге қатысты берілген апелляциялық шағым қаралады.

«ЦЕНЗУРА»

Оксана Макушина «Голос Республики» газетінде 2000 жылдан бері қызмет етеді. Ол кезде газет «Деловое обозрение Республика» деп аталған. Оксана егер басылым жабылса, қиын жағдайға тап болатындығын айтады.

- Жұмыссыз қалуым мүмкін. Оның үстіне жұмысымды өзгертіп, қызметімді қайта бастауға жасым да келіп қалды. Осы жасқа дейін қалыптасқан көзқарысым да бар. Сондықтан егер газет жабылып қалса, мен тұйыққа тірелемін, - деді ақпанның 20-сы күні Азаттық тілшісіне сұхбат берген Оксана.
"Голос республики" газетінің журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл

"Голос республики" газетінің журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл


Тұйыққа жалғыз Оксана емес, оның осы газетте істейтін 40-қа жуық әріптестері де тіреліп отыр. Сот «экстремистік» деп танып, жабылған газеттің бар үміті алдағы қаралатын апелляциялық шағымда. Оксананың айтуынша, ол үміт те өшудың алдында тұр. Бұл пікірді «Голос республикидің» ұжымы өз мәлімдемесінде көрсеткен.

«Жұма күні Алматы қалалық соты біздің аппеляциялық шағымымызды қарайды. Біз оның қорытындысына еш күмән келтірмейміз, бірінші инстанция үкімі өзгеріссіз қалуы әбден мүмкін. Сондықтан біз, «Голос Республики» газетінің журналистері, Қазақстанда прокурорлар мен судьялардың қолымен цензура енгізіліп жатқанын мәлімдейміз. Ал біздің журналистік ұжымымызға қазірдің өзінде кәсіби парызымызды орындап, журналист болып жұмыс істеуімізге тыйым салынып отыр» деп жазылған ақпанның 20-сы күні таратылған мәлімдемеде.

«САЯСИ ТАПСЫРЫС»

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис «тәуелсіз басылымдарды жауып, журналистерін қудалау – саяси тапсырыс» деп санайды.

- Бұл – саяси тапсырыстың заңды «безендірілуі». Жекелеген судья, не болмаса прокуратураның әрекеті емес, саяси деңгейдегі қабылданған шешімнің орындалуы. Әрине оны толығымен заңға сәйкестендіріп орындау мүмкін емес, сондықтан, арасында кедергі келтірген заң болса, оны байқамаған болады. Бұл саяси тапсырма тек ақпарат құралдарына қатысты емес, жекелеген адамдар, партия мен оппозицияға қарсы да қолданылады, - дейді құқыққорғаушы.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл


Жовтистің ойынша, «Республиканың» төңірегінде болып жатқан оқиға – журналистер тарататын идеяға емес, жеке адамдарға қарсы күрес.

- «Рипаблик», «Азат» немесе өзге газет жарыққа шыққан күннің өзінде оны жабуға тырысады. Өйткені жекелеген азаматтарды қоғамдық-саяси өмірден алшақтату көзделген. Бұл соңғы бірнеше жылда байқалып, ал Жаңаөзен оқиғасынан кейін ушыққан саяси тренд. Бұдан ары баратын жері - тәуелсіз БАҚ мүлдем жоқ Түркіменстан мен Өзбекстан, - дейді Евгений Жовтис.

2012 жылғы қарашаның 21-інде Алматы қалалық прокуратурасы соттан «К-плюс» телеарнасы, «Взгляд», «Голос республики» газеттері мен «Стан-ТВ» интернет-порталын және оларға тиесілі ондаған ресурстарды жабуды сұрағанын хабарлаған еді. 2013 жылдың желтоқсанында аталған ақпарат құралдарына қатысты сот процестері өтіп, олардың барлығын жабу туралы үкім шыққан болатын.

Прокуратура оппозициялық БАҚ-пен қатар тіркелмеген «Алға» партиясы мен «Халық майданы» ұйымы қызметіне тыйым салуды да сұраған. Прокуратура бұл талабын оппозиция өкілі Владимир Козлов, саясаткер Серік Сапарғали және мұнайшылар белсендісі Ақжанат Әминовке қатысты шыққан сот үкіміне негіздеген. 2012 жылғы қазан айында сотталған бұл үшеуіне «әлеуметтік араздықты қоздыру», «Қазақстан республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» баптары бойынша айыптар тағылған еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG